
Тұран ауданының аумағында 6 базар және 11 сауда орталықтар орналасқан. Бүгінгі күнге дейін Тұран аудан әкімі аппаратының мамандары тарапынан аудан базарлары айналасындағы ретсіз сауда орындарын жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, «Жабық» базары айналасындағы ретсіз сауда орындарында заңсыздықты жою, тоқтату мақсатында ретсіз сауда иелерімен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Кремль көшесінде бос жер қоршалып, сауда қатарлары көшірілді.
Бұдан бөлек, «Автонұр» базарының жанында, Мақталы көшесінің бойында заңсыз сауда жасауына тосқауыл қою мақсатында заңсыз автотұрақ жойылды. Сауда қатарларында тамақ өнімдерін саудалайтын тұлғаларға аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарымен апта сайын рейдтік іс-шаралары жүргізіліп, заңға сәйкес шара қолданылуда. 2023 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Шымкент ҚПД Тұран аудандық полиция басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес, белгілінбеген орында ретсіз сауда жасағаны үшін 206 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде, 154 тұлғаға ескерту беріліп, 52 тұлғаға айыппұл салынған.
Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен аудандық полиция басқармасының өкілдері ретсіз сауда жасайтын тұлғаларға күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес шара көрілетіндігі ескертілуде. Айта кетейік, Қаратау ауданында да ретсіз сауда бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері мамандар тарапынан 184 хаттама түзіліп, айыппұл салынған. Ал, Әл-Фараби ауданында заңсыз сауда қатарларымен күрес жұмыстары күнделікті жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынған. Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері аудандық полиция басқармасымен бірлесе «Орталық Қырғы базар», Әлімқұлов, Төле би, Тәшенов көшелерінің бойына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, белгіленбеген орындарда сауда жасаушы тұлғаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері Шымкент ҚПД Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес белгіленбеген орындарда ретсіз сауда жасаған тұлғаларға 327 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ Абай ауданында да сауда нысанынан тыс, қоғамдық орындарда, жаяу жүргіншілер жолында, автотұрақтарға арналған орындарда сауда жасаған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес әкімшілік айыппұлдар салынып, хаттамалар түзілді. Қазіргі таңда бес ауданның тұрғындарына ретсіз орындарға сауда жасауға болмайтыны және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың негізгі баптары түсіндіріліп, қала аумағындағы базарлар мен жәрмеңкелердегі орындарда сауда жасау керек екендігі түсіндірілді.