Алдымен мәдени байланыстар жөнінде айтайық. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация он шақты күн бұрын Түркия еліне іссапар барысында «TURSAB» туристік ассоциациясының президенті Фируз Баглыкаямен кездесті. Кездесуде тараптар туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады. Зұлпыхар Жолдасов Түркістан облысының туристік әлеуетімен таныстырып, түркиялықтарды Түркістанға саяхаттауға ынталандыру үшін істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Түркістаннан тікелей әуе рейстері ашылды, қонақ үйлер салынуда. Өңірде зиярат туризмі ғана емес, туризмнің басқа бағыттары да қарқынды дамып келеді. Енді түркиялықтардың Түркістанға саяхаттауға деген қызығушылығын арттыруымыз керек, – деді облыстық делегация жетекшісі.
Туристік ассоциация президенті Фируз Баглыкая Түркістанға деген түркиялықтар арасында қызығушылық жоғары екенін айтып, түркиялық туристік компаниялардың бұл бағытта жұмысты жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар өңір делегациясы «TURSAB» ұйымына мүше туристік компаниялармен кездесті. Кездесуде «BInrota turizm», «Fly Express turizm», «Seyir Travel», «Dunya Degismeden», «Everest Travel», «Ejder turizm» және басқа да компаниялардың басшыларына Түркістанның туристік әлеуеті таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Зұлпыхар Жолдасов Түркістан облысында туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, жаңа туристік нысандарға тоқталды.
Ыстанбұл қаласына ұйымдастырылған сапардың мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық-мәдени байланыстарға жаңа серпін беру. Оның ішінде, қолайлы жағдай жасау арқылы түркиялық туристерді Түркістанға тартуға ерекше ден қойылып отыр. Келіссөз нәтижесінде, түркиялық туристік компаниялардан құралған делегация жақында Түркістанда өтетін туристік операторлар форумына келмек.
Айта кетейік, «TURSAB» туристік ассоциациясы – Түркиядағы туристік компанияларды біріктіретін ең үлкен ұйым. Оған 16 мыңға жуық туристік компания мүше.
Бұдан бөлек жұмыс сапары барысында Ыстанбұл қаласындағы «Аlbayrak Media Group» холдингінің кеңсесінде болып, холдинг басшылығымен өзара тиімді ынтымақтастық орнату туралы уағдаласты. Кездесу барысында Зұлпыхар Жолдасов екі ел ынтымақтастығының мүмкіндіктеріне тоқталды.
Сонымен қатар «Turkistan Media Holding» мекемесінің бас директоры Жанахмет Ағыбаев екі холдингтің бірлескен жобаларын жүзеге асыру бойынша ұсыныстарын айтты. «Бірінші кезекте өзара контент алмасуды жолға қойып, көрермендерге екі елді кеңінен танытатын деректі фильмдерді бірлесе түсіруді ұсынамын. Сіздер тарапынан қызығушылық болса, бірлескен реалити-шоу және телесериал түсіруге де дайынбыз», — деді Жанахмет Ағыбаев.
«Аlbayrak Media» холдингінің ақпараттық директоры Өмер Қабылан бұл ұсыныстарды қуана қабыл алып, жақын арада Түркістанға сапарлап келуге шешім қабылдап отырғанын айтты. Сол кезде ресми келісімге қол қойып, екі медиа холдинг арасындағы бірлескен жобаларды тез арада бастауға дайын екенін жеткізді.
«Аlbayrak Media» – Түркиядағы ең жас әрі беделді бұқаралық ақпарат құралы. Холдингтің көпке танымал негізгі интернет ресурстарынан бөлек «ТV NET», «GZT» телеарналары да бар.
Мұз ерітуге арналған түйіршік шығаратын кәсіпорын ашылады
Енді іскерлік, экономикалық қарым-қатынастар хақында сөз қозғасақ. Осы айдың ортасында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров түркиялық «KAR-TEM» компаниясының директоры Исмаил Сонмезбен кездесті. Кездесу барысында тараптар облыс аумағындағы Өндірістік паркте мұзды ерітетін тұз түйіршіктерін өндіретін жаңа кәсіпорын ашу жобасын талқылады.
«KAR-TEM» компаниясы жоғары деңгейдегі гибридті кристалға негізделген түйіршіктерді өндіреді. Бұл түйіршіктер кальций және магний хлоридімен байытылған және өте төмен температурада, яғни -30°C-тан -40°C-қа дейін мұзды тез еріту қасиетіне ие. Экологиялық таза және экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылатын бұл өнімдер қыста жолдарды, алаңдарды, аяқжолдарды және басқа да инфрақұрылымдарды қауіпсіз әрі жылдам тазартуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 5 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа кәсіпорынды 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
9 меморандумға қол қойылды
Түркістан өңіріне инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар толастаған емес. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, айдың басында Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен, «Turkistan Invest» ЖШС ұйымдастыруымен Түркістан қаласы, Ордабасы және Сайрам аудандарынан бір топ кәсіпкерден құралған Түркістан облысының делегациясы Түркия мемлекетіне іссапармен барды.
Іссапардың негізгі мақсаты – облысқа инвестиция тарту, екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу.
Іссапар Ыстамбул қаласындағы кәсіпорындарды аралаудан басталды. Онда ғимараттар мен жолдарға арналған бояуларды өндіретін кәсіпорынмен жұмыс жүргізу мақсатында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы меморандумға қол қойды.
Алғашқы күндері Түркия мемлекетіндегі Ыстамбул, Коджаели қаласының бизнес өкілдерімен арнайы кәсіпорындарда іскерлік кездесулер өтті.
Делегация Коджаели қаласында ораласқан кондитер, желатин өнімдерін шығаратын кәсіпорнын және трансформатор құрылғыларын өндіретін фабрикалаларды аралап көрді. Аталған компаниялармен бірлесіп жұмыс істеу мақсатында Ордабасы ауданының әкімімен меморандумға қол қойылды.
Мекеме басшылары алдағы уақытта Түркістан қаласына іссапармен келуге ниетті екенін айтты.
Одан бөлек, «Түркі мемлекеттер Одағы» бас хатшысының орынбасары Мерей Мукажанның қабылдауында болды.
Бүгінде әлемдік деңгейдегі өндіріс орындарын аралап, 2 үлкен тұрмыстық-санитарлық өнімдерді шығаратын зауытпен және кілем фабрикасымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар келесі жылдың наурыз айына Қазақ-Түрік инвестициялық бизнес форумын ұйымдастыру жоспары талқыланды.
Делегация Гебзе қаласында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруда алдыңғы орындағы зауыттардың жұмысымен танысып, қоймаларында болды. Олардың қатарында жұмысын толық жасанды интеллект арқылы жүйелендірген зауыт жүйесін көрді. Түркияның ең көп қолданыстағы танымал платформасымен танысты.
Кездесулердің нәтижесінде нақты келісімдерге қол жеткізілген жобалар келер жылдан бастап іске асырыла бастайды. Ал бұл сапар Түркістан мен Түркия арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің дамуына серпін беретін бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруға негіз болмақ.
Жалпы, Түркістан облысының делегациясы Түркия Республикасына іссапар аясында Түркияның 5 қаласында болып, 15 зауыт, фабрикалардың жұмысымен танысты. Нәтижесінде, Түркістан өңіріне инвестиция салу, бірлесіп жұмыстар атқару бойынша 9 компаниямен меморандумдарға қол қойылды.
Меморандум аясында Түркияның үздік бояулар өндіретін кәсіпорны, трансформатор құрылғыларын өндіретін фабрика, қонақ үйге арналған химиялық жабдықтар мен косметика заттарын өндіретін компания, құрылыс және металл өнімдерін шығарумен айналысатын, кілем шығаратын ірі компаниялар Түркістан облысымен бірлесе жұмыс істейтін болады.
Түркияға жасалған іссапарлар нәтижесінде 27 түркиялық инвестормен іске асырылып жатқан, іске асырылуы жоспарланған және перспективалық жобалар тізімі жасақталды.
Бүгінгі таңда әрбір жоба жетекшілерімен жеке байланыс орнатылып, келесі жылдың наурыз айында бірлескен халықаралық инвестициялық форум және көрме өткізу жоспарланып отыр.
Осы іссапарлар оң нәтиже беріп, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
– Қазақстан, әсіресе, Түркістан облысы үшін Түркия Республикасының орны айрықша. Біз – бауырлас елдерміз. Түрік бауырлар үшін де Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауидің маңызды екенін білеміз. Біз Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер тұрақты жүруде, жобалар жүзеге асуда. Түркиямен де іскерлік байланысты нығайтып, сіздердің өндірістік мүмкіндіктеріңізді, тәжірибелеріңізді қолданғымыз келеді. Инвестициялық бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркістанның өз өнімдерін, өз брендтерін қалыптастыруға күш саламыз, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жобаны жүзеге асыратын орынды әзірлеп, инфрақұрылымын реттеуді тапсырды.
«Milat Hali» – халықаралық деңгейде танымал ірі компания. Кілем өндірісінде экспорттық әлеуеті жоғары. Компанияның басқарма төрағасы Искендер Каплан Түркістанда жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
– Тарихи Түркістанға келгеніме қуаныштымын. Бұл шаһар мені тартып тұрады. Түркістанның Түркі әлемінде орны ерекше. Біздің компания кілем және кілем бұйымдары өндірісінде халықаралық деңгейде мойындалған. Әлемнің көптеген еліне тауар экспорттаймыз. Түркістанда да заманауи кілем фабрикасын ашуға дайынбыз. Жұмысты тез бастап кетуге ниеттіміз, – деді ол.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің делегациясы Түркия елінде болып, инвесторлармен келіссөздер, меморандумдар жасаған болатын. Келіссөздер жемісін беруде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.
Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «EsVilla Prefabik Hafif Çelik Yapı Sistemleri Ltd. Şti.» компаниясының бас директоры Ибрагим Тюйлюді қабылдады. Кездесуде Түркістанда жаңа зауыт салу мәселесі талқыланды.
– Түркі әлемі үшін қасиетті Түркістанның орны айрықша. Түркістан – Тұран даласындағы ең көне қалалардың бірі. Мұнда Ахмет Ясауи бабамыз өмір сүрген. Бұл шаһар Қазақ хандығының астанасы болған. Қазақтың хандары мен билері, батырлары осында мәңгі қоныс тепкен. Алты жыл бұрын Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Мұнда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған. Түркия елінен келетін инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Ибрагим Тюйлю Түркістан облысы әкімдігінің делегациясымен Түркияда кездескенін, жобаларды талқылағанын атап өтті.
– Сіздің өңірдің делегациясымен Түркиядағы кездесуде Түркістанның инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат алдық. Соны көзбен көру үшін арнайы келіп отырмын. «Өндірістік паркті» аралап, ғимараттарды көрдім. Жеделсаты өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Жобаны жылдам жүзеге асырып, жұмыс істеуге ниеттімін. Бұл кәсіпорында қазақ жастары жұмыс істейді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еттім. Сізді де Түркия еліне маңызды жобаларды бірге талқылауға шақырамын. Іскерлік байланыс нығайып, бауырлас елде инвестициялық жобалар көбейе берсін, – деді түркиялық инвестор.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта, «Өндірістік парк» аумағында инвесторлар тартып, кәсіпорындар ашу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері Түркістан облысына 888,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.