Түркістан облысы: «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің өңір мәдениетіне қосар үлесі зор

Түркістан шаһарының Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасты. Барлық аудандар мен қалалар өз өнерлерін облыс орталығына келіп, паш етті. Жыл соңына қарай аталмыш фестиваль қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жеңімпаз және жүлдегер аудандарды марапаттады.

– Биыл Түркістан облысының құрылғанына алты жыл толып отыр. Атауы мыңжылдықтарға кеткенмен, құрылымы жаңа біздің өңір үшін бұл уақыт жаңару мен дамудың кезеңіне айналды. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы тапсырмасы аясында арнайы заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауында жатыр. Бұл біздің өңірге жүктелген мәртебелі міндет, жоғары жауапкершілікті талап ететін бастама болып отыр. Бұл игілікті істердің жүзеге асуына мәдениет мамандарының да қосар үлес зор болмақ. Дәстүрлі ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту болды. Аудан, қаладан келген өнер ұжымдары, талантты жастар ұлттық құндылықтарымыз бен заманауи өнердің тамаша үйлесімін көрсете білді. Мен осы орайда аталған фестивалге үлес қосып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге ие болған Сарыағаш ауданынының өнерпаздарына арнайы дайындалған «Өнерлі өлке» статуэткасы тапсырылды. І орынды Сауран мен Созақ ауданы, ІІ орынды Ордабасы, Қазығұрт және Жетісай ауданы, ІІІ орынды Түлкібас пен Отырар ауданы және Түркістан қаласы иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер аудандарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар берілді.

Бұдан бөлек арнайы жүлделер тапсырылды. Фестивальге қатысқаны үшін диплом Сайрам мен Бәйдібек, Төлеби ауданына берілді. Облыс әкімінің арнайы жүлдесімен Кентау қаласы, «Туған жер — алтын бесігім» жүлдесімен Арыс қаласы, «Ауылым – алтын тұғырым» арнайы жүлдесімен Мақтаарал ауданы, «Өнерлі өлке» арнайы жүлдесімен Шардара ауданы, «Мәдениетім мерейім» арнайы жүлдесімен Келес ауданы марапатталды.

Шара барысында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасында өткен облыстық байқауының жеңімпаздары мен Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында облыс тарапынан ұйымдастырылған іс-шараларды жоғарғы деңгейде ұйымдастырған мәдениет саласының қызметкерлеріне ұйымдастыру комитетінен берілген алғыс хаттармен бірқатар мәдениет қызметкерлері марапатталды.

Жеңімпаз мәдениет ошақтарын Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров марапаттап, байқаудың мақсаты мен өту барысындағы басымдықтар мен кемшіліктерге тоқталды.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 4-11 қараша аралығында өткен байқауға жалпы 200-ге тарта ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар бақ сынады. Оған Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров пен осы орталықтың «Мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің жетекшісі Мұрат Жұманов пен мәдени ұйымдастырушы маманы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Зағипа Өмірзақова қазылық етті. Байқаудың талаптары мен шарттарына сәйкес қазылар алқасы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жақсартуға байланысты барлық мүмкіндікті бағалай отырып, былай қорытынды шығарды

Қазылар алқасының шешімімен ауылдық мәдениеті үйлері бойынша бас жүлде Сарыағаш ауданы «Дихан баба» ауылдық мәдениет үйіне бұйырды. Жүлделі І орынды Созақ ауданы «Таукент» кенті мәдениет үйі және Шардара ауданы «Көксу» ауылдық мәдениет үйі иеленді. Ал жүлделі ІІ орынды Сауран ауданы «Жүйнек» ауылдық мәдениет үйі мен Отырар ауданы «Балтакөл» ауылдық мәдениет үйі қанжығаларына байлады. ІІІ орынды Созақ ауданы «Қыземшек» ауылдық мәдениет үйі, Сауран ауданы «Ескі Иқан» ауылдық мәдениет үйі, Созақ ауданы «Созақ» ауылдық мәдениет үйі және Мақтаарал ауданы «Кеңесшіл» ауылдық мәдениет үйі иеленді.

Ал ауылдық клубтар бойынша бас жүлдені Түлкібас ауданы «Түлкібас» кент клубы иеленді. I орынды Арыс қаласы «Жиделі» ауылдық клубы өз қанжығасына байлады. Жүлделі II орын Сауран ауданы «Қазақстанның ХХХ жылдығы» ауылдық клубына және Түлкібас ауданы «Мыңбай» ауылдық клубына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Төлеби ауданы «Бейнеткеш» ауылдық клубы, Жетісай ауданы «Кетебай» ауылдық клубы, Арыс қаласы «Байырқұм» ауылдық клубы, Сауран ауданы «Қазақстанның ХХХ жылдығы» ауылдық клубы иеленді.

Бұдан бөлек, үздік деп танылған ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарына арнайы жүлделер табысталды.

Айта кетейік, аталмыш байқаудың мақсаты халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету шараларын жақсартуға, мәдениет мекемелерінің жұмыс сапасын арттыру мен халық шығармашылығын дамытуға және ауылдық мәдениет мекемелерінің жұмысына қолдау көрсетуге бағытталған.

Фестивальде қазылар алқасы бірнеше талаптар бойынша бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Қылқалам, қолөнер шеберлерінің, ұлттық тағамдардың көрмелері, аудан, қаланың тарихына, жетістігіне арналған және кітап көрмелер, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа арналған театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, дәстүрлі өнерге арналған концерттік бағдарламалар, көше театры сияқты халық театрының қойылымдары, ұлттық спорттық ойындар, аудан, қала өнерпаздарының гектарла-концерті, көрермендердің іс-шараға тартылуы, әр қала, ауданның фестивалді ұйымдастыру деңгейі назарға алынды.

Айта кетейік, фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының өнерпаздары ашқан болатын. Шара ұлттық өнерімізді дамыту және Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Аталған фестиваль маусым-қазан айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтті. Онда аудан-қалалардан келген өнер ұжымдары түркістандықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетті. Одан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды.

Марапат демекші, осы айдың 6-сында Түркістанда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында облыстағы әр саланың кіл мықтылары анықталып, «Үздік жастар премиясы – 2024» байқауының марапаттау кеші өтті.

Аталған байқау өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және мемлекеттік жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, ерекше үлес қосқан жас азаматтарды, түрлі салада өзінің білімімен, талантымен, белсенділігімен топ жарған жастарды анықтау және марапаттау мақсатынды ұйымдастырылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, жастардың жетістіктері мен олардың қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ жастардың еңбекқорлығы мен ынтасын жоғары бағалап, әр салада үздік көрсеткіштерге қол жеткізген жастарға табыс тіледі.

Сонымен, «Үздік Жастар ресурстық орталығы» КММ-і аталымы бойынша Кентау қаласы және Келес пен Сауран аудандық Жастар ресурстық орталығы марапатталды. Ал «Үздік жас мұғалім» номинациясын бәйдібектік Зәкерия Сержанұлы иеленді. «Денсаулық саласының үздік жасы» номинациясына келестік Дәулет Жолдасұлы, «Үздік жас полиция қызметкері» номинациясына кентаулық Есімхан Әдетханұлы, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясына сарыағаштық Омархан Сүйінбекұлы лайық деп танылды. «Шексіз мүмкіндіктер иесі» аталымы ойынша саурандық Розахмет Набиханұлы топ жарды. «Үздік жас спортшы» аталымы бойынша төлебилік спортшы, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионы Төрехан Сабырханның бағы жанды.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев та бірқатар үздіктерді марапаттап, жылы лебізін білдірді. «Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша төлебилік Бәйдібек Нұрланұлына, «Үздік жас жұмысшы маман» атанған сарыағаштық Мирзабек Камаловқа, түлкібастық Бекасыл Серікұлына, «Үздік жас студент» аталымы бойынша түркістандық Аружан Шайырханқызы марапатталса, «Үздік оқушы» номинациясын сарыағаштық Жансерік Жақсыбайұлы иеменденді. Сол секілді «Үздік жомарт жүрек» номинациясы түркістандық Таңшолпан Бекбауыва, саурандық Элзод Мавленовқа бұйырды.

Бұдан бөлек тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызы да үздіктерді марапаттады. Атап айтсақ, «Үздік жас жазба ақын» номинациясы түркістандық Дәурен Тілеухан алса, «Үздік жас тілші» болып сарыағаштық Майра Жұмабекқызы танылды. «Жыл жаңалығы» номинациясы қазығұрттық Бексұлтан Оразханға бұйырды. Ал «Үздік жас волонтер» номинациясына лайық деп түркістандық Еркебұлан Мадиярұлы танылса, «Үздік жас блогер» аталымын түркістандық Азизхан Бауыржанұлы иеленді. Сондай-ақ «Үздік жас актер» аталымы бойынша арыстық Маңсар Орынхан, Нұрсұлтан Отар марапатталса, «Үздік жас әнші» сыйлығын түлкібастық Ақсұңқар Жүнісбаев иемденді. Жастар сыйлығына әр аталым бойынша қаржылай сыйлық тағайындалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin