ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАҢА ШАҒЫНАУДАНДА ЖАҢА САЯБАҚ САЛЫНАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін «Shymkenт City» шағын ауданында болып, жаңадан салынатын саябақ құрылысының жобасымен танысты. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағынауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде.
Бұған дейін «Shymkenт City» аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған.
Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде.
Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады.
Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті.
Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, Еуропа елдерінде әр адам басына 24 шаршы метр жасыл желектен келеді екен. Ал еліміздегі Алматыда – 13 шаршы метр, Шымкентте 5-6 шаршы метрді құрайды. Жалпы стандарт бойынша жан басына шаққанда жасыл желек 10 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Сондықтан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің хаттамалық тапсырмасына және шаһарды көгалдандыру мен көріктендіруге байланысты жасалған арнайы бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.