Түркістан қаласында 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай музейлер шеруі өтті

Түркістанда 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай облыстық «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен «Өңірдің құнды тарихы – музей жәдігерлері» атты музейлер шеруі өтті. Шараны облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Музейлер шеруіне өңірдегі 11 қорық-мұражай, музейлер қатысты. Атап айтқанда, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі және соған қарасты Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музей филиалы «Ұлы Дала Елі» орталығына қарасты Нұртас Оңдасынов пен Нәзір Төреқұлов атындағы музей филиалы, Руханият Әбу-Нәсір әл-Фараби музейі, «Шәмші үйі» мұражайы, Ордабасы ауданындағы тарихи-өлкетану музейі, Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі қатысты.

1978 жылдан бастап әлем елдерінің музей қызметкерлері 18 мамыр күні өздерінің кәсіби мерекесі «Халықаралық музейлер күнін» атап өтеді. Нақтырақ айтсақ, Халықаралық музейлер күні 1978 жылы Халықаралық музейлер Кеңесінің ХІІ Бас Ассамблеясының шешімімен жарияланды. Жыл сайын 150-ден астам елде атап өтіледі.
Бұл — әртүрлі мәдениет пен халықтар мұрасын қастерлеп, оны көпшілікке қолжетімді ететін музей мамандарының жыл сайын тойлайтын мерекесі. Кеңестік кезеңде мереке ресми түрде 1977 жылы Мәскеу қаласындағы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ Бас конференциясында бекітілген болатын. 

Ал бірінші болып түнгі мезгілде 1997 жылы Германия музейлері келушілерге өз есіктерін ашқан екен.    2005 жылы француздар «Музей түні» халықаралық музей акциясын жыл сайын өткізіп тұру туралы өз пікірлерін ұсынды. Осы жылы Еуропа Кеңесі аталған ұсынысты бекітті. 2006 жылы әлемнің 38 елінің 2 мыңнан астам музейлері «Музей түні» жобасының қатысушылары болды. Осы  жылы  «Музей түні» халықаралық акциясына Қазақстан елі де қосылды. Қазақстандағы «Музей түні» мерекелік шарасын алғашқылардың бірі болып ҚР Мемлекеттік орталық музейі ұйымдастырды.

Бұл күні музейде ашық есік күні өтеді, сол күні келушілер барлық көрме мен экспозицияны тамашалай алады. Қазақстанда 150-ге жуық музей бар, онда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Еліміздің мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрлерін қастерлейтін қадірлі жандарды мерекемен құттықтаймыз! Сіздердің күнделікті қажырлы еңбектеріңіз біздің қоғам үшін өте маңызды! Сіздер болашақ ұрпақ үшін еліміздің жарқын әрі бірегей тарихыннан сыр шертетін ең құнды байлықты сақтап, еселі еңбек етіп келесіздер.

Халықаралық музейлер кеңесін (International Council of Museums — қысқаша ICOM ) дүниежүзінің музей ісі мамандары 1946 жылы құрған болатын. Ұйымның мақсаты – табиғи және мәдени жәдігерлерді сақтай отырып, өткен мен келешекті байланыстыру, халықтар арасында өткен заманның мұраларын танымал ету. Музей арқылы кез келген қоғам тарихи-мәдени мұраларға деген көзқарасын, құрметін білдіреді. Есте жоқ ескі замандардан қалған рухани және материалдық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай отырып, музейлер ауқымды деңгейдегі ғылыми-ағарту, білім, тәрбие ісін жүргізеді.

1992 жылдан бастап Халықаралық музей күні музей саласына қатысты белгілі бір тақырыппен өтетін болған. Бұл саланың негізгі мәселелерінің бірі – музей құндылықтарын заңсыз шығару. Міне, осындай проблеманың алдын алу үшін қоғам ішінде өткеннің құндылықтарын бағалай білерлік мәдениет қалыптастырған абзал.

2009 жылы Халықаралық музейлер күнінің тақырыбы – «Музейлер мен туризм» болды. Сонымен қатар 2010 жылы бұл күн «Музейлер — әлеуметтік үйлесім атынан», 2011 жылы «Музейлер мен Естелік», 2012 жылы «Жаңғырған әлемдегі жаңа музейлер. Жаңа тегеуріндер мен жаңа шабыт», 2013 жылы «Музейлер (Естелік + креативтілік) = Әлеуметтік өзгерістер», 2014 жылы «Музейлік коллекциялар біріктіреді», 2015 жылы «Музейлер мен қоғамның тұрақты дамуы», 2016 жылы «Музейлер мен мәдени ландшафтар», 2017 жылы «Музейлер мен дауға толы тарих: музейдегі күрделіліктер туралы айтамыз», 2018 жылы «Гиперкоммуникация дәуіріндегі музейлер: жаңа амалдар, жаңа аудиториялар», 2019 жылы «Мәдениет орталығындағы музейлер: болашақ дәстүрлер» болса, 2020 жылы «Тең мүмкіндіктер кеңістігі ретіндегі музейлер: әртүрлілік пен инклюзия» тақырыбында аталып өтті.

 «Музей түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамырда — Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы бұл акция 2 рет өтті.

Оның алғашқысы Наурыз мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген тақырыппен ұйымдастырылып, екіншісі — Халықаралық музей күніне арналған болатын.

Аталған шараны 200-ден аса оқырман, келушілер және қала қонақтары тамашалады. Іс-шара соңында кітапхана директоры Жанат Шардарбекова тарихты сақтаушы музей қызметкерлеріне алғыс білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Шеруге қатысушы музейлерге алғыс хат табыстап, облыстың бес жылдығына арнайы щығарылған «Бес жыл белестері» кітабын сыйға тартты.

«Халықаралық музейлер күні» мерекесіне орай Түркістан облысында «Музей түні – 2024» акциясы кең көлемде өтіп жатыр. Мәселен, «Отырар – тарих кеніші» тақырыбында өрбіген тарихи-танымдық кешті «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» ұйымдастырды. Мәдени шара барысында Отырар өңірінен табылған көне жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды. Ескі бұйымдарды қалпына келтіру, ұмыт бола бастаған дүниелерді қайта жаңғырту жұмыстары көрсетілді. Тарихи-танымдық кеш барысында жиналғандарға музей қорындағы құнды жәдігерлер таныстырылды. Одан соң орта ғасырлардағы ағаш шеберлері мен темір ұсталарының тынымсыз тіршілігі көрсетілді. 18-19-шы ғасырлардағы халқымыздың өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі қайта жаңғыртылды. Ұлттық нақышта киінген музей қызметкерлері келі түю, диірмен тарту, күбі пісіп, қамыр жаю сияқты асханалық көріністерді ұсынды.

«Кішкентай қол келі деп аталады. Бидайды осыған салып, түйеміз. Осыдан ұн шығарып, нан жасаған. Қазіргі жастарымыз біле бермейді, соны насихаттау мақсатында көне дәстүрді жаңғыртып жатырмыз» — дейді музейдің ғылыми қызметкері Мира Ахмет.

Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде Отырар қаласының орнынан табылған көне жәдігерлер мен  әшекей бұйымдар, алтын, күміс тиындар мен қыш ыдыстар көпшілік назарына ұсынылды. Сыры кетсе де сыны кетпеген құмыралар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

«Музейде Отырардан табылған бұрынғы заттардың барлығын көріп жатырмыз. Өте қызықты, өте керемет болып жатыр. Қаншама жылдан бері сақталып келе жатқан құмыралар әлі күнге дейін тұр екен осы жерде. Бірақ сынған, кеткен жерлері бар, бірақ соның бәрі маған қызық болып тұр» — дейді Отырар ауданының тұрғыны Розабике Файзуллаева.

Музейдің экспозиция залында қолөнер шеберлері жүнді өңдеп, жіп иіру тәсілдерінен шеберлік сабағын өткізді. «15-16 ғасырларда Отырар өңірінде қолөнерден бөлек, тоқыма өнері жақсы дамыған. Оған қазба жұмыстары кезінде табылған кілем тоқу құралдары мен музей қорына тұрғындар өткізген көне кілемдер мен төсеніштер куә», — дейді мамандар. Қазір музей қызметкерлері кілем тоқу өнерін қайта жаңғыртуда.

«Қойдың жүнін пайдалану арқылы бұрынғы кезде біздің апаларымыз өздері қолдан жасап, үйге тұтынатын кілемдер тоқыған. 2-3 кілемді 1 ай көлемінде тоқып, бітіріледі. Түкіт кілем деп аталады. Жиегіне қошқар мүйіден салынған және мынау шатыр гүл деп аталады. Ою-өрнектер, бұның қалыңдыңы 1 см болады. Жылы әрі төзімді болады» — дейді музейдің ғылыми қызметкері Үрзия Жұмабайқызы.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі 1982 жылы ашылған. Мұражайдың негізін «музей адам атанған», тарихшы-ұстаз Асантай Әлімұлы қалаған. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап, халқымыздың мол мәдени мұрасын жинақтаған. Тапқан дүниелерін ғылыми жүйелеп, келер ұрпақтың игілігіне айналдырды. Қазір өлкетанушының ізін ұлы жалғастырып жүр.

«Жер-жерді аралап, өзінің айлығына дейін жаратып, бір жерде бір зат бар десе, соны алып келіп осы жерге жинақтады. Біз енді соны ары қарай жалғастырып жатырмыз. Ең бірінші ашқанда 600-дей болған бүтін заттары, сынық затты әкем есепке алмаған. Кейін сынықтарын да есепке алып, қазір бәленбай мың зат жиналған ғой. Қор сақтау бөлімінде астында 10 бөлме бар, сол жерде сақтаулы тұр» — дейді суретші, өлкетанушы Марен Әлімұлы.

Бүгінгі күні Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында 25 мың жәдігер бар. Оның ішінде көне кітаптар мен алтын әшекей бұйымдар, тиындар, құмыралар мен темір сауыттар және қару-жарақ түрлері ең құнды дүниелердің қатарына кіреді. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындардың өткізген бұйымдары да бар. Қазір музей жұмысы біртіндеп сандық жүйеге көшіріліп жатыр.

«Музейдің қорын электронды жүйеге өткізсек, 1 ай бұрын бізде электронды сайт ашылды. Сол сайтқа музейдегі 25 мың жәдігер туралы ақпарат пен фотоларын қойсақ, жариялап жүрсек. Адамдар тек қана келіп емес, шетелдегі, басқа қалалардағы адамдар сайттан көрер еді. Кез келген адамның сұрағына жауап беруге дайынбыз» — дейді «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің» директоры Айбек Жандосов.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізгі міндеті — осы өңірден табылған тарихи жәдігерлерді жинап, қалпына келтіру. Мұндағы Арыстан баб, Сапар орталығы, Отырар қалашығы сияқты тарихи орындар да музейдің құрамына кіреді. Өткен жылы осы 4 нысанға 400 мыңға жуық турист келіпті. Айта кетейік, «Музей түні» акциясы аясында тұрғындардың қатысуымен ләңгі тебу, қошқар көтеру, қол күресі, гір тасын көтеру және қымызмұрындық сияқты ұлттық ойындар ұлықталып, жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды халықаралық музейлер күні мерекесімен құттықтады.

 — Құрметті достар! Бүгін — Халықаралық музейлер күні. Бұл мереке 1978 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІІ Бас Ассамблеясының шешімімен белгіленді.Мерекені жыл сайын 150-ден астам елде, әртүрлі мәдениет пен халықтар мұрасын қастерлеп, оны көпшілікке насихат етіп жүрген музей мамандары атап өтеді.Мұражайлар біздің жадымыз бен тарихымыз ғана емес, бұл адамзат мәдениетінің, даналығы мен білімінің қоймасы, — деп жазды «Facebook» әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында.

Министр адамның мәдени өмірін музейсіз елестету мүмкін еместігін, бұл тұлғаның рухани дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

— Қазақстанда 275 музей жұмыс істейді, оның 17-сі «республикалық» мәртебеге ие. 2023 жылы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына «Ұлттық» мәртебе берілді. Еліміздегі ҚР Орталық мемлекеттік музейі мен ҚР Ұлттық музейі тарихи-мәдени мұраны сақтау, оны насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар істеп отыр. Қазақстан тарихы мен мәдениеті саласында іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асырып келеді.Орталық мемлекеттік музей қорында 272 мыңға жуық экспонат бар, оның 28154-і ұлттық мәдени мұра тізіліміне енген. Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне биыл 10 жыл толады.Оның қорында 220 мыңнан астам экспонат бар. Артефактілер арасында палеонтология, археология, қару-жарақтар, нумизматика, алтын және асыл металдар, сәндік және бейнелеу өнері коллекциялары бар, — деді министр.

Министрдің сөзінше, Ұлттық музей — елорданың халық ең көп келетін мәдени нысандардың бірі. Ашылғаннан бері оған 4 миллионнан астам адам, оның ішінде шет мемлекеттер мен үкімет басшылары, әлемнің жетекші компаниялары мен ұйымдарының өкілдері келген.

— Еліміздің мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарының сақтаушысына айналған барша музей мамандарын мерекемен құттықтаймын! Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз бәріміз үшін өте маңызды және біздің қоғамды үлкен өзгерістерге жетелейді.Сіздер еліміздің бірегей әрі қайталанбас тарихыннан сыр шертетін ең құнды байлығын келешек ұрпақ үшін сақтап келесіздер.Сіздерге толайым табыс, сарқылмас күш-жігер мен мол игілік тілеймін, — деп жеткізді тілегін министр.

Жалпы, Қазақстанда 275 музей жұмыс істейді. Оның ішінде 16 республикалық, 15 музей-қорық, 244 өңірлік музей бар. Жыл сайын музейлерге келушілер саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылдың басынан бері миллионнан астам адам мәдени нысандарға барған.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Қазақстанның алғашқы мемлекеттік музейі, еліміздегі музей ісінің қалыптасуына мұрындық болған – ҚР Орталық мемлекеттік музейі. Мұражай Орталық Азиядағы ең көне және ең ірі музейлердің бірі болып саналады. Биыл музейдің ашылғанына 104 жыл толады, ал 95 жыл бұрын музей Алматыға көшірілген.

Қазір музейде мәдени-ағарту, экспозициялық-көрме, сақтау, ғылыми-зерттеу, реставрация, коллекционерлік, есепке алу, редакциялық-баспа қызметтері бар және халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді.  

ҚР Орталық мемлекеттік музейі қоры 273 611 сақтау бірлігін құрайды, оның 28 838-і ұлттық мәдени игілік тізіліміне енгізілген.

Айта кетейік,  музей –  әрқашан адамзат тарихы мен мәдени мұраның сақтаушысы, өйткені олар үлкен ғылыми-ағартушылық, білім және тәрбие беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Қазақстан музейлер қорында 4 000 000-нан астам музей заты бар, олардың 360 мыңы Ұлттық мәдени игілік объектілері қатарына енген.

2022 жылы Қазақстан азаматтары музейге 6 097 мың рет барса, 2021 жылы 5 104 мың рет болған. Халықаралық музей күніне орай Ұлттық статистика бюросы мәдени мекемеге барушылар жайлы статистикалық мәлімет ұсынды.

Музейге барушылардың басым бөлігі Түркістан облысында – 1 492 мың келуші, одан кейін Астанада – 643 мың келуші және Шығыс Қазақстан облысында – 564 мың. Бұл ретте музей аралайтын адамдардың ең азы Шымкент қаласында тұратынын айта кету керек – 43 мың.

Шымкент қаласында музей саны да көп емес — небәрі бесеу.

Жалпы 2023 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда барлығы 271 музей жұмыс істесе, бір жыл бұрын оның саны жетіге азайған. 

Көш басында музей саны бойынша Түркістан облысы тұр – 27 музей.

Ақтөбе облысында 20 музей және Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әрқайсында 19 музей жұмыс істеп тұр.

271 музейдің 48-і – тарихи, 109-ы – өлкетану, 65-і – мемориалдық, тағы 14-і – қорық музей, 11-і – өнертану және басқа.

Музейлерде барлығы 2,6 миллион экспонат сақтаулы тұр.

Реті келгенде әлемдегі ең ерекше музейлер туралы да ақпарат бере отырайық.  Бұл музейлер әлемнің түрлі елдерінде орналасқан. Олар өздерінің архитектуралық пішіндерімен ғана емес, көрме тақырыптарымен де таңғалдырады. Сонымен…

Кронплатц шыңындағы Месснер тау музейі, Италия

Мұражай италиялық альпинист Райнхольд Месснердің құрметіне аталған. Ол Кронплатц таулы үстіртінің басында орналасқан. Мұнда келушілер альпинизм тарихы, планетаның ең маңызды шыңдары қалай бағындырылғаны, сондай-ақ альпинизмге арналған жабдықтар туралы мәліметтерді біле алады.

Ертеңгі күн музейі, Рио-де-Жанейро, Бразилия

Рио-де-Жанейродағы ғылым музейін испаниялық нео-футурист архитектор Сантьяго Калатрава жобалаған. Ол Мауа пирсіндегі жағалаудың жанында салынған. Музей порт аймағының қайта урбанизациялау символы ретінде ұсынылды. Негізгі көрме аумағы келушілерді көптеген эксперимент, арнайы эффекті және тәжірибелер арқылы Жер мен Ғарыш, ертеңгі күн және адамдар сияқты салалармен таныстырады.

Кунстхаус заманауи өнер музейі, Грац, Австрия

Ғимарат әдеттен тыс блоб стилінде салынған. Ғимараттың идеясын лондондық архитекторлар Питер Кук пен Колин Фурнье ойлап тапқан. Бұл бірегей кеңістікте ең озық және инновациялық көрмелер өтеді.

Дохадағы Катар ұлттық музейі

Бұл елдің Ұлттық музейі мемлекет пен оның халқының тарихына арналған. Музей ғимараты шөлдегі раушан гүлінің пішінінде жасалған. Оның авторы – француз архитекторы Жан Нувель.

Калининградтағы Дүниежүзілік мұхит музейі

Мұнда кеме қатынасы, флора, фауна, дүниежүзілік мұхиттардың геологиясы мен гидрологиясына арналған тұрақты көрмелер мен «теңіз» кітапханасынан басқа экологиялық станция жұмыс істейді және әртүрлі дәрістер өткізіледі, ғалымдар зерттеумен айналысады. Сонымен қатар мұнда су астындағы мәдени мұра орталығы ашылған.

Corpus адам денесі музейі, Нидерланды

Бұл ғимараттың қасбеті ғана емес, келушілерді адам ағзасымен таныстыратын бағдарламасы да өте қызықты!

Шанхай астрономия музейі, Қытай

Планетарий 2021 жылы Шанхайдағы Пудун ауданындағы Линган Жаңа қаласында ашылған. Музей күмбезі 38 мың шаршы метрді алып жатыр. Бұл — құрылыс ауқымы бойынша әлемдегі ең үлкен планетарий. Планетарийдің жобасын Нью-Йорктегі Ennead Architects компаниясы әзірлеген. Музей сонымен қатар келушілер үшін білім беру және ойын-сауық орталығы ретінде қызмет етеді және Шанхай ғылым және технология музейінің бөлігі.

Гуггенхайм музейі, Бильбао, Испания

Америкалық Соломон Гуггенхайм музейінің филиалы 1997 жылы Испанияның Бильбао қаласында ашылған. Музей көрмелерімен ғана емес, қазіргі заманның ең әсерлі ғимараттарының бірі ретінде де танымал. Ғимаратта бірде-бір тік бұрыш жоқ, музейдің өзі шыны мен болаттан жасалған алып кемеге ұқсайды.

Ханой музейі, Вьетнам

Музей көрмелері Вьетнам қарулы күштерінің жауынгерлік жолына арналған. Мұнда кеңестік, қытайлық, сондай-ақ америкалық және француздық әскери техника мен қару-жарақ үлгілері қойылған. Мұнараның шолу аумағынан Ханой қаласының әдемі көрінісін тамашалуға болады.

Болашақ музейі, Дубай, БАӘ

Музей инновациялық және футуристік идеяларға арналған. Ол Дубайдың қаржы ауданында орналасқан. Болашақ музейі – Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті және премьер-министрі мен Дубай билеушісі Жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум жазған болашақ туралы өлең жазылған терезелері бар доғал пішінді ғимарат. Дубай болашақ қоры негізін қалаған.

Бакудегі Гейдар Әлиев атындағы мәдениет орталығы.

Бұл үлкен құрылыс кешенін ирак-британ сәулетшісі Заха Хадид жобалаған және өзінің ерекше сәулетімен және өткір бұрыштары жоқ стилімен танымал. Орталық 1969-1982 жылдары Әзербайжан КСР бірінші хатшысы және 1993 жылдың қазанынан 2003 жылдың қазанына дейін Әзербайжан Республикасының президенті болған Гейдар Әлиевтің есімімен аталады.

Zeitz MOCAA заманауи өнер музейі, Кейптаун, Оңтүстік Африка Республикасы.

Бұл – Африканың қазіргі заманғы өнерінің әлемдегі ең үлкен музейі. Ол өткен ғасырдың 20-жылдары салынған бұрынғы астық қоймасында орналасқан.

Соумайя музейі, Мехико, Мексика.

Өнер музейі 1994 жылы құрылған және 2011 жылдан бері жаңа алты қабатты ғимаратта орналасқан. Миллиардер Карлос Слимнің қаражатына Мехико қаласында салынған және топтамада миллиардердің 66 мыңнан астам жеке бағалы бұйымдары қойылған.

Холон дизайн музейі, Израиль.

Бұл дизайнға арналған Израильдегі алғашқы музей. Ол заманауи мәдениетке арналған әлемдегі жетекші музейлердің бірі ретінде танымал. Музей әлемге әйгілі сәулетші Рон Арадтың ғимаратында орналасқан.

Мұражаймузей, (грек тілінде «musem» – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме.

Мұражай заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Мұражай ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.

Мұражай алғашында бағалы бұйымдар мен заттар, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасты. Мұражайдың қалыптасуына көне замандардағы коллекциялар негіз болды. Ежелгі Рим шешені Марк Туллий Цицерон: “коллекция – шашыранды заттарды бір топқа біріктіру” деп түсіндірді. Коллекциялау ісімен Аристотель, Рим патшасы Юлий Цезар, т.б. айналысты. Еуропада тарихи мұражайлар 16 – 18-ші ғасырларда пайда болды. Мұражайдың қалыптасуы ұлттық сана-сезімді оятуға, мәдени-саяси идеяларды (ой-сезімді) насихаттауға көмектесті. 1820 жылы Германияда өнер мұражайлары құрылды. 1811 жылы Ресейде – Феодосияда, 1825 жылы Одессада, 1828 жылы Керчьте археологиялық бағыттағы және әскери-тарихи мұражайлар құрылды. 19-шы ғасырда этнографиялық зерттеулердің дамуы нәтижесінде этнографиялық мұражайлар құрылып, олар ғылыми-зерттеу орталықтарына айналды. Олар: Будапешт (1872 жылы), Стокгольм (1874 жылы), Париж (халықтану мұражайы, 1877 жылы), Роттердам (1883 жылы) қалаларында құрылған этнографиялық мұражайлар. Ашық аспан астындағы алғашқы этнографиялық мұражайлар Скансенде (Стокгольм, 1891 жылы), қасиетті Мартинде (Словакия, 1893 жылы), Софияда (1893 жылы) Брюссельде (1897 жылы), Краковта (1910 жылы), Арнхемде (Нидерланд, 1912 жылы) құрылып, ірі ғылыми ізденістермен айналысты.

Мұражай негізгі бaғыты тұрғысынан бірнеше топтарға бөлінеді: тарихи мұражайлар (жалпы тарих, археологиялық, антропологиялық, этнографиялық, нумиcматикалық, т.б.), көркемөнер мұражайы (көркемөнер, мүсін, қолөнер, қолдaнбалы өнер, театр, музыка кино, т.б. музейлер), ‘‘жаратылыстану мұражайы’’ (биологиялық, зоологиялық, геологиялық, минералдық, палеонтологиялық, т.б), техникалық мұражайлар (авиация, автокөлік, кеме жасау, тау-кен ісі, өнеркәсіп, өндіріс өнімдері, т.б.), ‘‘кешенді мұражай’’ (тарих, шаруашылық, жаратылыстану, т.б. бағыттарды біріктіріп, жұмыс істейтін кең профильді өлкетану мұражайы), мемориалдық мұражай (мемлекетке, өнерге, әдебиетке ғылымға еңбегі сіңген белгілі адамдардың жеке өнері мен қызметіне арналған мұражай). Мұражай ісінің негізгі бағыттары – мұражай мұраларын (жәдігерлерді) жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру (рестоврация), консервациялау, зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату, мұражайдың кадрлық жүйесін жетілдіру. Мұражай жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне: көрмелерэкспозициялар ұйымдастырутақырыптық дәрістерғылыми-практикалық конференциялар өткізумұражайлық басылымдар шығару, т.б. жатады. Мысалы, Қазақстандық мұражайларда кейінгі жылдары 20 мыңнан астам көрме мен дәрістер өткізілді.

Мұражайлардың қор жинақтау жұмысында далалық экспедиция, ғылыми институттармен бірлескен жұмыстардың нәтижелері кеңінен қолданылады. Қазақстанда мұражай тарихы 1830 жылдан басталады. Орынборда жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде 1831 жылы Неплюев әскери училищесі жанынан губерниялық мұражай ашылды. Бұл мұралар қазіргі таңда ҚР Орталық Мемлекеттік мұражайының негізгі қорын құрауда. Қaзақстанда 1913 жылы – 3, 1927 жылы – 6, 1937 жылы – 19, 1939 жылы – 25, 1970 жылы – 29 мұражай болса, қазіргі таңда мұражай саны 275-ке жетті. Оңтүстік мемлекеттік мұражай (1830 жылы), Ә.Қастеев атындағы республикалық өнер мұражайы (1935 жылы) Президенттік мәдени орталық (2000 жылы), Мемлекеттік алтын және асыл металдар мұражайы (1994 жылы), ҚР ҰҒА Археология музейі (1973), Үлттық валюта музейі (1993), Кітап музейі (1978 жылы) Ықылас атындағы Республикалық халық саз аспаптар музейі (1980), “М. Әуезов үйі” ғылыми орталық музейі (1962 жылы), т.б. Мемориалдық музейлер де Қазақстанның тарихи-мәдени рухани өмірінде маңызды рөл атқаруда. Олардың ірілері: Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Абай-Шәкерім кешені, Д.Қонаевтың, Қ.И. Сәтбаевтың, Ж.Жабаевтың, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің, Ғaзиза және Ахмет Жұбановтардың, Ш.Уәлихановтың (Алтын Емел), т.б. мемориалдық музейлері. 1889 жылы 20 маусымда халықаралық “Музейлер ассоциациясы” құрылды. 1918 жылы Халықаралық музейлер Бюросы құрылып, “Музеон” журналын шығарды. Бұл ЮНЕСКО-ның “Музеум” журналының шығуына негіз болды. 1946 жылы Луврда (Париж) ЮНЕСКО-ның құрамына енген Халықаралық Мұражайлар Кеңесі құрылды. ІCOM-ға 1948 жылы – 29 мемлекет, 1950 жылы – 43 мемлекет, 1977 жылы – 109 мемлекет, 1999 жылы 135 мемлекет мұражайлары мүше болды. 2002 жылы мамыр айынан бастап “Қазақстан музейлері” журналы шыға бастады. 1977 жылы Халықаралық музейлер Кеңесінің 11-конференциясында 18 мамыр ‘‘Халықаралық мұражай күні’’ болып белгіленді. Қазіргі таңда мұражай қызметі қоғамдық институт ретінде әлеуметтік қоғамдық-экономикалық жағдайға сай жүргізілуде.

Мұнан өзге 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай «Музей – тарих айнасы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады.

– Музей мәдениеттің айнасы іспетті. Өйткені кез келген елдің тарихын білу үшін музейіне бару жеткілікті. Онда мәдениетімен танысамыз. Сондықтан музей қызметкерлері бір орында тұрып қалмауы керек. Түрлі көрмелерге қатысып, білім алып, тәжірибе арттыру маңызды. Әріптестер, осынау мереке құтты болсын. Отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс, кәсіби даму тілеймін, – деген басқарма басшысы бірқатар музей қызметкерлеріне алғыс хат табыстады.

Шара барысында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, өңірде этносаралық татулық пен келісімді сақтауға және мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға белсене қатысқаны үшін орталықтың бір топ қызметкерлері Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Күні бойы жалғасқан шарада Облыстық білім басқармасына қарасты «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-нің үйірме жетекшілері мен шәкірттері өнер көрсетті. Сондай-ақ саурандық өнерпаздармен қатар, қалалық мәдениет үйінің әншілері көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Орталыққа қарасты музей филиалдары да шараға атсалысып, көрме жасақтады.

Айта кетейік, атаулы күнге орай іс-шаралар екі күнге жоспарланған. Музейде «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, келушілерге тегін қызмет көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ «Музей түнінде» келушілермен бірге қызықты ойындар ойнатылды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлық табысталып, экскурсоводтар орталық жұмысын таныстырды.

Мұражай – ұлтымыздың бұрынғысы мен бүгінгісін, болашақ игі мұраттарын сабақтастыратын баға жетпес қазына. Біз өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin