
Сауран ауданының әкімі мен Қытайдың “Xinjiang Shihezi Tianshan Machinery Manufacturing Co., Ltd.” компаниясы өкілдерінің арасында маңызды кездесу өтті. Кездесуде ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін компания ауданда өз филиалын ашуға мүдделі екенін жеткізді.
«Xinjiang Shihezi Tianshan Machinery Manufacturing Co., Ltd.» — 1998 жылдың мамыр айында негізі қаланған жоғары технологиялық кәсіпорын. Компания ауыл шаруашылығы техникасын зерттеу, жасау, өндіру және сату саласында жетекші орындардың бірін иеленеді. Бүгінде компанияның өнімдері Қытайда ғана емес, халықаралық нарықта да жоғары сұранысқа ие.
Компания құрылған күннен бастап ауыл шаруашылығы саласына қажетті заманауи техникалардың кең спектрін шығарып келеді. Олардың қатарында:
- 4JZ-3600 — өздігінен жүретін бұрыш жинау комбайны;
- 4YZ-8BS — өздігінен жүретін жүгері жинау комбайны;
- 1LYF — гидравликалық аударғыш соқа;
- 1ZL — топырақ дайындауға арналған біріктірілген машина;
- 1ZFZ — арналар арқылы топырақ дайындайтын машина;
- 1BD — қуатты тырма;
- 1BZ — стерне тырмасы;
- 1SL — терең қопсытқыш;
- 1LSF — терең қопсыту құрылғысы;
- 1P — лазерлік топырақ тегістегіш және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары бар.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылап, компанияның өндірісін орналастыру үшін аудандағы өндірістік аймақтар көрсетілді. Сондай-ақ, кәсіпорынға қажетті инфрақұрылым мен жер телімдері бойынша түсініктеме берілді.
Сауран ауданы үшін бұл жобаның маңызы зор. Аталған компанияның филиалы ашылған жағдайда, өңірдің ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, заманауи техникалардың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосады. Келіссөздер сәтті аяқталып, тараптар алдағы уақытта серіктестік орнату бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Орайы келгенде айта өтейік, бүгін сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қытайлық инвесторлармен кездесіп, бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Облыс орталығында салынатын бес жұлдызды қонақүй кешені мен аквапарк құрылысы басталу үстінде. Аталған жобалар Түркістан қаласы үшін маңызды. Туризмі өркендеп жыл сайын келушілер саны артып жатқан шаһарға аталған жоба тың серпіліс бермек.
Түркістан облысы – ҚХР-мен тиімді және тұрақты ынтымақтастықты дамыту бойынша маңызды жетістіктерге қол жеткізген өңір. Бүгінде екіжақты қатынастар экономика, сауда, білім беру, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларында жүйелі түрде өркендеп, қытайлық инвестициялар мен бірлескен жобалардың жүзеге асуы өңірлер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда оң нәтижелер көрсетуде.
Атап айтқанда, Вэйнань қаласының инвесторлары Түркістанға инвестиция салуға қызығушылық танытуда. Осыған орай Қытайда «Вэйнань қаласының Қазақстандағы Инвестициялық Сауда Ассоциациясы» құрылды. Кездесуде пилоттық жоба ретінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі шетелдік инвесторлармен жаңа жобаларды талқылап, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы» Cаммиті аясында өткен Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесінде қытайлық бизнесмендермен жалпы құны 1 млрд. 615 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Атап айтқанда, Түркістан қаласында бес жұлдызды 18 қабатты қонақүй мен вилла кешені, аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынады. Қуат көзі тапшы Түркістан облысы үшін маңызды баламалы энергия көздерін өндіру бойынша бірқатар ірі жобалар қолға алынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.