Төлеби аудандық ауруханасында ана сүтін еметін балалардың денсаулықтарын нығайту үшін, емшек емізуді насихаттауға бағытталған «Дүниежүзілік емшекпен емізу» апталығы өткізіліп тұрады.
Ана сүтінің нәресте денсаулығы үшін пайдасын дәрігерлер төмендегідей жеткізеді.
— ана сүтімен тамақтанған балалар демікпеден, диареядан, құлақ инфекциясынан, екінші типті диабеттен аз зардап шегеді;
— баланың емшекті ему актісі дұрыс тістеуді қалыптастырады және тіс жегінің алдын алады;
— балаға емшек емізу миының және баланың ақыл-ой қабілеттерінің жақсы дамуына ықпал етеді;
— емшек емізу болашақта балаға әлеуметтік және мәнсап сатысында жылжуға көмектесуі мүмкін;
— емшек емізу ана мен бала арасындағы байланысты орнатуға көмектеседі.
«Емізудің мұндай тәсілі балалар үшін пайдасынан басқа, ананың денсаулығына да оң әсер етеді. Емшекпен емізу ана мен баланы жақындастырады, сондай-ақ диабеттің, сүт бездері, аналық бездердің обырының және ананың босанғаннан кейінгі күйзелісінің пайда болу қаупін төмендетеді», — дейдіпедиаторлар.
Cоңғы кездері заман үрдісіне, табиғи құбылыстардың бұзылуына, сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты әйелдің жанды жері саналатын омырау безінің аурулары, әсіресе, қатерлі ісігі көбейе түсуде. Ана сүтінің азаюы, мезгілсіз суалуы, яғни жас аналардың бала емізуді қиынсынып, дайын “жасанды” тамаққа әуестенуі, бәрі-бәрі табиғи болмысқа қарама-қайшылық әкеліп, ана денсаулығына кері әсер етуде. Содан да болар, қазір әйелдер арасында сүт безі ауруының тырнағына ілініп, жарық дүниемен қоштасқандары, ауырып, жаны қиналып жүргендері қаншама? Сондықтан бұл кесел бүгінгі күннің ең өзекті проблемасына айналып отыр.
– Ананың балаға деген шынайы махаббаты ұлғайған сайын әйел ағзасындағы үлкен өзгеріс – сүт безінің июі жиірек болады. Содан барып емшек сүтінің биологиялық қасиеті де ұлғаяды. Бұрынғы аналарымыз емізу кезінде өмірдегі барлық қолайсыз жағдайларын ұмытып, бесік жырын айтуында үлкен тәрбиелік мән жатқанын аңғару қиын емес. Ол сүттің көбеюіне ғана әсер етіп қоймайды, әйел ағзасының жақсара түсуін де пайдасы зор. Көңілінде еш қайғы-қасіреті жоқ анадағы емшек сүті, науқас, жан дүниесі жараланған әйелдің емшек сүтіне қарағанда мөлшер жағынан да, сапа жөнінен де анағұрлым айырмашылығы болады. Қазір көптеген жас аналарда бірінші баладан кейін-ақ сүт кеміп немесе мөлшері азайып кетуі тым жиіленіп кетті. Осының салдарынан бала тойып ембейді немесе емген күнде де ана сүтінің қорегі төмен болғандықтан (мұндай сәтте ол өте сұйық су тәріздес келеді), сәбидің дұрыс өніп-өсуі, жетілуі нашарлайды. Яғни, баланың емшек ембеуі – емізу үрдісінің мүлдем тоқтап қалуына ықпалын тигізеді. Емшекте сүт жинала берген сайын оның сапалық қасиеті төмендейді. Екіншіден, жас аналар қазіргі кезде бала емізуге даяр емес. Олар бала емізу мен бала бағуды азап көреді. Тіпті, баланы “ұзақ” емізсе кеуде мүсінін бұзамыз деп ойлайды. Оның үстіне әйелдерге кеңес беретін орындарда келешек аналармен профилактикалық жұмыс мардымсыз жүргізіледі, жүргізілген күнде де олардың пәрменділігі өте төмен. Себебі, сүт бездерінің анатомиялық, физиологиялық құрылыстары, негізгі қызметі, аурулардан сақтану ережелері, қағидалары ешуақытта толығымен түсіндірілмейді. Мәселен, емшекте сәбиі бар анаға өте жиі жыныстық қатынаста тұруға болмайды, себебі еркектің гармоны сүт өндіргіш затты – пролактинді тежейді. “Алпыс екі тамыры иіп” деген сөзден шығады, емшектен сүт шықпауы немесе оның ерте суалуы осы июге де байланысты. Кейбір аналар сәбилерін жұлқылап, ашуланып, көңілі, ойы басқа жақта отырып емізеді. Тіпті, құйрығынан шапалақтап қоятынын қайтесіз. Мұндай сәтте емізіп отырған ананың алпыс екі тамыры иімек түгілі, бойындағы қаны суып қалмай ма? Жетпіске келіп жер тіреп тұрған әжелердің немерелеріне еміренгенде омырауы иіп, сүт шыққанын талай көргенбіз. Он бала тапқан ананың емшегінен сүт бұлағы таусылмайтыны қалай, ал жиырмадан асқан жап-жас аналардың сәбиінің ерні емшегінің үрпісіне тимей жатып, суалып жатқаны қалай? Төркіндетіп келгенде, бәрі де мейірімнен, жүректен, ең бастысы, аналық махаббаттың мықтылығынан. Қазір медицинаның өзі балаға уыз сүтін берудің өте пайдалы, маңызды екенін біліп, жарық дүниеге келіп, көзін жаңа ғана ашқан шақалақты анасының кеудесіне басып, емізуді міндеттеуде.
Қазіргі жас аналардың 80-85 пайызы сәбиін дұрыс емізбейді. Емізу уақытына да бейтарап қарайды. Дұрыс айтасыз, бұрын медицинада баланы үш сағатта бір емізу деген талап болды. Ол – тіпті бос сөз. Әрбір ана сәбиін емшегі сүтке толған уақытта кез келген сәтте емізе беруі керек. Бала емгеннен кейін, егер сүт емшекте қалып қойса, оны сауып тастаған жөн. Әйтпесе қалған сүт тез арада ашиды да жаңадан келетін сүтті бұзып, ірітеді. Одан сүттің сапасы кемиді, оның үстіне неше түрлі емшек аурулары (әсіресе, қабыну үрдісі) пайда болады. Әр мүшенің өзіндік ерекше қызметі бар. Ол – табиғи құбылыс. Біздің ағзамызда еш артық мүше жоқ. Егер тән өз қызметін толық атқармаса, онда ол ауруға бейім бола бастайды. Бұл негізгі қағида. Сүт өнбеген немесе аз емізілген емшекте ауру жиі кездеседі. Соның бірі – қабыну және ісік аурулары. ІІІ-ІV сатыдағы ауруы асқынған науқастар 60 пайызға жетіп отыр. Мұндай жағдайда қолданылатын ем 20 пайызға ғана шипалы, қалғандары 1-5 жыл арасында дүниеден озады деген сөз. Осыған сәйкес, ауруды алғашқы сатысында анықтауда дәрігерлердің үлесі 30-40 пайызға тең. Яғни, маман-дәрігерлер жеткілікті болса және олардың білім деңгейі сапалы келсе, бұған қосымша емхана мен ауруханаларда диагностикалық құрал-жабдықтар жеткілікті болса, онда науқастан дерттің І-ІІ өсу сатысында табылуға мүмкіншілік бар. Ал сырқаттың І-ші өсу дәрежесін табу оп-оңай. Себебі, әйелдің омырауы – адамның сыртқы мүшесі. Ол көзге көрініп, қолмен сыйпауға келеді. Демек, ауру алғашқы сатысында анықталған жағдайда ем тиімді жүреді, яғни науқас адамның өмірі 90-95 пайызға жуық сақталады. Елімізде жыл сайын 3 мыңнан астам әйел сүт бездерінің қатерлі ісігімен бірінші рет есепке алынады. Жыл сайын дерттің өсу жылдамдығы 5 + 7 пайыз болатындығын ескерсек, онда елімізде қатерлі ісіктің саны соншалықты шапшаң өспесе де, көбейе түсуде. Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау ісін жаңарту мен мемлекеттік бағдарламасы аясында сүт бездері қатерлі ісігін ертерек анықтау, сондай-ақ Еуропа елдеріндегі сияқты қатерлі ісіктің өлім көрсеткішін азайту мақсатында маммографиялық скрининг өткізу қолға алынды. Соның нәтижесінде барлық облыс, қалада әйелдер маммографиялық тексеруден өтуде Осы аралықта елімізде қаншама әйел тексеріліп, олардың арасынан сүт бездерінің қатерлі ісігі табылған. Бір қуанарлығы, сол мыңнан астам әйелдің 70 пайызында қатерлі ісік алғашқы сатысында анықталған. Демек, науқастың ол аурудан айығып кетуіне толық негіз бар деген сөз.
Әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі – жиі кездесетін, әрі өмірге қауіп туғызатын сырқат. Дерттің тікелей пайда болу себептері өте көп. Оларды негізінен үш топқа бөліп қарауға болады. Біріншіден, әйел ағзасының негізгі қызметтері: етеккірдің, жыныстық қатынас ережелерінің бұзылуы, бала көтеру, босану, емізу, екіқабаттылықтан сақтану шараларының өзгеруі. Осылардың қабаттасып келуі тым қауіпті, әсіресе, емшектегі сүт өндіру, шығару үрдістерінің ауытқулығы өте зиян. Екіншіден, ісік ауруында тұқым қуалаушылықтың рөлі бар. Бұл фактор 15-20 пайыз жағдайында орын алады. Үшіншіден, ағзада түрлі аурулардың алдын ала немесе қабаттасып келуі, әсіресе, жыныс, бүйрек үсті, қалқан, мишық бездерінің сырқаттары ерекше әсер етеді. Сүт бездеріндегі рак ауруы көбіне гинекологиялық аурулармен бірге (30-40 пайыз) жүреді. Сонымен қатар бауыр, жүрек және зат алмасу үрдістерінің (семіздік, қант ауруы) бұзылуы да дертке негіз болады. Қазіргі танда омыраудың қатерлі ісігі жыл сайын дамылсыз өсіп келеді. Оның ішінде жастардың (30-ға дейінгілер) жиі ауруы ғылымда дәлелденіп отыр. Олардың көпшілігі қалалық жерде. Ал, ауылдағылар бір жарым есе сирек ауырады. Дерттің зымияндығы сол, ол адамды ешуақытта мазаламайды. Ауру адам өзін сау адамдай сезінеді. Қолмен сипағанда ғана тәннен ауырмайтын бір қатты түйін ғана білінуі мүмкін. Сондықтан болар, ауырғандардың көпшілігі кездейсоқ жағдайда ғана өздерінен түйін тауып, мамандарға көрінбей өз беттерінше емдеуге тырысады немесе жанға батпаған соң дәрігер-мамандарға тез арада бармай, уақыт өткізіп алып жатады. Әйелдің омырауы – сыртқы мүше, мұндағы рак ауруының асқынуына жол беру – үлкен қателік. Егер дерт ІІІ- ІV өсу дәрежесінде анықталынса, онда ол онкологиялық ауруларға қарсы ұйымдастырылған жұмыстың пәрменсіздігін көрсетсе керек.