Елордада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Бірлік керуені» салтанатты іс-шарасы өтті. Жиынға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, дүбірлі додаға қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары, бапкерлер, өнерпаздар және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ербол Мырзабосынов Дүниежүзілік көшпенділер ойыны секілді мәні терең, мазмұны бай жаһандық жарыстың қазақ топырағында ұйымдастырылуы зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін, ал оның абыроймен өтуіне үлес қосуы отаншылдықтың белгісі екенін атап өтті.
«Биыл еліміз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдап жатыр. Бейресми түрде дүбірлі доданы Көшпенділер Олимпиадасы деп те айтады. Ал дәстүрге сәйкес, Олимпиада, Азиада, Универсиада секілді ауқымды спорттық іс-шараларда Алау эстафетасы ұйымдастырылады. Бұл – ірі жарыстардың ажырамас бөлігі. Біз осы бір игі дәстүрді қазақ халқының дәстүр-салтына лайықтап, жаңаша форматта өткізуді жөн көрдік. Көшпенділер ойындарының негізгі элементі – қасиетті нышаны су. Сондықтан бүгін еліміздің әрбір өңіріндегі қасиетті бұлақтардан алынған су арнайы керуенмен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына жеткізіліп отыр», — деді Туризм және спорт министрі.
Көшпенділер ойындары – Қазақстанды әлем жұртшылығына жаңа қырынан паш ететін бірегей жоба. Қазіргі таңда Ойындарға қатысушылар мен туристер дүбірлі доданы тамашалау үшін Астанаға арнайы келіп жатыр.
Айта кетейік, 8-13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2700-ден астам спортшы қатысады. Олар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салады.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.
«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді.Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.
Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.Төрткүл дүниені жайлаған көшпенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ үйіміз – Жер ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұласты.
Сонымен қатар салтанатты жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі.
Сонымен қатар кеше V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан көкпаршыларын 16:0 есебімен жеңді. Бірінші таймда қазақстандық көкпаршылар 8:0 есебімен алда келе жатты. Екінші таймда есепті 16:0-ге жеткізді.
«Қарсыласымызды өте жақсы білеміз. Өзбекстанға барғанда ойнағанбыз. Аттарымызды барынша дайындадық. Жеңіске жетуге барымызды салдық», – дейді көкпардан ұлттық құрама спортшысы Құрманбек Тұрғанбек.
«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпар бәсекесіне 9 мемлекеттің құрамасы қатысып жатыр. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы сынға түседі. Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия.
Финалдық ойындар 12 қыркүйекте өтеді.
10 қыркүйек күні Астана қаласында өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екінші жарыс күнінде түркістандық спортшылар ел қоржынына 5 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде салды. Атап айтсақ, Ермек Құралбаев, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай аударыспақтан алтын жүлде еншілесе, қазақ күресінен әйелдер арасында Айжан Жылқыбаева Көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Тағы бір алтын жүлдені ел қоржынына жамбы атудан Батыр Бексауыт салды.
Ал жамбы атудан күміс жүлдені Айтбек Сарыбай, қола жүлдені Ералхан Айкөз еншіледі.
Айта кетейік, жарыстың екінші күні ҚР ұлттық құрамасы қоржынында жалпы 9 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.