Түркістан облысы мен қырғызстандық кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасты

Қазақстанда Орталық Азия жеміс-жидек дақылдарының бірыңғай нарығын құру көзделуде. Қырғызстан Республикасының «Жидек өсірушілер қауымдастығы» ҚБ төрағасы, ауыл шаруашылығының экс-министрі Тілек Тоқтоғазиев Түркістанға іссапармен келді.

Қазақстан Республикасында жеміс-жидек шаруашылығын дамыту бойынша қауымдастық өкілі мен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.

Негізгі мақсат — Орталық Азияда жеміс-жидек дақылдарының бірыңғай нарығын құру, жидек өсірушілердің өнімдерін сатуға жәрдемдесу, тұқым шаруашылығын дамыту және жаңа технологияларды енгізу. Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев бауырлас елдің шаруаларымен ынтымақтастық шеңберінде бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екендігін жеткізді.

Қырғызстандық кәсіпкерлер Сарыағаш ауданындағы шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Аширафи Шимбергенов заманауи үлгіде жылу жүйесін қажет етпейтін жылыжай салып, құлпынай өсіріп жатқан кәсіпкер. Оның айтуынша, құлпынай 24 гектар аумақта егіледі. Сондай-ақ, «Агротур» шаруа қожалығы заманауи технологиямен раушан гүлін өсіруді қолға алған. Жылыжайдың көлемі — 1 гектар. Сапар барысында Тілек Тоқтоғазиев Түркістан облысының кәсіпкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, тәжірибе алмасу мақсатында Қырғызстанға шақырды.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде Біртілек ауылдық округіндегі Аққорған елді мекенінің тұрғыны, көпбалалы ана Дилфуза Абдраимова атаулы әлеуметтік көмек алудан бас тартып, аймақ басшысынан 2 гектар суармалы жер сұраған болатын. Бүгінде көпбалалы анаға Келес ауданы аумағынан 2 гектар суармалы жер беріліп, егін егіп, алғашқы өнімін алуда.

– Облыс әкімінің кездесуінен кейін жергілікті әкімдік өкілдері сұранған жерімді рәсімдеуде қажетті сүйемелдеулерді көрсетті. Нәтижесінде 2 гектар суармалы жерге конкурс негізінде қол жеткізіп, бала-шағаммен бірге диқаншылықпен айналысуды бастап кеттік. 1,5 гектарға қарбыз ектік. Қазіргі таңда 40 сотоктан 1000 штук қарбыз алып, саудаладық. Қалғанын алдағы уақытта сатылымға шығарамыз. Ал, қалған жарты гектар аумаққа картоп және пияз өнімдерін ектік, — дейді 11 баланың анасы.

Айта кетейік, Түркістан облысы тұрғындарына бүгінде түрлі бағытта қолдау көрсетіліп келеді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы түсіндіріліп, кәсіп бастағандар қатары көбеюде. Ал біразы жер алып, диқаншылықпен айналысуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin