Көп жылдан бері ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі болып келген Созақ ауданындағы «Жылыбұлақ» каналының мәселесі шешімін тапты. Биыл жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлінді. Жоба құны 470 миллион теңгені құрайды. Бұл канал пайдалануға берілген соң 650 гектар суармалы жер мен Құмкент, Қызылқанат елді мекендері тұрғындарының 133 гектар егістік жерлері ағын сумен толық қамтамасыз етілетін болады.
Биыл 6 айда Созақ ауданындағы өнеркәсіп көлемінің көрсеткіші 265 миллиард теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 40 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 19 миллиард теңгеге артты.
2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Облыс және аудан әкімдігі өнеркәсіп саласын дамытуға күш салып жатқанын айта өткен жөн. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық беріп жатыр. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде.
Ауданның бірқатар маңызды мәселелері кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асып жатқаны тағы бар. Айталық, осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Созақ ауданының облыстағы үлесі 60 пайызды құрайды. Биыл 6 айда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 283 миллиард теңгені құрады. Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған аудан болғандықтан, облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Жергілікті бюджет кірісі жыл басынан бері 7,5 миллиард теңгеге жеткен. 14 мың гектар жерге егін егіліп, өсімдік шаруашылығының өнімі 4,7 миллиард теңгені құрады.
Сөздің орайы келгенде айта кеткен жөн, экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда Түркістан облысында 2 есе өсіп, 3,5 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге артып, 867 миллиард теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 миллиард теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды.
Иә, Түркістан облысының жеке құрылуына байланысты негізгі өндіріс орындары Шымкент қаланың аумағында қалды. Қазіргі таңда облыс өнеркәсібінің негізгі үлесін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайды. «Қазатомөндіріс» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда.
Жобаның инвестициялық құны 100 миллиард теңгені құрайды, 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірдің республикалық бюджеттің трансферттеріне тәуелділігі жоғары. Өзіндік кірістерді көбейтуіміз қажет. Осыған орай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Өңір басшысының мәліметінше, осы жылдың 5 айында өнеркәсіп өнімі көлемінің өсімі сақталған (367 миллиард теңге, нақты көлем индексі (НКИ) — 105,9%). Өсім негізінен өңдеу, электр және сумен жабдықтау өнеркәсіптері өнімдерінің артуы есебінен орын алған. Өңдеу өнеркәсібінде 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр (жалпы құны — 23 миллиард теңге). Нәтижесінде, 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 триллион теңгеден асқан (2018 жылы — 544,3 миллиард теңге).
Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінде іске асырылуда. Төрт ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 76 жоба мақұлданды.
Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыс тұрғындарымен есептік кездесуі кезінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бірқатар сын айтылуына байланысты облыс басшысының тапсырмасымен бағдарламаның іске асыру барысына талдау жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Енді оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады.
Облыс әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұловтың баяндауынша, облыс әкімі аппаратынан жұмыс тобы құрылып, олар бағдарламаға қатысатын 64 ауылдық округті аралап шыққан. Несие алушылардың арасында 18 сұрақтан құралған анонимді сауалнама жүргізілген. Тұрғындармен сөйлесу кезінде жобаға қатысқан 340 тұрғынның басым бөлігі мал шаруашылығы бағытын таңдағаны анықталған. Несие алып, кәсіп ашуға бел буғандардың арасында «Ырыс» микроқаржы ұйымы тарапынан кепілге қойылатын мүліктің тәуелсіз бағалаушы мекемелер бекіткен бағадан төмен бағалауы да кері әсерін тигізуде.
Халыққа түсіндіру жұмыстары да төмен деңгейде жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындар қосымша шығындарға ұшырауда. Талдау қорытындысымен танысқан облыс әкімі жауаптыларға қатаң ескерту жасады. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру бойынша нақты шаралар қабылдауды, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
— Мен халықпен кездесуде осы «Ауыл аманаты» бойынша бағдарламаның жүзеге асу барысын білу үшін халықтың өзінен сұрап отырдым. Сонда несие алғандардан қандай қиындықтардың болғанын білдім. Жерлестеріміздің шағымы көп. Атап айтқанда, тұрғындар рәсімдеу кезінде құжаттардың созбалаңға салынуы, олардың тізімінің тым көптігі, қаржыландырудың төмендігі секілді кедергілерге кезігуде. Халықтың талабы орынды. Қолдан кедергі жасалынғандай. Халыққа түсірдіру керек. Ал, бізде аудан әкімдері өзімен өзі, бағдарламадан тыс қалып, қарап отыр. Ауыл әкімдерінің халықпен байланысы жоқ. Бағдарламаның жүзеге асуына кедергі болғандар анықталып, оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады, — деді облыс әкімі.
Бағдарламаның жүзеге асу барысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұр. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Шынын айту керек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Сөйтіп, былтыр Жамбыл облысында басталған қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Алғашқы болып жобаны Ақтөбе облысы іске асыра бастады.
Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партиясының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», — деген еді.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.
Жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көзделген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізді. «Amanat» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу үдерісінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.
«Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – «Amanat» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртараптандыруға көмектесеміз», — деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.
Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.
Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
«Ауыл аманаты» – оңтайлы бағдарлама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңілдікпен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бұл бастаманы қолдауға, тиімді пайдалануға, нәтижелі іске асыруға дайынбыз. Себебі жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері – елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көрсеткіші», — дейді жеке кәсіпкерлер.
Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша да жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырады. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылады, жаңа трансформаторлар орнатылады. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 миллион теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған — Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев абаттандыру, елді мекендерді таза ұстау мәселелеріне ерекше назар аударады. Аудан аумағын көркейтіп, қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту, жол бойындағы кәсіпкерлік нысандар мен үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары үнемі бақылауда болуы қажет. Бұл — жергілікті әкімдердің жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Тазалықты алдымен өзімізден бастасақ, шеттен келетін қонақтарға да дұрыс көзқарас қалыптастыратын боламыз. Былтыр демеушілер есебінен Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шыға беріс жолының бойында 3,2 гектар жер телімі қоршалып, 3,5 мың көшет отырғызылған болатын. Көгалдандыру аймағына тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, қосымша 1,6 гектар жер теліміне 2 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы, биыл аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 18 670 көшет отырғызылды.
Ауданда орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда 1,3 миллиард теңгеге бірқатар нысандар бой көтерді. Екі мешіт салып берді. 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырды. 15 нысанды абаттандырып берді. Созақтықтар аз қамтылған көп балалы отбасыларға 11 үй сыйлады. Солардың бірі осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде баспана сұраған мүгедек әйел бүгін арнайы алғыс айту үшін келді. Оған жергілікті кәсіпкер баспана сыйлаған.
Халықтың табысын арттыру мақсатында Созақ ауданында 6 айда 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды. Бұл облыстағы ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады.
«Жайлы мектеп» пилоттық жобасы бойынша Шолаққорған ауылындағы 1961 жылы салынған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің жанынан жаңа 900 орындық мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасау үшін, 23 оқу кабинеттерін жабдықтауға 182 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Ыбырай ауылынан Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі жанынан 200 орынды жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілу үстінде. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.