Түркістан шаһарында жас ақын Мұқағали Кенжетайұлының шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті

Түркістан қаласының төрінде «Мұқағали жолымен» әдеби-сазды кеші өтті. Кеш бүгінгінің мұзбалағы, ақын Мұқағали Кенжетайұлының «Ырым» прологымен басталды. Шығармашылық кешке Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысты.

– Бүгін тек Мұқағалидің ғана тойы емес. Бүгін қазақ әдебиетінің, ұлттық руханиятымыздың тойы деп есептейміз. Мен осы төрт қақпалы Түркістанға Мемлекет басшысының Алғыс хатын алып келіп отырмыз. Мұқағали балаларыңыз Ұлы Мұқағалидің жолын таңдап, сол өнеріндегі биіктікті бағындырғысы келеді. Сол жолға ниеттеніп, бар ықыласын салып, Құдай бере салған талантыменен қанатын қағып келе жатыр. Ұлы Мұқағали Алатаудың сонау биіктігіне ұмтылып, Хан тәңірі қарап, Қарасазда дүниеге келсе, сіздердің Мұқаңдарыңыз Қаратаудың биіктігін бағындырамын деп Қаратаста дүниеге келді. Қазақтың Мұқағалиі болсын! – деген Мәлік Нұржанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады.

«Мұқағали Кенжетайұлы, сіз — дарынды ақын ретінде кеңінен таралып келе жатқан жаңа ақынның бірісіз. Ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі бірқатар жыр байқауларында жоғары жүлде алып көпшіліктің ыстық ықыласына бөлендіңіз. Сонымен қатар мюзикл жанрын дамытуға да күш салдыңыз. Әдебиет, мәдениет салаларындағы жемісті еңбегіңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Зор денсаулық, жұмысыңызға табыс, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» — делінген Президент Алғыс хатында.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кеш кейіпкері туралы пікірін білдіріп, ізгі лебізін арнады. Сонымен қатар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатын тапсырды. «Мұқағали – Түркістан өңірінің ғана емес, қазақ әдебиетінде, мәдениетінде жаңадан қалыптасқан шоқ жұлдыздардың ортасында өзіндік орны бар азамат. Бұл жай кеш емес, мәнге көңіл бөлетін рухани кеш болады деп ойлаймыз. Ел арасында ақындарды әндерімен жиі танып жатады. Жүрекке жететін, ойды оятатын мықты әндердің сөзін жазған да — Мұқағали бауырымыз. Ұстаздар отбасында дүниеге келген. Елге шығармашылық тұрғыдан руханиятқа қызмет жасай бер» — деді Бейсенбай Дәулетұлы.

«Конгресс холл» кешеніне өткен мазмұнды кеште елімізге белгілі өнерпаздар ән айтып, өлең оқыды. Қаламынан жыр төгілген ақындар Қалқаман Сарин мен Мақпал Мыса кеш кейіпкерінің туындысынан бөлек, өз шығармаларын елге арнады. Сондай-ақ Әлия Әбікен, Заттыбек Көпбосынұлы, Тоғжан Мұратова, Альбина Шардарова, Айгерім Қалаубаева, Жолдасбек Әбдіхан, Ақбота Нұр, Ғазизхан Шекербеков, Айнұр Бабаева, Асылжан Абдулла, Қуандық Рахым, Ғабит Шырынбеков, «Jana lep!» өнер ұжымы мен «Бисұлтан» би ансамблі өнер көрсетті.

Айта кетейік, Мұқағали Кенжетайұлы 1993 жылы Бәйдібек ауданы, Қаратас ауылында дүниеге келген. 2018 жылы Түркістан облысында тұңғыш рет сахналағанған «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің авторы. «Түркістан түлектері», «Тәуелсіздік тебіреністері», «Жаңа ғасыр әуендері» тағы басқа ұжымдық жыр жинақтарына өлеңдері енген. Түрлі жыр додаларында топ жарып жүр. Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» алтын медалінің иегері, 2018 жылдың «Жылдың үздік ақыны» номинациясының иегері, сонымен қатар 2023 жылы Түркістан облысының «Үздік жас мемлекеттік қызметкері» атанған.

Өнер демекші, Түркістан музыкалық драма театры 18-19 мамыр күндері ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасын сахналайды. Бұл туралы театрда өткен баспасөз жиынында кеңінен баяндалды. Алдымен сөз алған театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова қойылымның басты кейіпкері 18-ші ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы Қаламқас Еселбайқызы туралы айтып берді. Сондай-ақ қазіргі таңда қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де қамтылғанын атап өтті. Өйткені қазақ халқы қашан да киіктерді өзіне жақын тұтып, аялап, киелі жануар деп санайды.

Спектакльдің қоюшы-режиссері, белгілі хореграф, өнертанушы Константин Семеновтың бұл — Түркістандағы екінші қойылымы. Бұған дейін ол сахналаған Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы елімізде ғана емес, шетелдерге танылып үлгерді. Режиссердің айтуынша, жас театр ұжымымен жұмыс істеу мол тәжірибе сыйлайды. Бұл жолы драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігі пайдаланылады деді. Бұл – Қаламқас» спектакліндегі ең басты ерекшелік. Сондай-ақ әр спектакль алдында қызу дайындықтан бұрын, қазақ тарихы мен мәдениеті туралы туындыларды оқитынын жеткізді.

Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері ойнайды. Театрдың жас әртістері Аида Серикова мен Айя Дәрібаева және Шерхан Саматұлы өз рөлдері туралы тарқатып, дайындық барысындағы қызықты сәттерімен бөлісті. Ал Қаламқастың пластикалық дублері, театрдың балетмейстер ассистенті Сакаи Мао көрерменге сөзден бөлек, дене қимылы арқылы да сол сәттегі әсерді беруге болады деп санайды. Сондықтан осы спектакльде балет труппасының үлесі зор дейді. Бұдан бөлек Мерей Құдайберген, Аида Жақсылықова, Гүлжанат Қаламғазина, Рүстем Шайхов, Асхат Тарих, Бекарыс Қарағұлов, Атабек Садырқұлов, Аслан Алиев бар.

Спектакльдегі Қаламқас жаугершілік жылдары ер азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде, ауылдағы қыздарды өзі бастап, шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштықта ауыл-аймақты киік аулап асырап, аман алып қалады. Кезекті бір киік қуған аласапыран кезде қапыда Қаламқастың өзі де құздан ұшып мерт болады. Батыр қыз ғұмыр кешкен сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқастың рухы шығар?! Қойылым осы оқиғаға негізделген. Қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, көшіп-қонып жүретін киіктерге садақ кезену Қаламқасқа оңай тимейді. Қойылымдағы «Киіктер биі» арқылы дала жануары адамзатқа тіл қатқандай әсерге бөленесіз.

Айта кетейік, «Қаламқас» пластикалық драмалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Идея авторы – Түркістан музыкалық драма театрының негізін қалаушы, тұңғыш директоры мен көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова. Композиторы – жас композитор Хамит Шанғалиев. Қазіргі таңда «Қаламқас» пластикалық драмалық қойылымының премьерасына қызу дайындық жүріп жатыр. Билеттер — театр кассасында және «Ticketon» сайтында сатылымда.

Орайы келгенде тілге тиек етер тағы бір жайт, Шардара қаласында сазгер, әнші Лесбек Амановтың 70 жылдығына арналған «Қара бауыр қасқалдақ» атты облыстық ән байқауы өтті. Байқауға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, сазгердің бауыры мен ұл-қыздары қатысты.

Екі кезең бойынша өткен сайыста үміткерлер Лесбек Амановтың шығармаларынан бөлек, қазақ композиторларының әндерін шырқады. Байқау мақсаты – Лесбек Амановтың халық арасында кеңінен танылған әндерінен бөлек, сирек орындалып жүрген шығармаларын жарыққа шығару, жастарды отансүйгіштікке баулу, ән өнерін дамыту, ұлттық рухта тәрбиелеу, сазгердің әндерін кеңінен насихаттау, композиторды еске алу.

Өнер сайысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, продюсер, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бөрі Иса, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Композиторлар одағының Түркістан облысы бойынша төрайымы Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Хадиша Мұсабекова, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі, сазгер, халықаралық байқаулардың лауреаты Азамат Алиакбар қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша Шардара ауданынан қатысқан «Мерей» ансамблі жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Түлкібас ауданының «Арша» квартеті жүлделі І орынға, шардаралық Сәкен Бегманов пен Нұржан Жигалиев және төлебилік Жорақұл Аңсар мен Бақтыбай Кадиров жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал Созақ ауданынан келген Айдос Әлқуат, Мақтарал ауданынан келген Алмасбек Байсейітов және Жетісай ауданынан келген Саним Ермекбаева жүлделі ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар Сайрам ауданының «Жалын» тобы облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесімен, Келес ауданынан келген «Келес» тобы Шардара ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен, Ордабасы ауданынан келген Елнұр Өскенбек облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен, Бәйдібек ауданынан келген Қуат Қасен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы жүлдесімен, Қазығұрт ауданынан келген Нұрхан Байтұрсынов Ж.Кеңесов атындағы арнайы жүлдесімен, Арыс қаласынан келген Нұржан Уалиев М.Жалаңбасов атындағы арнайы жүлдемен және Түркістан қаласынан келегн Нұрбек Абдрахман Лесбек Аманов атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Сондай-ақ ыынталандыру сыйлығы сарыағаштық Нұрлыбек Бұхарбаевқа, отырарлық Сейтқұл Төлешовке, шардаралық Мейірбек Ибадуллаевқа бұйырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin