Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардағы күрделі жөндеуден өтетін көп қабатты үйлерді аралады.
Жалпы, қала ішінде жөндеуді қажет ететін 46 үйде бүгінде жұмыстар басталып кеткен. Үйлердің сырты әрленіп, шатыры, подъезд терезелері ауыстырылады, сондай-ақ, жертөледегі су және жылу құбырлары жаңартылады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы вокзал мен базар аумағын аралап, карантин талаптарының сақталуын бақылады. Түркістан облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №17 Қаулысына сәйкес, ашық және жабық базарлар сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді. Осы ретте, келушілер мен тұрғындар денсаулығы үшін карантин талаптарының сақталуы маңызды екенін айтқан Нұрбол Әбдісаттарұлы базар аумағының тазалығына да ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Ол үшін базарлар басшылығы мен «Түркістан жарық-тазалық» мекемесіне тапсырма берілді. Жалпы, облыс орталығында 9 базар мен 8 сауда қатары бар. Сондай-ақ, жауапты мамандарға Түркістан теміржол вокзалы айналасындағы көгалдарды реттеп, қалпына келтіруді тапсырды.
Сонымен қатар, шаһар басшысы «Баянауыл» елді-мекеніндегі жолдарға асфальт төсеу барысын көрді. Аталған аумақта қазіргі таңда 9,2 шақырымды құрайтын 10 көшеге, Тұран мөлтек ауданындағы 16,8 шақырымды құрайтын 31 көшеге тас төселуде. Сауран мөлтек ауданында жалпы ұзындығы 4,3 шақырымға созылған 5 көшеге тас төсеу үшін жері тегістелуде.
Биыл қалалық «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» тарапынан тас төселген көшелердің қатары мен сапасын арттыру мақсатында, қала аумағындағы 286,4 шақырым топырақ жолға тас төсеу жоспарланған. Нәтижесінде, 300 топырақ көшенің жол сапасы артатын болады.
«ANYQ.KZ» — ақпарат