Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер саны екі есе артты

ҚР Ұлттық экономика министрлігі берген статистикалық мәліметке сәйкес Түркістан қаласы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) баға индексі бойынша Қазақстанның қалаларының ішінде 3-орында тұр (99,9%). Республика бойынша ӘМАТ баға индексі 99,9 % құрады.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендердің санын арттыру бойынша тапсырмасына сәйкес, Төлеби, Арыс, Сарыағаш, Жетісай, Шардара аудандарында ірі сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар ашылып, Тұрақтандыру қоры қоймасынан ӘМАТ өнімдері жеткізілуде.

Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер санын көбейту мақсатында қосымша әрқайсысының көлемі 50 шаршы метрден құрайтын жаңадан 17 дүкен салынып, жалпы саны 36-ға жетті. Оның 9-ын «Түркістан» ӘКК» АҚ есебінен салынса, 8-ін жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебімен салды. Қазіргі таңда СПК-ның қаражаты есебінен Жаңа қала мөлтекауданында қосымша 6 әлеуметтік дүкен салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта әлеуметтік дүкендердің санын 50-ге дейін ұлғайту жоспары бар. Бұл дүкендердегі азық-түліктердің бағасы нарықтағы бағадан едәуір төмен, сол себепті қаланың тұрғындары осы орындарда өз қажеттіліктерін тиімді түрде өтей алады. Әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін бұл үлкен көмек болып отыр. Дүкендерде 19 түрлі азық-түлік өнімдері сатылады, олардың қатарында нан, ұн, макарон өнімдері, күріш, қант сияқты күнделікті қажетті өнімдер бар.

Жыл басынан бері аптасына 2 рет сейсенбі және бейсенбі күндері Түркістан қаласындағы «Қуаныш» және «Алтынбұлақ» базарларында 20-30 пайызға базар бағасынан арзан азық-түлік жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізілуде. Мұндай жәрмеңкелердің арқасында қала тұрғындары өздерінің күнделікті қажетті азық-түлік тауарларын тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, экономикалық қиындықтарға тап болған отбасылар үшін бұл жәрмеңкелер үлкен көмек болып табылады.

Әлеуметтік жәрмеңкелерде сатылатын тауарлардың бағасының төмен болуы азық-түлік тауарларын қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл жәрмеңкелер әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарына қосымша көмек ретінде қызмет етеді. Халық үшін қолайлы бағада азық-түлік сатып алу мүмкіндігі жәрмеңкелердің негізгі мақсаты болып табылады.

Әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштарда сатылатын азық-түліктердің көпшілігі «Түркістан» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) арқылы жүзеге асырылады. «Түркістан» ӘКК» АҚ-на қарасты 36 әлеуметтік дүкенде және 4 ірі сауда орталығы мен 25 сауда орындарында ұйымдастырылған әлеуметтік бұрыштарда 19 түрлі азық-түлік тауары ұсынылады. Бұл азық-түліктердің қолжетімділігі халық үшін үлкен жеңілдік болып отыр.

Әлеуметтік дүкендердің және арнайы бұрыштардың ашылуы тек бағаны тұрақтандырып қана қоймай, азық-түлік тауарларының жеткілікті көлемде болуын қамтамасыз етеді. Бұл шаралардың арқасында халықтың негізгі азық-түлікке деген сұранысы уақытылы өтеліп отыр. ӘКК әлеуметтік дүкендерді кеңейту және олардың қызметін жақсарту жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.

Облыс басшылығының жүргізіп жатқан саясатының негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, оларды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету. Әлеуметтік дүкендердің санын 50-ге дейін ұлғайту жоспары осы мақсатты жүзеге асырудың маңызды бөлігі болып табылады. Түркістан қаласындағы әлеуметтік дүкендердің саны ұлғайған сайын азық-түлік бағасының тұрақтылығы сақталып, халықтың сатып алу қабілеті артады.

Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға, халықтың сатып алу қабілетін арттыруға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етеді. Тұрақтандыру қорларының жұмысы және мемлекеттік корпорациялардың қолдауы арқасында Түркістан қаласы мен облыста азық-түлік бағаларының күрт өсуі байқалмайды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары азық-түлікке қол жеткізуде қиындық көрмей, тұрмыс сапасын жақсарта алады. Бұл шаралар халықтың күнделікті тұтыну заттарын қолжетімді ету арқылы экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған.

Айта кетейік, «Түркістан» ӘКК» АҚ-на қарасты 36 әлеуметтік дүкенде және 4 ірі сауда үйі мен 25 сауда орнында ұйымдастырылған әлеуметтік бұрыштарда 19 түрлі азық-түлік тауарлары сатылады. Алдағы уақытта Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендерді 50-ге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2024 жылғы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ, «Түркістан» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева мәлімдеуінше, Түркістан қаласындағы тұрақтандыру қорында жалпы құны 4 миллиард 275,9 миллион теңгеге 15 314,7 тонна азық-түлік және 2 911 мың дана жұмыртқа өнімі бар. Тұрақтандыру қорына 2015 жылы облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңге, 2022 жылы 1 миллиард теңге, 2023 жылы 4,4 миллиард теңге бөлінді. Барлығы 7,240 миллиард теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар, облыс көлемінде бағаны негізсіз өсірмеу, сауда үстемесін асырмау, өндірушіден сауда нүктесіне дейінгі баға тізбегін қарау бойынша, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Жыл басынан бері комиссияның отырыстары өтіп, 18 нысанға қатысты бағаның өсуіне және бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарға байланысты шаралар қабылданған. Бұл жайында Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының сауда бөлімінің басшысы Абай Шенгелбаев айтты.

Айта кетерлігі, әлеуметтік дүкендер қазіргі таңда Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Сарығаш, Жетісай аудандарында жұмыс істейді. Алдағы уақытта өзге де аудандарда ашу жоспарланып отыр.

Жалпы, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бағаларды тұрақтандыру жұмыстарының нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысына үңілсек, баға индексі 100,6%-ды құрап, Түркістан облысы бағаны тұрақтандыру бойынша өңірлер арасында 2-ші орынға шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инфляция көрсеткішін жыл қорытындысына орай екі есеге төмендету тапсырмасы аясында облыс бойынша өткен жылдың қаңтар айында инфляция көрсеткіші 21,1%-ды құраған болса, жыл қорытындысында 10,2%-ға дейін төмендеді. Аталған саладағы мәселелер жыл басында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы азық-түлік қорын бақылауда ұстауды тапсырған-ды. Сонымен бірге өңірде салынып жатқан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын уақтылы аяқтау керектігін жеткізді.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын қалыптастыруға тиісті қаражат бөлінді. Жұмысты сапалы атқаруды жалғастыру керек. Екіншіден, көкөніс сақтау қоймасының құрылысын уақтылы аяқтаңыздар. Жоспарды өзгертіп, созбалаңға салып келесіздер. Егер жұмысты уақтылы жүргізе алмаса, оны орындайтын басқа адам іздеу қажет, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша 2024 жылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Тұрақтандыру қоры арқылы қажетті қорлар жасақталды. Азық-түлік тауарлары өңірдегі халық көп шоғырланатын ірі дүкендерге, базарларға, жәрмеңкелерге жеткізіліп, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға жұмсалмақ. Нақтырақ айтсақ, көкөніс өнімдері бойынша есептелген қажеттілік 6 376 тонна болса, шаруалармен жасалған келісімшарттар – 10 136 тонна. Жинақталған қор тұрғындардың тұтыну қажеттілігін 159%-ға қамтамасыз етуге жетеді. Өңірде күріш, қант, қарақұмық, күнбағыс майы және ұн бойынша қор жеткілікті. Нан және ұн бағасы тұрақты. Арзандатылған бидайдан жасалған ұн наубайханаларға төмен бағада босатылып (50 келі – 7 350 теңге, 1 келі – 147 теңге), нан бағасы әлеуметтік дүкендерде 85-90 теңгеден сатылуда. Жалпы, Тұрақтандыру қорында 32 мың тонна қор бар.

Азық-түлік тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағада ұсыну үшін әлеуметтік дүкендер және супермаркеттердегі әлеуметтік бұрыштардың саны артуда. Қазіргі уақытта Түркістан және Кентау қалаларында 30 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Қосымша 20 әлеуметтік дүкенді іске қосу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар барлық аудан және қала орталықтарынан 2 әлеуметтік дүкеннен орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ондағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен сатылуда.

Облыс көлемінде бағаны негізсіз өсірмеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Өткен жыл бойынша комиссиямен 108 факті қаралып, әкімшілік айыппұл салу үшін тиісті органдарға жолданды. Нәтижесінде, бағалар қалыпқа келтірілді. Комиссия жұмысының тиімділігі бойынша Түркістан облысы елімізде алдыңғы үштіктің қатарында.

Жиында Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Картоп, қырыққабат, пияз өсіруге бөлінетін субсидия көлемі еселеп артқан. Өңірге 7763,2 тонна бидай жеткізілген. Жалпы, жеткізілген бидайдан, 5 434 тонна ұн өндіріліп, 1391 тоннасы қажеттілікке орай (келісі 147 теңге) наубайханаларға таратылған. Көкөніс және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамту жұмыстары жалғасады.

Орайы келгенде атап өтер маңызды ақпарат, Түркістан облысы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беріледі. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (1 476 800 теңге) халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға (атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы адамдар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандалар, мүгедектігі бар адамдар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар) конкурстық негізде беріледі.

2024 жылы Түркістан облысы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 1 793 грант берілу жоспарланған. Гранттарды беру екі лекте жүргізілді:

I лек (өтінішті қабылдау 20 мамырдан 31 мамырға дейін) — 893 грант;

II лек (өтінішті қабылдау 15 шілдеден 26 шілдеге дейін) — 900 грант.

2024 жылдың 15 шілдесінен 26 шілдесіне дейін business.enbek.kz порталына 2 917 үміткер өтініш берген.

Екінші лек бойынша өтініштерді қарау жөніндегі комиссияның отырысы 2024 жылғы 30 шілде мен 6 тамыз аралығында өтті. Комиссия отырысы аяқталғаннан кейін мансап орталығының қызметкерлері 2024 жылғы 9 тамызда комиссия отырысының хаттамасына сәйкес «Еңбек нарығы» ААЖ-ға комиссия шешімін енгізді.

Комиссия 886 үміткердің бизнес жобаларын мақұлдады, оның ішінде:

  1. Тігін цехы, ателье — 118 грант;
  2. Наубайхана және аспаздық — 161 грант;
  3. Дәнекерлеу жұмыстары цехы — 51 грант;
  4. Химиялық тазалау/клининг — 10 грант;
  5. Сұлулық салоны (шаштараз, косметологиялық қызметтер), массаж — 30 грант;
  6. ТҚС (шина монтаждау, автомобильдерді жөндеу бойынша қызметтер) — 40 грант;
  7. Құрылыс жұмыстары — 32 грант;
  8. Сүт өнімдерін өндіру — 26 грант;
  9. Қолөнер -18 грант;
  10. Ауыл шаруашылығы – 50 грант;
  11. Фитнес – 6 грант;
  12. Сантехника – 3 грант;
  13. Құс шаруашылығы – 63 грант;
  14. Халыққа қызмет көрсету орталығы – 112;
  15. Тұрмыстық химия – 6;
  16. Балаларға қызмет көрсету орталығы – 12;
  17. Бал ара шаруашылығы – 3;
  18. Балық шаруашылығы – 7;
  19. Өндірістік және өңдеу салалары – 138;

Санаттары бойынша:

  1. Аз қамтылған отбасылар АӘК алушылар – 13;
  2. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар – 146;
  3. Көп балалылар – 620;
  4. Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) асырауына байланысты жәрдемақы алатын адамдар – 77;
  5. Асыраушысынан айрылғандар – 30.

Комиссия мүшелерінің шешімі үміткерлердің business.enbek.kz порталындағы жеке кабинеттеріне жіберілген.

Естеріңізде болса, 2024 жылдың мамыр айында 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасы 0,2%-ға төмендеді. Жалпы, азық-түлік тауарларына дефляция соңғы 4 жылда алғаш рет байқалды.

Сенбі күні, 1 маусымда Үкіметтегі кезекті кеңесте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен қазіргі баға жағдайы қаралды.

Осы кеңестерде елдегі апта сайынғы баға индексі егжей-тегжейлі талқыланады. Бағалар өсімі немесе төмендеуіне жасалған талдау арқылы Қазақстанның 20 өңіріндегі 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік бағасы қарастырылып, себептері анықталып, қажет болған жағдайда бірден бағаны тұрақтандыру үшін тапсырмалар беріледі. 

Бұл жолы да, сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова елдегі азық-түлік бағасына қатысты апталық нәтижені ұсынды. 10 аймақ минусқа шықты (Абай, СҚО, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау облыстары және Астана), бес аймақ бағаның нөлдік өсімін сақтап қалды (ШҚО, Алматы, Қостанай, Жетісу облыстары және Алматы), тағы бес өңірде (Ақмола, Маңғыстау, БҚО, Ұлытау облыстары және Шымкент) әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының 0,1%-0,6% өскені тіркелді. 

Апта ішінде қырыққабат бағасы (-7,2%), қарақұмық жармасы (-1,7%), күріш (-0,1%), күнбағыс майы (-0,5%), тауық еті (-0,2%), майлылығы 2,5% сүт (-0,2%), С1 категориялы жұмыртқа (-0,6%) бағасы арзандады. Сонымен қатар картоп, сәбіз, пияз бағасының өсуі жалғасуда. Қазақстанның үш оңтүстік өңірінде айран бағасының тұтастай алғанда 0,3%-ға өскені байқалды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, аталған өнім бағасын жергілікті ірі өндіруші көтерген. Серік Жұманғарин БҚДА-ға осы нарықтағы бағаның өсуінің негізділігіне талдау жасауды тапсырды.

Сонымен қатар кеңесте биылғы маусым айына арналған көкөніс бағасының индикативті жобасы талқыланды. Бағаны өнімсіз делдалдардың негізсіз көтеру мүмкіндігін болдырмау үшін Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне БҚДА-мен бірлесе отырып, экономикаға негізделген нарықтық бағаны есептеп, көкөніс бағасына әділ индикативті бағаларды анықтауды тапсырды.

Ал Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының Ұлттық статистика бюросындағы былтырғы және биылғы тамыз айындағы бағаларына талдау жүргізді.

ӘМАТ тауарларына енетін өнімдердің басым бөлігінің бағасы былтырға қарағанда арзандаған.

Сұйық май: елде жыл басынан сұйық майдың бағасы 15% арзандаған. Былтыр тамызда сұйық майдың 1 литрі 781 теңге болған болса, биыл бұл баға 626 теңгеге дейін арзандаған.

Пияз: Пияз бағасы былтыр 177 теңге болса, биыл дүкен сөрелеріне 129 теңгеден сатылуда.

Қырыққабат: Қырыққабат осыдан 1 жыл бұрын 159 теңгеден сатылған болса, қазір республика бойынша орташа бағасы 124 теңгені құрап тұр.

Қант: былтыр қанттың 1 келісі 434 теңгеге дейін жетсе, қазір оның бағасы 415 теңгеге арзандаған.

Сәбіз: сәбіздің келісі бір жыл бұрын 198 теңгеден саудаланса, биыл 188 теңгені құрап отыр.

Қарақұмық жармасы: қарақұмық жармасының құны тура 1 жыл бұрын 338 теңге болса, қазір республика бойынша орташа баға 222 теңгеге арзандаған.

Бидай ұны: бірінші сорт бидай ұнының 1 келісі 2023 жылдың тамызында 232 теңге тұрса, биыл 228 теңгеге түскен.

1 жыл ішінде тұз бен рожки бағасы еш өзгеріссіз қалған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin