Түркістан облысы орталығындағы экологиялық акцияға білім саласының екі мыңға жуық қызметкері атсалысты

Бәріміз жақсы білетіндей, тазалық — адам денсаулығының кепілі. Бұл бізді қоршаған ортаға да қатысты. Қоршаған ортамыздың таза болуы, жасыл желегі жайқалып тұрғаны әрбір азамат үшін ыңғайлылық тудыратыны жасырын емес. Осындай мақсатта республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан экологиялық акцияларға түркістандықтар, оның ішінде білім саласының қызметкерлері белсенді қатысып келеді.

Бүгінгі өткізілген сенбіліктерге де саланың екі мыңға жуық қызметкері атсалысып, қаламыздың көркеюіне өзіндік үлестерін қосты. Акция аясында қаланы қоқыстан тазарту, ағаш отырғызумен қатар оларды күтіп баптау, әктеу жұмыстарын жүргізді. Өздері ғана атқарып қоймай, қала тұрғындарына да үндеу тастап, олардың да өз аумақтарын көркейтулеріне мұрындық болды. Өз кезегінде қала тұрғындары көшеге шығып, өздері тұратын көше аумақтарын абаттандыру жұмыстарын атқарды.

Біз табиғатымызды жиналған қалдықтардан бірге ғана тазарта аламыз, адамдардың қоршаған ортаны таза ұстауға деген көзқарасын өзгерте аламыз. Таза осы шақ — таза болашақтың кепілі екенін ұмытпайық!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру аясында айлық жоспар құрылып, жұмыстар белсенді жүріп жатқаны көпшілікке белгілі. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған акция шеңберінде бүгін Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» саябағында өткен «Жасыл аймақ» яғни ағаш отырғызу шарасына облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков және қаламыздың белсенділері қатысып, тұрғындармен бірге ағаштар отырғызды. Оның ішінде Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова бастаған ұстаздар мен оқушылар да саябаққа жайқалуына атсалысып, қаланың жасыл желекке айналуына өзіндік үлестерін қосты. Атап айтсақ, Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушылары, «Толағай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері мен бүлдіршіндері белсенділік танытты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin