Облыс орталығында «Отбасылық демалыс — бақытты болашаққа инвестиция» отбасылық сайысы өтті. Жарыс 8 қыркүйек — Отбасы күніне орай ұйымдастырылды.
№1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен ойында түркістандық 4 отбасы жарысты. Олар өздерінің отбасын ерекше таныстыру өткізу рәсімі мен түрлі спорттық сайыстар арқылы сыналды.
Жарыстың ашылуында қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев сөз алып, шара мақсатына тоқталды.
Отбасылық сайыстың нәтижесі бойынша 1-орын Жұмахановтар отбасысына, 2-орын Құдайбергеновтар отбасысына бұйырса, ал 3-орынды Туптыбаевтар мен Мадалиевтар отбасылары иемденді.
Еске салайық, 2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, «Отбасы күні» қыркүйек айының екінші жексенбісіне белгіленіп, 8 қыркүйекте алғаш рет аталып өтті және сол жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланды.
Айта кетсек, әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия «Отбасы күні» мерекесін бекіту туралы ұсынысын 2009 жылы білдірген болатын. Яғни Қазақстанда Отбасы күнін ұйымдастыруды және оны 15 мамырда, Халықаралық отбасы күнімен бір күнде атап өтуді ұсынды.
Биыл да осы айдың екінші жексенбісі дәл 8 қыркүйекке тұспа-тұс келіп, айтулы мереке бүгін тойланып жатыр. Және биыл елімізде Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «Отбасы күнін» мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы жасалып, қыркүйектің 2-8 күндері аралығында тәлім-тәрбиелік маңызы бар түрлі іс-шаралар кешені өткізілді.
Мерекенің басты мәні — ұлттық дәстүрлі құндылықтарды еске түсіру, бір-бірімізге қамқорлық жасау және отбасында жылулық пен сүйіспеншілікті сақтау.
Қазақстандықтар 10 жылдан астам уақыт бойы бірлік пен отбасылық құндылықтардың маңыздылығын білдіретін мерекені атап өтіп келеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Отбасы күні» мерекесімен құттықтау сөзінде: «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады», — дегені есімізде. Осы ретте «Отбасын қолдау» орталықтары мемлекеттік отбасылық саясат шараларын іске асырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау жөніндегі жұмысты үйлестіреді және тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсетеді әрі мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырады. Қазіргі уақытта елімізде жұмыс істейтін «Отбасын қолдау» орталықтары саны 40-қа жетті. Ал
2025 жылдың соңына дейін олардың санын 192-ге дейін арттыру жоспарланған.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтардан маусымға дейін Қазақстанда 57,5 мың жаңа отбасы құрылды. Ал былтыр осы кезеңде 53,8 мың неке тіркелген. Жалпы, 2009 жылғы санақ деректеріне сәйкес республикадағы отбасылар саны 4 022 388 құраса, 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша отбасылар саны 5 578 947 құраған, яғни 10 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам санға өсу көрсеткіші байқалған. Ажырасу көрсеткіші де төмендеп, соңғы 5 жылда 48,6%-ға азайған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.