Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтіп келеді. Бүгін Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңында» 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Мерекелік шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым, белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, қала тұрғындары қатысты.
– 1992 жылы Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми түрде белгіленіп, 4 маусым – Рәміздер күні болып бекітілді. Баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік Ту, Әнұран және Елтаңба – тәуелсіздігіміздің дәлелі. Мемлекетіміздің айбары. Ұлтымыздың рухын оятатын рәміздерімізді күллі әлем мойындайды және құрмет көрсетеді. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген мемлекеттерде биікте желбіреп тұр. Жеңімпаз спортшыларымыз Туымызды көкке көтеріп, Әнұранды асқақтатуда. Ал Елтаңбамыз елдігіміздің белгісіндей жарқырап тұр. Бұл әрбіріміз үшін зор мақтаныш, бақыт екені даусыз! Бүгінгідей керегеміз кең, тереземіз тең заманда күн кешуіміз – Тәуелсіздік сыйлаған тыныштық пен тұрақтылықтың арқасы. Ал Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтен басталатыны айқын. Бұл ретте Түркістан өңірінде отаншыл, намысты азаматтар, жалынды жастар өсіп өте көп екенін атап өткім келеді. Олар рәміздерді құрметтейді және қадірлейді. Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы! Сондықтан біз жас ұрпаққа Мемлекеттік рәміздердің мәнін ұқтырып, маңызын түсіндіре білуіміз керек. Әр қазақ Әнұранын шырқап, көк Туын қадірлесе, еліміздің еңсесі биік болатыны анық. Аспан түсті Туы, асқақ Әнұраны, айбынды Елтаңбасы бар Қазақ елі жасай берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Ал Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков: «Қадірменді жерлестер!
Тәуелсіздігімізді айшықтайтын ерекшелігіміз — мемлекеттік рәміздеріміз.
Бейбітшіліктің белгісі болған, қыраны қалықтаған көк туымыз, ерлік пен бірлікті, асқақ рухты таңбалаған елтаңбамыз, әр азаматтың жүрегін қозғайтын әнұранымыз жылдар бойы жігерді жанып, елімізді өрлеуге бастап келеді.
Ұлттық қасиетіміз бен кең пейіліміз, азаттыққа құштар көңіліміз танылатын рәміздеріміз — біздің намысымыз!
Мемлекеттігіміздің нышаны бейбітсүйгіш жұртымызды әлемге таныта берсін!
Егемендігіміз еңселі, туымыз тұғырлы, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні құтты болсын!
Отбасыларыңызға бақыт, шаттық, мол ырыс тілеймін!» — деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Осы күні «Керуен сарай» кешенінен «Рәміздер алаңына» дейін ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған автошеру өткізілді.
Ту көтеру рәсімі мерекелік бағдарламаға жалғасты. Мерекеде Түркістан жұртшылығы, «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен талантты жасөспірімдер Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындады. Бұдан бөлек патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке жігер сыйлады. Түркістандықтар маңызды мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, Мемлекеттік рәміздер дәріптелді.
Айта кетейік, ту тұғырдың биіктігі 62,5 метрді құрайды. Байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр. Жалпы 1992 жылдың қаңтарында Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің жобасын дайындау туралы байқау жарияланды. Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны сол жылы бекітілді. Ал 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданған болатын.
Сонымен қатар кеше Түркістанда 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған облыстық патриоттар форумы өттті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, көпшілікті келе жатқан айтулы күнмен құттықтады.
– Халықтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру – баршамыздың азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз. Дәл осы мерекеге орай, дәстүрлі түрде өткізіліп отырған облыстық Патриоттар форумында нағыз үздіктер марапатталғалы тұр. Сіздердің жетістіктеріңіз әрбіріміз үшін зор мақтаныш екені даусыз! Патриотизм – өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі екені барлықтарыңызға белгілі. Мемлекеттік рәміздеріміз өз тұғырынан түспей, еліміз өркендей берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары. Ол туған елі үшін еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.
Оқушылар сарайында өткен жиында республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері бар, ғылым және білім, мәдениет және спорт, медицина және волонтерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, технология және бизнес, ерекше ерлік көрсеткен азаматтар бағыттары бойынша үздіктер марапатталды. Сонымен қатар биыл көктемде еліміздің бірнеше аймағындағы су тасқыны кезінде қол ұшын созған жандардың еңбегі бағаланды. Соның ішінде өзінің жинаған ақшасын аударған кентаулық 4-сынып оқушысы да бар.
Іс-шара барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, доцент Жамиля Дүйсенова, волонтер Олжас Мамыр, Кентау қаласындағы Ататүрік атындағы №4 мектеп-лицейінің 4 «ə» сынып оқушысы Гаухар Шаймерден сөз сөйлеп, көпшілікті отансүйгіштікке шақырды. Әрі қарай мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Елдің рухын көтеретін әндер шырқалып, бишілер мың бұрала биледі.
1992 жылы Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми түрде белгіленіп, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі болып бекітілді. Елімізде жыл сайын кең көлемде аталып өтуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралар жоспарланған. Бүгінгі күні «Айбын», «Жас Ұлан», «Жас қыран», «Ұлттық мектеп лигасы», «Тәуелсіздік қырандары», «Менің Отаным – менің бастамам», «Жас сарбаз», «Балалар шексіз әлемде», «Жас құтқарушы», «Облыс тарихы» керуен шеруі сияқты 10-нан аса жоба іске асырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама жүргізіліп, жеңімпаздарға жалаушалар сыйға тартылды. Мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы білу бойынша google-нысандар арқылы алынған сауалнама қорытындысымен білім деңгейін көтеруге бағытталған шаралар қабылданып, жергілікті тұрғындар үшін жыл соңына дейін оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған форум ҚР Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылы ротасының бастығы салтанатты шараға дайындығы жөнінде Мемлекет басшысына рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екеніне назар аударды.
– Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы деп атады.
– Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.