Түркістан шаһарында дарынды балаларға қолдау көрсетіп, шығармашылығын шыңдау мақсатында фестиваль өтті

Бүгін Түркістан қаласында «TurkiSTAR» балалар мен жасөспірімдерге арасындағы ән жанры бойынша облыстық өнер фестивалі өтті. Байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі байқау мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлер тарапынан ұйымдастырылған үйірмелер арасында өткізіліп отыр. Дарынды балаларға қолдау көрсетуге, өскелең өрендеріміздің шеберлігін шыңдап, өнерге ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш фестиваль халық шығармашылығының бес жанрын қамтиды. Атап айтқанда, ән, музыкалық аспапта орындау, би, актерлік шеберлік және қылқалам, қолөнер шеберлері. Бүгін ән жанры бойынша сынға түсіп жатқан күміс көмей балаларға сәттілік тілеймін! – деді өз сөзінде Ержан Ибадуллаұлы.

Байқауда композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, ХҚТУ «Спорт және өнер» факультетінің кафедра меңгерушісі Әлімбай Ботақараев, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің академиялық вокал жөніндегі маманы Гүлзина Дөңесқызы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының бөлім басшысы Мұрат Жұманов қазылық етті.

Фестиваль ережесіне сәйкес, сайысқа жеке әншілер, вокалдық топтар (дует, трио, квартет) хор ұжымдары қатысты. Үміткерлер өз таңдауы бойынша қазақ композиторларының бір әнін орындады.

Қазылар алқасының шешімімен Келес ауданынан келген Бижан Сырым жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Абай Аймерей, Советбек Айтуар және Сезім Исмайл жүлделі ІІ орын, Кәрімбай Нұрымжан, Рахым Мұстафа, Жұлдыз Сырымқызы және Нұрайым Айдархан ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесімен «Балдәурен» хор ұжымы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен «Елшуақ» хор ұжымы, «Үкілі үміт» арнайы жүлдесімен Аида Нұрымбет, «TurkiSTAR» арнайы жүлдесімен Еркеназ Сейтбек, Майра Ордабек және Мадина Бекжанқызы марапатталды.

Шығармашылық демекші, Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл жалғасын табады. Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев брифингте мәлімдеді.

«Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасып тауып отыр. 12 сәуір күні алғаш болып фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының өнерпаздары ашады. Шара — ұлттық өнерімізді дамыту және Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Аталған фестиваль сәуір-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді. Онда аудан-қалалардан келген өнер ұжымдары түркістандықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетеді. Одан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылады» – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан байқауды өткізу барысына тоқталды.

«Байқау барысында ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанады. Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан-қала көрермендерге мерекелік Гала-концерт ұсынады. Онда халық шығармашылығының жанрларынан театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Оның ішінде ән-би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық және фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер бар» – дейді Асылхан Темірхан.

Фестиваль соңында бас жүлдеге ие болған өңірге арнайы дайындалған ауыспалы «Өнерлі өлке» статуэткасы тапсырылады. Одан бөлек, бас жүлдеге ие болған аймаққа — газель автокөлігі, І орынға — жеңіл автокөлік, ІІ орынға — дыбыс жазу студиясы, ІІІ орынға музыкалық аппаратуралар мен аспаптар табысталады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin