Түркістан қаласында Қазақстан халқы бірлігі күніне орай ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікте 12000 дана гүл егілді

Облыс орталығында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Жалпықалалық сенбілік республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында өткізілді.

Шара барысында 32 тонна қоқыс жиналып, 1000-ға жуық ағаш түбі қопсытылды. Сондай- ақ, 2 шақырым ирригациялық канал тазаланып, 460 дана ағаш, 12000 түп гүл көшеті егілді.

Одан бөлек, 15 шақырым жаяу жүргінші жолы, 4 демалыс аумағы тазаланды. 15 тұрғын үйдің қасбеті әктеліп, сырланып, жарамсыз шөптері алынды. Сенбілікке жалпы 300-ге жуық тұрғын атсалысып, 4 техника күші жұмылдырылды.

«Тәртіп – ерік-жігерді ақылға бағындырудан басталып, күш-қайратты парасатпен басқаруға жетелейді. Өнегесі өрелі қоғамда ғана ұрпақтың келешегіне алаңдауға негіз қалмайды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты өтеу – адамгершіліктің ісі» деп ғибраты мол сөз қалдырған. Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыра білмейтін балаға дұрыс тәлім беру ата-ана мен ұстаздың борышы болса, оларға үлгі-өнеге көрсету – баршамызға ортақ міндет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жариялануы – ұрпаққа үлгі болудың ізгі жолы.

Елдің азаматын қалыптастыру үшін ең алдымен мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең сезінуіміз керек. Күнделікті әрекетімізге мән беріп, Отанға деген сүйіспеншілік — отбасымыздан, «Таза Қазақстан» табалдырығымыздан басталатынын ұмытпасақ игі.

Түркістанда акция аясында тұрғындардың ұйымдасуымен бүгінге дейін 50-ге жуық сенбілік өтті. Көшелердің ажары ашылып, гүлдер мен ағаштар егілді. Президентіміз ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан бұл шараның тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Құрметті түркістандықтар!

Қаламыздың көркін кіргізіп, тазалығына белсенді атсалысып жүрген әр тұрғынға алғысымды білдіремін. Дегенмен, тазалық – тазаланған жерде емес, ластанбаған жерде сақталады. Қаламызға деген жанашырлығымыз маусымдық шарамен шектелмейді деп сенемін. Таза Түркістанның келбетін сақтау, киесі мен қасиетін құрметтеу – елдігіміздің айнасы.

Рухани астанамызға сай бірлігімізбен, жарасымды тірлігімізбен ерекшеленіп, баршаңызды қаламыздың түрленуі мен гүлденуіне үлес қосуға шақырамын!» — дейді осы тұрғыдар Түркістан қаласының әкімі Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ.

«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында «Фараб» кітапханасының ұжымы Түркістан қаласындағы Бекзат мөлтекауданының тұрғыны Гүлсім Керімбаева апаның үйінде тазалық, сырлау-әктеу жұмыстарын атқарды.

Кітапханашылар Гүлсім апаға арнайы бір реттік материалдық көмек көрсетіп, азық-түлікпен, химиялық тауарлармен қамтамасыз етті. Түркістандық 67 жастағы Гүлсім апа өз кезегінде кітапханашыларға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Мекеме директоры Жанат Сәдібекқызы алдағы уақытта Гүлсім апаға кітапхана тарапынан жүйелі түрде көмек көрсетіліп тұратындығын жеткізді. Ұйымшылдығы жарасқан «Фараб» кітапханасының ұжымы Қазақстан халықтарының бірлігі күнін мұқтаж жанға көмек көрсетуге арнады.

Бұдан бөлек Түркістан қаласының еріктілері мен жастары республикалық акцияға белсенді түрде қатысып келеді. Экоакция аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында абаттандыру жұмыстарын жасап, тазалық жүргізді. Қажетсіз шөптерден тазартып, қоқыстарын жинады.

Акция барысында тазалық жұмыстарына қатысушылар Президент бастамасымен бастау алған экологиялық акцияның қоршаған орта мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға, тазалық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосатынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Оңтүстікфильм» ұжымы «Өнегелі ұрпақ – ұлт болашағы» ұранымен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Әлеуметтік көмек көрсету секторынан» жалғызбасты қарт ананың үйіне арнайы барып тазалық жұмыстарын жүргізді. Үй маңындағы ағаштарды әктеді. Төңіректі арамшөптен тазартты, қоқыстар шығарылды. Үйдің ішкі және сыртқы бөлігіне сенбілік жасаған ұжым ақ жаулықты анаға құрмет көрсетті. Ерекше қуанышқа бөленген қария бата беріп, алғысын айтты.

Сонымен қатар Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрының ұжымы өнер ордасында қызмет атқарып зейнеткерлікке шыққан Аманғазы және Серік ағайлардың үйіне арнайы барып, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, талдарын әктеп, сый-құрмет көрсетіп қайтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin