Түркістан өңірінің отаншыл мектеп түлектері ауылдарына «Рәміздер» алаңы мен Тутұғырлар тарту етіп жатыр

Елімізде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні болып аталып өтеді. Осынау айтулы күні егемендіктің нышаны болған рәміздер насихаталады. Жастарды патриоттыққа баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Түркістан облысының аудан, қалаларында ерекше үрдіс қалыптасып келеді. Мектепті 20-30 жыл бұрын бітірген түлектер туған ауылдарына «Рәміздер» алаңы мен Тутұғыр салып беруде. Бұл жөнінде Мемлекеттік рәміздер күнінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тоқталып, өңірдің отаншыл азаматтарына ризашылығын білдірді.

Былтыр Созақ ауданындағы түлектердің осындай тартуы ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. «Созақ» мектеп гимназиясын 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылға кіре-берістегі саябақ алдына «Рәміздер» алаңын салып берді. 23 метр биіктікке Мемлекеттік Ту орнатылды және Елтаңба мен Қазақстан картасы бейнеленіп, Әнұран мен ауыл тарихы жазылған үлкен белгі қойылды. Аллея аумағы абаттандырылып, шырша егілді. Сонымен қатар Отырар ауданының екі бірдей ауылында да игі бастама іске асқан. Атап айтқанда, Балтакөл және Маяқұм ауылдарының мектепті 20, 30 жыл бұрын бітірген түлектері өз қаражатына «Рәміздер» алаңын салып берген болатын. Жақсы үрдіс биыл да жалғасын тауып, Сауран ауданындағы мектеп түлектері ауыл тұрғындарын ерекше сезімге бөлеп, 2 Тутұғыр салып берді.

Бүгінде жалпы өңірдегі Тутуғыр саны 26-ға жетті. Биыл Мақтаарал ауданында демеушілердің қолдауымен тағы да 1 «Рәміздер» алаңы бой көтеріледі деп жоспарлануда. Мұндай игі істің елдікке шақыруға, өскелең ұрпаққа рухты тәрбие беруге ықпалы зор. Өйткені алдағы уақытта мұнда патриоттық, рухани-мәдени іс-шаралар өткізіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтіп келеді. Бүгін Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңында» 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Мерекелік шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым, белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, қала тұрғындары қатысты.

– 1992 жылыТәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми түрде белгіленіп, 4 маусым – Рәміздер күні болып бекітілді. Баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік Ту, Әнұран және Елтаңба – тәуелсіздігіміздің дәлелі. Мемлекетіміздің айбары. Ұлтымыздың рухын оятатын рәміздерімізді күллі әлем мойындайды және құрмет көрсетеді. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген мемлекеттерде биікте желбіреп тұр. Жеңімпаз спортшыларымыз Туымызды көкке көтеріп, Әнұранды асқақтатуда. Ал Елтаңбамыз елдігіміздің белгісіндей жарқырап тұр. Бұл әрбіріміз үшін зор мақтаныш, бақыт екені даусыз! Бүгінгідей керегеміз кең, тереземіз тең заманда күн кешуіміз – Тәуелсіздік сыйлаған тыныштық пен тұрақтылықтың арқасы. Ал Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтен басталатыны айқын. Бұл ретте Түркістан өңірінде отаншыл, намысты азаматтар, жалынды жастар өсіп өте көп екенін атап өткім келеді. Олар рәміздерді құрметтейді және қадірлейді. Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы! Сондықтан біз жас ұрпаққа Мемлекеттік рәміздердің мәнін ұқтырып, маңызын түсіндіре білуіміз керек. Әр қазақ Әнұранын шырқап, көк Туын қадірлесе, еліміздің еңсесі биік болатыны анық. Аспан түсті Туы, асқақ Әнұраны, айбынды Елтаңбасы бар Қазақ елі жасай берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

Осы күні «Керуен сарай» кешенінен «Рәміздер алаңына» дейін ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған автошеру өткізілді.

Ту көтеру рәсімі мерекелік бағдарламаға жалғасты. Мерекеде Түркістан жұртшылығы, «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен талантты жасөспірімдер Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындады. Бұдан бөлек патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке жігер сыйлады. Түркістандықтар маңызды мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, Мемлекеттік рәміздер дәріптелді.

Айта кетейік, ту тұғырдың биіктігі 62,5 метрді құрайды. Байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр. Жалпы 1992 жылдың қаңтарында Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің жобасын дайындау туралы байқау жарияланды. Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны сол жылы бекітілді. Ал 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданған болатын.

Иә, 4 маусым – Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің күні! 1992 жылдан бастап аталып өтіліп келе жатқан айтулы мереке бүгін Түркістан төрінде кезекті рет жоғары деңгейді өткізілді.

Облыстыың белсенді тұлғалары, яғни мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым, белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, қала тұрғындары қатысқан мерекелік шарада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркістандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, елдігімізді дәлелдейтін мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу, болашақ ұрпақтың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыру туралы атап өтті.

Бойымызды мақтаныш сезімі кернеп, рәміздеріміздің мәнін ұғатын салтанатты шараға Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы бастаған ұстаздар қауымы мен оқушылар белсене қатысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлестерін қосқанын да айта кеткен жөн. Өз кезегінде оқушыларымыз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

«Құрметті түркістандықтар! Қадірлі жерлестер!

Сіздерді 4 маусым – Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекеттік Ту, Әнұран және Елтаңба – тәуелсіздігіміздің дәлелі. Мемлекетіміздің айбары.

Бүгінгідей керегеміз кең, тереземіз тең заманда күн кешуіміз – Тәуелсіздік сыйлаған тыныштық пен тұрақтылықтың арқасы. Ал, Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету Мемлекеттік Рәміздерімізге деген құрметтен басталатыны айқын.

Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы. Сондықтан біз жас ұрпаққа Мемлекеттік рәміздердің мәнін ұқтырып, маңызын түсіндіре білуіміз керек. Әр қазақ Әнұранын шырқап, көк Туын қадірлесе, еліміздің еңсесі биік болатыны анық.

Көк байрағы желбіреген, Әнұраны асқақтаған, айбынды Елтаңбасы бар Қазақ елі жасай берсін! Еліміз аман, халқымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!» — деп құттықтады Түркістан облысының әкімі Дархан САТЫБАЛДЫ.

Айта өтейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылы ротасының бастығы салтанатты шараға дайындығы жөнінде Мемлекет басшысына рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екеніне назар аударды.

– Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы деп атады.

– Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтпақшы, 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні Сарыағаш ауданында да жоғары деңгейде аталып өтті. Салтанатты жиында патриоттық рухта тәрбиеленіп келе жатқан жас буын өнерін ортаға салды.

Солардың бірі — Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №70 С.Байғозиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Әсел Барат. Ол АК-74 автоматын 11 секунд ішінде бөлшектеп, 24 секунд ішінде жинақтап көпшілікті таң-тамаша етті. Әселге, аудан әкімі арнайы алғыс хатын табыстап, өңірде патриот жастардың өсіп келе жатқанын мақтан етті.

Айта кетейік, Әсел Барат халық қаһарманы С.Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай өткізілген “Айбын 2024” республикалық әскери- патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңінде қыздар арасында АК-74 қаруын бөлшектеп жинақтаудан Түркістан облысы бойынша рекордтық көрсеткіш орнатқан еді. Жетекшісі — Айдар Балабеков.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin