Түркістан облысы: Қазығұрт ауданына биыл 36 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды

Қазығұрт ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 96,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға артық орындалған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығында — 58,4 миллиард теңгені, құрылыс саласында — 9,3 миллиард теңгені, өнеркәсіпте — 12,1 миллиард теңгені, сауда көлемі 16,6 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ, ауданға 2024 жылдың 10 айында 36,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл жайында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Қазығұрт ауданында 2024-2030 жылдар аралығында инвестициялық құны 55,1 миллиард теңге болатын 45 жоба іске асырылып, 1 364 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында құны 30,8 миллиард теңгеге 15 жоба іске асырылып, 390 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал, ауыл шаруашылығы саласында құны 18,9 миллиард теңге болатын 18 жобаны іске асыру көзделуде, нәтижесінде 784 адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде аудандағы Тұрбат ауылында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өнім көлемін арттыру үшін 60 гектар жер аумағына «Тұрбат» агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. Аталған аймақта 3,8 миллиард теңгеге жылыжайлар салынып, 416 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, ауданда биыл мал шаруашылығында 35,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, егін шаруашылығында 22,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген», — деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, ауданда 2025-2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 3,3 миллиард теңге болатын 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар іске асқан жағдайда аудандағы туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны екі есеге артпақ. Сонымен қатар, ауданда 2024-2030 жылдары тамақтану және сауда саласынды 2,1 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы 61 елді мекенің 59-ы ауыз сумен қамтылып, қамту көрсеткіші — 96,7%-ға жеткен. Сондай-ақ, 61 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған электр жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 98,4 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, 61 елді мекеннің 49-ы орталықтандырылған табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 80,3 пайыз көлемінде тұрақтап отыр.

Естеріңізде болса, қазанның 15-інде Қазығұрт ауданының әкімі Әзизхан Исмаилов ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндаған болатын.

Ауданды дамыту үшін ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге басым бағыт берілмек.

Облыс әкімі тарапынан даму жоспарын толықтыру туралы тапсырма беріліп, сала басшыларының ұсыныстары тыңдалды.

– Қазығұрт ауданында өнеркәсіпті арттырып, ауыл шаруашылығын дамыту маңызды. Жұмыстарды ширату керек. Біраз жобалардың жүзеге асу мерзімі созылып кетті. Табиғаты қолайлы аймақта қарқынды бауды дамытып, жүзім шаруашылығын қолға алу керек. Тұтас бір ауылды гүл егетін етіп дамытуға болады. Емдік туризм үшін қолайлы аймақ. Нақты нәтиже керек. Әр аудан өзін өзі қамтамасыз ететін деңгейге жету үшін әкім күнделікті ізденіп, тынбай еңбектену керек. Халықтың жағдайын жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға күш салу қажет. Шағын және орта бизнеске серпіліс қажет. Бюджет қаржысын игерумен шектелмей, шетелден ірі инвесторлар тарту керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімінің айтуынша, ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025-2030 жылдар аралығында құны 55,1 миллиард теңге болатын 45 жобаны іске асырып, 1 364 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, тамақтану және сауда салаларында жүзеге асырылатын болады.

Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін, 35 гектар жер аумағына «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылып, кәсіпкерлерге жағдай жасалуда. Алдағы жылдары 26,4 миллиард теңгеге 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Өнеркәсіп саласында құбыр, гидротурбина, керамикалық өнім, бұрғылау қондырғыларын жасап шығаратын, мал қалдықтарын өңдеу секілді жаңа жобаларды іске асыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында сүт фермалары, мал сою цехы және мал бордақылау алаңдары, балық шаруашылығы, жылыжай жобаларын жүзеге асыру, өнім сақтау қоймасын салу көзделген.

Ауданның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімі көлемін арттыру үшін Тұрбат ауылында 60 гектар жер аумағына «Тұрбат агроиндустриалды аймағы құру жоспарлануда. Аталған аймақта 3,8 миллиард теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin