Төлеби: Жас аналардың 80-85 пайызы сәбиін дұрыс емізбейді

Төлеби аудандық ауруханасында ана сүтін еметін балалардың денсаулықтарын нығайту үшін, емшек емізуді насихаттауға бағытталған «Дүниежүзілік емшекпен емізу» апталығы өткізіліп тұрады.  

Ана сүтінің нәресте денсаулығы үшін пайдасын дәрігерлер төмендегідей жеткізеді.

— ана сүтімен тамақтанған балалар демікпеден, диареядан, құлақ инфекциясынан, екінші типті диабеттен аз зардап шегеді;

— баланың емшекті ему актісі дұрыс тістеуді қалыптастырады және тіс жегінің алдын алады;

— балаға емшек емізу миының және баланың ақыл-ой қабілеттерінің жақсы дамуына ықпал етеді;

— емшек емізу болашақта балаға әлеуметтік және мәнсап сатысында жылжуға көмектесуі мүмкін;

— емшек емізу ана мен бала арасындағы байланысты орнатуға көмектеседі.

«Емізудің мұндай тәсілі балалар үшін пайдасынан басқа, ананың денсаулығына да оң әсер етеді. Емшекпен емізу ана мен баланы жақындастырады, сондай-ақ диабеттің, сүт бездері, аналық бездердің обырының және ананың босанғаннан кейінгі күйзелісінің пайда болу қаупін төмендетеді», — дейдіпедиаторлар.

Cоңғы кездері заман үрдісіне, табиғи құбылыстардың бұзылуына, сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты әйелдің жанды жері саналатын омырау безінің аурулары, әсіресе, қатерлі ісігі көбейе түсуде. Ана сүтінің азаюы, мезгілсіз суалуы, яғни жас аналардың бала емізуді қиынсынып, дайын “жасанды” тамаққа әуестенуі, бәрі-бәрі табиғи болмысқа қарама-қайшылық әкеліп, ана денсаулығына кері әсер етуде. Содан да болар, қазір әйелдер арасында сүт безі ауруының тырнағына ілініп, жарық дүниемен қоштасқандары, ауырып, жаны қиналып жүргендері қаншама? Сондықтан бұл кесел бүгінгі күннің ең өзекті проблемасына айналып отыр.

– Ананың балаға деген шынайы махаб­баты ұлғайған сайын әйел ағзасындағы үлкен өзгеріс – сүт безінің июі жиірек болады. Содан барып емшек сүтінің биологиялық қасиеті де ұлғаяды. Бұрынғы аналарымыз емізу кезінде өмірдегі барлық қолайсыз жағдайларын ұмытып, бесік жырын айтуында үлкен тәрбиелік мән жатқанын аңғару қиын емес. Ол сүттің көбеюіне ғана әсер етіп қоймайды, әйел ағза­­сының жақсара түсуін де пайдасы зор. Кө­ңілінде еш қайғы-қасіреті жоқ анадағы емшек сүті, науқас, жан дүниесі жараланған әйелдің емшек сүтіне қарағанда мөлшер жағынан да, сапа жөнінен де анағұрлым айырмашылығы болады. Қазір көптеген жас аналарда бірінші баладан кейін-ақ сүт кеміп немесе мөлшері азайып кетуі тым жиіленіп кетті. Осының салдарынан бала тойып ембейді немесе емген күнде де ана сүтінің қорегі төмен болғандықтан (мұндай сәтте ол өте сұйық су тәріздес келеді), сәбидің дұрыс өніп-өсуі, жетілуі нашарлайды. Яғни, баланың емшек ембеуі – емізу үрдісінің мүлдем тоқтап қалуына ықпалын тигізеді. Емшекте сүт жинала берген сайын оның сапа­лық қасиеті төмендейді. Екіншіден, жас аналар қазіргі кезде бала емізуге даяр емес. Олар бала емізу мен бала бағуды азап көреді. Тіпті, баланы “ұзақ” емізсе кеуде мүсінін бұзамыз деп ой­лайды. Оның үстіне әйелдерге кеңес беретін ор­ындарда келешек аналармен профилакти­калық жұмыс мардымсыз жүргізіледі, жүр­гізілген күнде де олардың пәрменділігі өте тө­мен. Себебі, сүт бездерінің анатомиялық, фи­зио­логиялық құрылыстары, негізгі қызметі, ау­рулардан сақтану ережелері, қағидалары еш­уақытта толығымен түсіндірілмейді. Мәселен, емшекте сәбиі бар анаға өте жиі жыныстық қа­ты­наста тұруға болмайды, себебі еркектің гар­моны сүт өндіргіш затты – пролактинді тежейді. “Алпыс екі тамыры иіп” деген сөзден шығады, емшектен сүт шықпауы немесе оның ерте суалуы осы июге де байланысты. Кейбір аналар сәбилерін жұлқылап, ашуланып, көңілі, ойы басқа жақта отырып емізеді. Тіпті, құйрығынан шапалақтап қоятынын қайтесіз. Мұндай сәтте емізіп отырған ананың алпыс екі тамыры иімек түгілі, бойындағы қаны суып қалмай ма? Жетпіске келіп жер тіреп тұрған әжелердің немерелеріне еміренгенде омырауы иіп, сүт шыққанын талай көргенбіз. Он бала тапқан ананың емшегінен сүт бұлағы тау­сыл­майтыны қалай, ал жиырмадан асқан жап-жас аналардың сәбиінің ерні емшегінің үрпісіне тимей жатып, суалып жатқаны қалай? Төр­кіндетіп келгенде, бәрі де мейірімнен, жүректен, ең бастысы, аналық махаббаттың мық­ты­лы­ғынан. Қазір медицинаның өзі балаға уыз сүтін берудің өте пайдалы, маңызды екенін біліп, жарық дүниеге келіп, көзін жаңа ғана ашқан шақалақты анасының кеудесіне басып, емізуді міндеттеуде.

Қазіргі жас аналардың 80-85 пайызы сәбиін дұрыс емізбейді. Емізу уақытына да бейтарап қарайды. Дұрыс айтасыз, бұрын медицинада баланы үш сағатта бір емізу деген талап болды. Ол – тіпті бос сөз. Әрбір ана сәбиін емшегі сүтке толған уақытта кез келген сәтте емізе беруі керек. Бала емгеннен кейін, егер сүт емшекте қалып қойса, оны сауып тастаған жөн. Әйтпесе қалған сүт тез арада аши­ды да жаңадан келетін сүтті бұзып, ірітеді. Одан сүттің сапасы кемиді, оның үстіне неше түрлі емшек аурулары (әсіресе, қабыну үрдісі) пайда болады. Әр мүшенің өзіндік ерекше қызметі бар. Ол – табиғи құбылыс. Біздің ағзамызда еш артық мүше жоқ. Егер тән өз қызметін толық атқармаса, онда ол ауруға бейім бола бастайды. Бұл негізгі қағида. Сүт өнбеген немесе аз емізілген емшекте ауру жиі кездеседі. Соның бірі – қабыну және ісік аурулары. ІІІ-ІV сатыдағы ауруы асқынған науқастар 60 пайызға жетіп отыр. Мұндай жағдайда қолданылатын ем 20 пайызға ғана шипалы, қалғандары 1-5 жыл арасында дүниеден озады деген сөз. Осыған сәйкес, ауру­ды алғашқы сатысында анықтауда дәрігерлердің үлесі 30-40 пайызға тең. Яғни, маман-дәрігерлер жеткілікті болса және олардың білім деңгейі сапалы келсе, бұған қосымша емхана мен ауруханаларда диагностикалық құрал-жабдықтар жеткілікті болса, онда науқастан дерттің І-ІІ өсу сатысында табылуға мүмкіншілік бар.  Ал сырқаттың І-ші өсу дә­режесін табу оп-оңай. Себебі, әйелдің омы­рауы – адамның сыртқы мүшесі. Ол көз­ге көрініп, қолмен сыйпауға келеді. Де­мек, ауру алғашқы сатысында анық­талған жағ­дайда ем тиімді жүреді, яғни науқас адам­ның өмірі 90-95 пайызға жуық сақталады. Елімізде жыл сайын 3 мыңнан астам әйел сүт бездерінің қатерлі ісігімен бірінші рет есепке алынады. Жыл сайын дерттің өсу жылдамдығы 5 + 7 пайыз болатын­дығын ескерсек, онда елімізде қатерлі ісіктің саны соншалықты шапшаң өспесе де, көбейе түсуде. Қазақстан Республи­касындағы денсаулық сақтау ісін жаңарту мен мемлекеттік бағдарла­масы аясында сүт бездері қатерлі ісігін ертерек анықтау, сондай-ақ Еуропа елдеріндегі сияқты қатерлі ісіктің өлім көр­сеткішін азайту мақсатында мам­­мографиялық скрининг өткізу қолға алын­ды. Соның нәтижесінде барлық облыс, қалада әйелдер маммо­графиялық тексеруден өтуде Осы ара­лық­та елімізде қаншама әйел тексеріліп, олардың арасынан  сүт бездерінің қатерлі ісігі табылған. Бір қуанарлығы, сол мыңнан астам әйелдің 70 пайызында қатерлі ісік алғашқы сатысында анықталған. Демек, науқастың ол аурудан айығып кетуіне толық негіз бар деген сөз.

Әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі – жиі кездесетін, әрі өмірге қауіп туғызатын сырқат. Дерттің тікелей пайда болу себеп­тері өте көп. Оларды негізінен үш топқа бөліп қарауға болады. Біріншіден, әйел ағзасының негізгі қызметтері: етеккір­дің, жыныстық қатынас ережелерінің бұзылуы, бала көтеру, босану, емізу, екіқабатты­лықтан сақтану шараларының өзгеруі. Осылардың қабаттасып келуі тым қауіпті, әсіресе, емшектегі сүт өндіру, шығару үрдістерінің ауытқулығы өте зиян. Екіншіден, ісік ауруында тұқым қуалаушы­лықтың рөлі бар. Бұл фактор 15-20 пайыз жағдайында орын алады. Үшіншіден, ағзада түрлі аурулардың алдын ала немесе қабаттасып келуі, әсіресе, жыныс, бүйрек үсті, қалқан, мишық бездерінің сыр­қаттары ерекше әсер етеді. Сүт бездеріндегі рак ауруы көбіне гинекологиялық аурулармен бірге (30-40 пайыз) жүреді. Сонымен қатар бауыр, жүрек және зат алмасу үрдістерінің (семіздік, қант ауруы) бұзылуы да дертке негіз болады. Қазіргі танда омыраудың қатерлі ісігі жыл сайын дамылсыз өсіп келеді. Оның ішінде жастардың (30-ға дейінгілер) жиі ауруы ғылымда дәлелденіп отыр. Олардың көпшілігі қалалық жерде. Ал, ауылдағылар бір жарым есе сирек ауырады. Дерттің зымияндығы сол, ол адамды ешуақытта мазаламайды. Ауру адам өзін сау адамдай сезінеді. Қолмен сипағанда ғана тәннен ауырмайтын бір қатты түйін ғана білінуі мүмкін. Сондықтан болар, ауырған­дардың көпшілігі кездейсоқ жағдайда ғана өздерінен түйін тауып, мамандарға көрінбей өз беттерінше емдеуге тырысады немесе жанға батпаған соң дәрігер-мамандарға тез арада бармай, уақыт өткізіп алып жатады. Әйелдің омырауы – сыртқы мүше, мұндағы рак ауруының асқынуына жол беру – үлкен қа­телік. Егер дерт ІІІ- ІV өсу дәреже­сінде анықталынса, онда ол онкологиялық ауруларға қарсы ұйымдас­тырылған жұмыстың пәрмен­сіздігін көрсетсе керек.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.