Бұл хақында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Төлеби ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Түркістан облысының әрбір аудан, қаласында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, өңір басшысы Дархан Сатыбалды халықпен ашық кездесулер өткізіп келеді. Кезекті кездесу Төлеби ауданында жалғасты. Облыс әкімі осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы жоспарларды пысықтап, ауданның дамыту жұмыстарына тоқталды.
– Бүгін өздеріңізбен маңызды мәселелерді талқылау үшін жүздесіп отырмыз. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Төлеби ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 27 жобаны іске асыруға 3,5 миллиард теңге бөлінді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңгеге 190 жоба қаржыландырылды. Төлеби ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 146 миллиард теңгеге жетті. Біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Біз әлі де қоғамдық немесе әлеуметтік жұмыстардан бөлек, өз жұмыс орнымызды ашып үйренуіміз қажет. Нарық талабы солай. Бизнесті қолға алып, өндірісті дамытуымыз керек, – деген облыс басшысы елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысуға шақырды.
Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Төлеби ауданында жоспарланған 20 мектептің 19-на қосылды. Қалған бір мектепте тамыз айында іске қосылады. Бастапқы интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған, қазіргі кезде 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр.
Осы тұста пән кабинеттері туралы тілге тиек етсек. Шағын мектептерді қоспағанда (олар 82) облыстағы 826 мектептің 2 201 арнайы пән кабинеттерімен қамтылған. Оның ішінде 1 256-сі — жаңа модификацияланған пәндік кабинетр, бұл көрсеткіш 57%-ды құрайды (физика кабинеті – 444, химия кабинеті – 428, биология кабинеті – 359, STEM кабинеті – 25).
Мектептерде 2023-2025 жылдар аралығында 725 пәндік кабинетке деген қажеттілік бар (физика – 161, химия – 145, биология – 161, STEM – 161, робототехника — 97).
2024 жылы – 305 пәндік кабинет алу үшін облыстық бюджеттен 4 миллиард теңге қаралып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы кабинет саны 2506-ны құрап, көрсеткіш 85,6%-ға жетеді деп жоспарлануда.
Ескерер жайт, 2021 жылғы 12 қазандағы № 726 Үкімет қаулысына сәйкес, 2023 жылы 75% болуы керек. Ал 2024 жылы — 80%-ға, 2025 жылы 90%-ға жеткізу қажет.
Анықтама ретінде нақтылай кетсек: 2024 жылы 265 пәндік кабинет алынады, кабинет саны 1 761-ге жетіп, қамту көрсеткіші 80%-ды құрайды (физика — 53, химия — 53, биология — 53, STEM — 53, робототехника — 53). 2025 жылы 220 пәндік кабинет алынады, кабинет саны 1 981-ге жетіп, қамту көрсеткіші 90%-ды құрайды (физика — 44, химия — 44, биология — 44, STEM — 44, робототехника — 44).
Электронды оқулықпен қамту деңгейіне тоқталайық. Цифрландыру бағытында биыл 1-6-шы сыныптар — 100%, ал 2025 жылы 7-11-ші сыныптар 100% электронды оқулықпен қамтылады.
Цифрландыруда өңірдің ерекше атап өтер тұсы – орта білім беру жүйесі толықтай отандық электронды жүйеде жұмыс істеп, негізгі пәндер бойынша тегін 30 мыңнан аса интерактвті сабаққа, түлектерге арналған 100 мыңға жуық тегін тестке қол жеткізіп отыр. Яғни, алдағы екі жыл ішінде мектептерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту жұмысын аяқтап, облыстың орта білім беру жүйесі 100% цифрландыру процесіне өткізілетін болады.
Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың ауданда 2023-2024 жылдары атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді. Төлебиліктер инфрақұрылым, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс пен туризм саласы және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты. Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді.
Кездесуден соң өңір басшысы жеке қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Жергілікті тұрғын Нысанбек елді мекенінің атауын Қапал батыр ауылы деп қайта атауды ұсынды. Зертас ауының тұрғыны осыған дейін көтерген елді мекенге спорт кешенін салу мәселесінің шешімін тапқаны үшін алғысын айтты. Төлебиліктер баспана, инфрақұрылым мәселелерін қозғады. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысып, мәселелердің тиісті шешімін табуға атсалысты. Өңір басшысы жауаптыларға нақты міндет жүктеді.
Төлеби ауданына сапар аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аумақтың тазалығына жауапты мамандармен жүздесті. Аудандағы санитарлық тазалықты сақтау үшін техника сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ардагерлер мен ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған орталық ашылды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ленгір қаласындағы «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінің ашылу рәсіміне қатысып, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталықтың жұмысымен танысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психолохиялық қолдау бағытында кеңес беріледі. Массаж, його орталығы, емдік спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Бұған қоса, зейнеткерлердің тынығып, демалып, рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып, тыныс жолдарын ашу үшін тұз шахтасының кабинеті де жасақталған.
Орталықта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер мен ұсыныстар берілетін болады. Сондай-ақ ардагерлердің шахмат ойнап, өзара пікір алмасуына арнайы бөлмелер бөлінеді. Зағип жандар, жалпы мүгедектігі бар қоғам мүшелерінің бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталығының мақсаты – мүгедектігі бар тұрғындардың белсенділігін арттыру.
Осы орталықтың жанында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мейірім» орталығы жақын күндері өз жұмысын бастайды. Бұл орталық 3 пен 15 жас аралығындағы церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған.
Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар. Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді.
Орталық жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі өңірдегі ерекше балаларға барлық жағдай жасалатынын және осындай орталықтардың өзге де аймақтарда салынуын қолдайтынын айтты.
Табиғи шырын шығаратын цех іске қосылады
Төлеби ауданында алма шырыны шығарылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Облыс басшысы ауылшаруашылығы саласындағы шаруалардың жай-күйімен танысып, жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Кемеқалған ауылдық округі «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативінің қарқынды алма бауында болды.
Тамшылатып суару жүйесі арқылы қарқынды алма бауын өсіру ісін қолға алған кәсіпкер иелігіндегі 138 гектар аумақтың 110 гектарына 300 мыңға жуық көшет егілген. «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес», «Гала» сортты алмаларын еліміздің барлық өңірлерімен қатар, алыс-жақын шетелге экспорттайды. Сондай-ақ жеміс өнімдерін сақтайтын 500 тонналық қойма құрылысын өз қаржысы есебінен аяқтап, жеміс тосаптарын дайындайтын цех салған. Кәсіпкер алма өнімдерінен табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуды жоспарлап отыр.
Облыстың климаттық тиімділігін пайдалана отырып, озық жаңа тәсілдер енгізілуде. Атап айтқанда, қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 5,8 мың гектарға жетті. Бұрын, дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынатын болатын. Қарқынды баулардан өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.
Аудан экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы.
Сондықтан балық өсіруді қолға алып, шаруашылықтың бұл түрін кәсіп көзіне айналдыруды көздеген кәсіпкерлер саны Төлеби ауданында артып келеді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жаңажол елді мекеніндегі балық шаруашылығымен танысты. Жеке кәсіпкер 3 гектар аумақта 7 арнайы бассейн жасап, форель өсіруде. Жылына 300 тонна балық өндіруді жоспарлауда. Жоба құны — 800 миллион теңге.
Жалпы, аудан аумағында балық шаруашылығымен 14 кәсіпкер айналысады, оның ішінде (2 бірлік су қоймада) 5 шаруашылық 2023 жылы ашылды. Шаруашылықтар негізінен бекіре, фарель, сазан, карп, дөңмаңдай, ақ амур балығын өсіріп жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.