Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайту аясында бірлескен инвестициялық жобаларды талқылауға арналған маңызды G2B кездесу өтті. Түркістан облысы делегектарциясы атынан облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров келіссөз жүргізді.
Келіссөздер кезінде экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету және Түркістан облысында бірқатар жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар кездесу аясында Хубэй провинциясы кәсіпорындарының халықаралық ынтымақтастық қауымдастығында Түркістан облысының Сауда өкілдігінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Екі тараптың өкілдері табысты ынтымақтастық экономикалық байланыстарды айтарлықтай жақсартып, дамуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Іссапар аясында облыс өкілдері Хубэй провинциясының Халықтық үкіметінің Шетел істері департаментінің директоры Чжан Сяомэймен кездесті. Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы ынтымақтастық нәтижелерін талқылады. Екі ел өкілдері байланыстарды нығайтуға ықпал еткен бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті.
Нұралхан Көшеров қытайлық серіктестерге екіжақты қатынастарды дамытуға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, Хубэй провинциясының басшыларын Түркістан облысына сапармен келуге шақырды. Аймақтар арасындағы байланыстарды нығайту экономиканы дамытуға ғана емес, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Кездесу Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге жасалған маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік аясындағы ынтымақтастықтың өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Естеріңізде болса, биыл шілде айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Ухань қаласында жалғастырған-ды. Хубэй өлкесіне қарайтын бұл аймақ елдің ең ірі экономикалық орталықтардың бірі және орталық Қытайдың ең ірі ауыл шаруашылығы дамыған провинцияларының бірі. 60 миллионнан астам халқы бар Хубэй мақта өндірісінде көш бастап тұр.
Сапар аясында облыс әкімі Хубэй провинциясының губернаторы Ван Чжэнпумен кездесіп, бауырластық меморандумына қол қойды. Құжат өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты қамтиды.
Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы ҚХР-ға жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген меймандостық пен жылы қабылдаулар үшін Хубэй провинциясының губернаторына алғысын білдіріп, өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде байланыста болып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.
Түркістан облысының Қытайға делегациясын басқарған өңір басшысы Дархан Сатыбалды Ухань қаласындағы іскер топтармен кездесіп, өңірдің әлеуетін таныстырды. Облыс әкімі бастаған делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы және Бас хатшысы Хуан Лисямен кездесті. Онда Хубэй халықаралық кәсіпорын қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу барысында екі елдің аймақтары арасындағы байланыс тұлғалары тағайындалды. Қазақстан-Хубэй байланыс орталығын құрғаны үшін Түркістан облысы әкімі төраға Хуан Чжоуженге куәлік тапсырды. Сонымен бірге Қадылбек Жалын мен Хуан Лисяға қазақстандық байланыс тұлғасының куәлігі берілді.
Сонымен қатар облыс әкімі Хубэй провинциясының іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Мақта өңдеу зауытын салу, Түркістан облысына тікелей рейстерді ашу, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылады.
Хубей өлкесі тоқыма өнеркәсібінен көш бастап тұр. Ухань – Қытайдың Хубей провинциясының орталығы. 12 миллионға жуық адам тұратын елдің орталық бөлігіндегі ең көп қоныстанған қала. Хубэй провинциясы – ҚХР экономикасындағы ең маңызды аймақтардың бірі болса, Ухань – Еуразияның маңызды логистикалық орталығы және негізгі көлік хабтарының бірі. Бұл өзен порты ғана емес, сонымен қатар Қытайдың ірі теміржол торабы.
Расын айту керек, Түркістан облысына инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен өндіріс орындарын ашу бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бір топ шетелдік инвестор мен кәсіпкерді қабылдап, келіссөздер жүргізді.
– Тарихы тереңде жатқан Түркістанға қош келдіңіздер. Алты жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, аймақтың жаңа даму жоспары жасалды. Мақсатымыз – тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, өңірдің экономикасын көтеру. Осы мақсатта бірнеше мемлекетке барып, келіссөздер жүргіздік. Байланысқа, әріптестікке әрдайым ашықпыз. Өңірімізде қолайлы бизнес-климат қалыптасқан. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар бар. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Инвесторларға тез жобасын жүзеге асыруға жағдай жасалған, – деді Дархан Сатыбалды.
«Shaanxi Zhonghuang Huancheng Technologi Co., Ltd» компаниясының бас директоры Ли Хайнан жоғары деңгейде қарсы алып, жобаларды талқылауға мүмкіндік тапқан облыс әкіміне алғысын білдірді. Кәсіпкерлер Түркістан қаласының сәулетіне, инвестициялық әлеуетіне жоғары бағаларын берді. Бірнеше сала бойынша әріптестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге аса бастады. Жоба аясында 308 миллиард теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады (10 нысан салынды). 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге Арнайы экономикалық аймақта да маңызды жобалар жүзеге асырылмақ.
Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумына келген инвесторлармен де G2В форматында келіссөздер жүргізген болатын. Талқыланған жобалар бойынша Түркістан брендімен шығарылатын тауарларды көбейтуге мүмкіндік мол.
Шетелдік инвесторлар Түркістанда өткен бизнес-форумның әлемдік аренадағы маңызды платформаға айналғанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ Түркістан өңірінде жасалған қолайлы инвестициялық климат үшін алғыстарын білдірді. Бірқатар кәсіпорын басшыларымен облыс әкімі осыған дейінгі Қытай еліне жасаған жұмыс сапарында кездескен болатын.
Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларын жеткізді. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетінін айтты. 50-ге жуық азаматпен кездескен облыс әкімі бірлескен жаңа жобаларды бастаудың жолдарын түсіндірді. Өңір халқының еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Жұмыс орындарын көптеп ашудың маңыздылығына тоқалды. Ауыл шаруашылығы дамыған аймақта өндіріс саласына қатысты жобаларға да мән берілетінін айтты. Қытайлық инвесторлармен құрылыс, тыңайтқыш өндіру, күн сәулесінен қуат алу, химиялық өңдеу, гектарз қазандықтарын жасап шығару, дрон өндірісі, сауда орталықтарын ашу, демалыс аймақтарын дамыту секілді жобалар жан-жақты талқыланды. Жүздесуде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілетіні айтылды.
– Біздің арнайы шақыртуымызды қабыл алып, еліміздегі халқы ең көп шоғырланған өңірге және тарихы терең Түркістан қаласына келгендеріңізге алғыс білдіремін. Түркістан өңірінде зауыт, фабрикалар ашып, жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар және өндірістік парктер бар. Бірлескен жобалалар үшін мүмкіндік мол. Біз бірлескен жобаларға, жұмыс орнын ашып, өңірдің өндірістік әлеуетін көтеретін бастамаларға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.