Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы іскерлік байланыс нығайып келеді

Өңіраралық әріптестікті дамыту аясында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұловпен бірге Түркістан облысының делегациясы, сондай-ақ қазақстандық іскер топтары Жызақ облысына жұмыс сапарымен барды.

Делегация құрамында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов, Туризм және ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы, «Түркістан» ӘКК өкілдері, өңірдің кәсіпкерлері, сондай-ақ Өзбекстандағы «Astana Motors» және «Freedom broker» компанияларының өкілдері болды.

Жызақ облысының жаңадан тағайындалған әкімі Улугбек Мустафоевпен кездесуде шекара маңындағы сауданы, транзиттік-көліктік әлеуетті және туристік ынтымақтастықты қоса алғанда өзара аспектілерді талқылады.

Елші көршілес екі ел арасындағы сауда номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік беретін және елдер арасындағы ортақ сауданы дамытуға ықпал ететін өңірлердің әлеуетін, облыстарда өндірілетін тауарлар тізбесін зерделеу қажеттігін атап өтіп, іскер топтар арасында тікелей байланыс орнату – экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуда маңызды қадам екеніне, сондай-ақ туристік маршруттарды әзірлеудің және шекара маңындағы аудандардың азаматтары үшін автобус рейстерін іске қосудың маңыздылығына тоқталды.

Жызақ облысының әкімі сауда, туризм (оның ішәнде медициналық), білім беру және басқа да преспективалы бағыттар саласындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын айтып, өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды жан-жақты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Түркістан облысының туризм басқармасы мен Жызақ облысының «Заамин» демалыс аймағы дирекциясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Аталмыш құжат туристік әлеуетті дамытуға және өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталып отыр.

Бұл 2024 жылдың қазан айында Самарқанд қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстанның IV өңіраралық форумы аясында басталған жұмыстардың жалғасы десек те болады.

Естеріңізде болса, сол кездегі келелі жиында Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылаған болатын. Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов Самарқанд қаласында өткен «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумына қатысып, онда қос ел Президенттері қол жеткізген екіжақты тауар айналымын арттыру бойынша уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралған. Өнеркәсіптік кооперация, су, энергетика, транзит және көлік, газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда серіктесі саналады. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 2,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Олжас Бектенов сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және өзара инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды кеңейту қажеттігін атап өтті.

«Қазақстан мен Өзбекстанның барлық бағытта бірлескен жұмысының келешегі зор. Бұған, ең алдымен, мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёев арасындағы сенімді саяси диалог ықпал етіп отыр. Астанада өткен бизнес-форум аясында қол қойылған 7 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестициялық келісімдер мен коммерциялық келісімшарттар айтарлықтай үлес қосады. Бүгінгі кездесу жаңа ірі жобаларды жүзеге асырудың бастауы болып, бүкіл Орталық Азия аймағының тұрақты экономикалық дамуына зор үлес қосатытына сенімдімін», — деді Олжас Бектенов.

Мұнай-химия, металлургия, автомобиль, индустриалдық, азық-түлік, химия және фармацевтика салаларында үлкен экспорттық әлеует бар. Қазақстан Өзбекстанға жалпы қосылған құны жоғары қазақстандық тауарлардың 40 түрі бойынша құны 550 миллион АҚШ долларынан асатын экспорттық жеткізілімдер көлемін арттыруға дайын. Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың басым бағыты өңіраралық ынтымақтастықты дамыту болып отырғанын атап өтті.

«Соңғы 7 жылда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы 2,5 есеге жуық өсіп, өткен жылы 4,4 миллиард АҚШ долларын жетті. Бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Шекаралас өңірлер бір-бірімен – Қарақалпақстан Республикасы Маңғыстау облысымен, Ташкент Түркістан облысымен, Науаи Қызылорда облысымен тікелей әрі тығыз байланыс орнатқан. Біздің басқа аймақтарымыз да байланыстарды дәйекті түрде нығайтып, сауда-саттық және өнеркәсіптік кооперацияны дамытып келеді. Бұл ретте әлі іске асырылмаған үлкен әлеует бар», — деп атап өтті Абдулла Арипов.

Форум барысында инвестиция көлемі 3,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын 74 бірлескен жобаны іске асыруды және 14,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше назар аударылды. Оның ішінде Қазақстан аумағында 65 кәсіпорын ашу жоспарлануда, бұл елімізде 13,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Бүгінде елімізде 9, Өзбекстанда тағы 3 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл жалпы 4,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қазақ-өзбек өнеркәсіптік кооперациясы ынтымақтастығына мысал ретінде Қостанайдағы «Chevrolet Onix» автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін, Сарандағы тұрмыстық техника шығаратын зауытты, Шымкент қаласындағы және Түркістан облысындағы тігін және жіп иіру-тоқу фабрикалары, Ангрендегі автоклавты газ-бетон өндірісі және басқа да өндіріс орындары жатады. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру екі ел үкіметтерінің бірлескен жұмысына жаңа серпін бермек. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер енгізіліп, кәсіпкерлер үшін салықтық, кедендік жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар қарастырылған.

Сонымен қатар көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды. Өзбекстан тауар айналымының 50%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтеді. Әртүрлі көлік түрімен 18 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы реттелген. Бұл байланыстарды одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық ынтымақтастық форумы, іскерлік форум шеңберінде құны 352 миллион АҚШ долларынан асатын 76 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырылуын жеделдету жөніндегі Тәжірибелік іс-шаралар жоспары бар. Құжат энергетика, тау-кен өнеркәсібі және геология салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан аймақтары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Айта кету керек, форум қазіргі сын-қатерлер мен ынтымақтастық келешегін белсенді талқылауға арналған алаңға айналды. Оның аясында министрліктердің, шекара маңындағы өңірлер әкімдіктерінің басшылары және екі елдің бизнес-топтарының 200-ге жуық өкілі өңіраралық ынтымақтастық, өзара сауда-саттықты дамыту және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелерін талқылады. «B2B» форматында металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, IT және туризм сияқты экономиканың келешегі бар бағыттарындағы өзара іс-қимылды тереңдету тетіктері қаралды.

Самарқанд қаласында өткен «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумына Түркістан облысының делегациясы да қатысып, маңызды келіссөздер жүргізді. Іскерлік форум шеңберінде құны 352 миллион АҚШ долларынан асатын 76 құжатқа қол қойылса, соның 68,2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі келісімдер Түркістан өңіріне тиесілі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды экономикалық және бауырластық байланыстардың маңызына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасатынын жеткізді.

– Өзбекстан біз үшін бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихымыз, тілдеріміз бен мәдениетіміз байланыстырады. Түркістан облысының Өзбекстан Республикасымен тауар айналымы 2023 жылы 421,9 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 253,2 миллион АҚШ доллары болса, импорт 168,7 миллион АҚШ долларына жеткен. Екі мемлекеттің басшыларының кездесуіндегі келісімге сәйкес, Түркістан өңірінде тоқыма кластерін құру, ірі қара малдың етін өңдеу, жібек кластерін құру бағытында жұмыс жүруде. Өңірде «Қазақстан-Өзбекстан» жібек кластерін құруды ұсынамыз. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын іске асыру бағытында біздің тарапымыздан инвестор анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сіздерді облысымыздың инвестициялық алаңдарында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз. Ауыл шаруашылығында теріні, көкөністерді, жемістер мен сүт өнімдерін өңдеу, мақта кластерін дамытуғ туризм саласында әріптестікті нығайтуды ұсынамыз. Бауырлас аймақтар арасында мәдени іс-шаралар өткізу де маңызды. Бұл шаралар екі елдің рухани-мәдени байланыстарын нығайтып, тәжірибе алмасуға оң әсер ететініне сенімдімін, – деді Дархан Сатыбалды.

Форумда Дархан Сатыбалды Ташкент және Самарқанд облыстарының басшыларымен түрлі салалар бойынша әріптестік орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Енді сауда-экономикалық, мәдени-ғылыми, гуманитарлық байланыстар бұдан сайын нығая түспек.

Сонымен бірге форум аясында екі мемлекеттің кәсіпкерлері мен осы салаға жауапты мекеме басшыларының кездесулері өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Сырдария, Бұхара, Наманган облыстары әкімдерінің орынбасарларымен әріптестік жөніндегі келісімдерге қол қойды.

Өзбекстан мен Қазақстан кәсіпкерлері түрлі форматта кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Түркістан облысының кәсіпкерлері балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, мақта шаруашылығы, туризм, таамышатып суару, білім салалары бойынша жалпы 68,2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі келісімдерге қол жеткізді.

Атап өту керек, Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы жүк тасымалы алдағы жылы 3 есе артады деген болжам бар. Екі ел шекарасындағы «Қапланбек» кеден бекеті келер жылы қайта ашылады. Нысан қазір күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды желтоқсан айының басында Сарыағаш ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттерінің жөндеу жұмыстарымен танысты.

Түркістан облысы аумағындағы «Қапланбек» өткізу бекеті негізінен тауар тасымалына арналған. Ондағы жөндеу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Құрылыс Өзбекстан тарапында да жүріп жатыр. Құрылысы аяқталған соң бұл жермен тауар тасымалы 3 есе артуы тиіс. Ал жаяу жүргіншілердің дені «Жібек жолы» бекетіне бағыт алады.

Одан бөлек «Атамекен» және «Қазығұрт» шекаралық өткелдеріндегі қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ал «Жібек-Жолы» бекетін реконструкциялау 2025 жылға жоспарланған.

Қазақ-өзбек шекарасындағы ірі өткізу бекеттерін жөндеу туралы шешім екі ел Президенттерінің тапсырмасымен қабылданды. Осыған сай арнайы жұмыс тобы құрылған. Реконструкциялау жобаларын қос тарап бірлесе атқарып жатыр. Негізінен жеке тұлғалар жүретін «Жібек-Жолы» пунктінен былтыр 9 миллиондай жолаушы өткен. Жөндеу жұмыстарынан кейін бұл бекеттердің өткізу қабілеті едәуір ұлғаяды.

Сарыағаш ауданындағы облыстық маңызы бар «А-15 автомобиль жолы – Қапланбек кеден бекетіне кірме жолын» қайта құрудан өткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аталған жол 2 жолақтан 4 жолаққа ауыстырылады. Жоспарға сәйкес, жол бойында жарықтандыру шамдары және замануи үлгідегі аялдамалар орнатылып, аяқжол салынбақ.

Бүгінгі таңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жобалаушы мекеме «Бақытжан Жоба» ЖШС тарапынан аталған жолды қайта құрудан өткізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарлануда.

Түркістан облысында жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес, жүйелі жүргізілуде. Биыл өңірдің автомобиль жолдарының сапасын арттыруға республикалық, облыстық бюджеттен және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысына сәйкес 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.

Қазан айында да Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен барып, аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге «Жібек жолы» кеден бекетін аралап, жауапты сала басшыларымен және Өзбекстан Республикасының өкілдерімен кездескен болатын.

Кездесу барысында екі мемлекеттің уәкілетті оргектарндары шекараға келген автобустардың кезексіз өтуі, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, өткізу пунктін ретке келтіру бағытындағы жұмыстарды талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстаннан кіру пунктінен тұрақты халықаралық бағыттар үшін автобус жолағын құру, құжаттық бақылауды автоматтандыру туралы ұсыныстар айтылып, тапсырмалар берілді.

Қазіргі уақытта көлік жолаушылары ортақ зал арқылы өтуде. Сондықтан «Жасыл дәліз» арқылы жолаушылардың көлікпен бірге шекара асуы қарастырылуда. Сонымен қатар екі ел шекарасынан өтетін жолаушылар ағымының көптігіне байланысты шекара қызметі офицерлерінің саны артпақ. Осы ретте, тасымалдаушылардың бірыңғай электрондық деректер базасы құрылады.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағымы және жүк көліктері қозғалысы үшін аса маңызды бекет тәулік бойы жұмыс істейді.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекеті — Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасында ғана емес, Орта Азиядағы ең ірі кеден бекеттерінің бірі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin