Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру һәм түсіндіру бойынша қала жастарымен, ұстаздар және дін саласы өкілдерімен кездесті. Алдымен Сейітжан қари Есжанұлы атындағы үлкен мешітте қала имамдарымен жүздесіп, дін саласындағы мемлекеттік саясат, ұлттық идеология, ұрпақтар сабақтастығы жөнінде еркін форматта әңгімелесті.
Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Мәлік Отарбаев қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, мемлекеттік саясат, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
– Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан, адал азамат қағидасын әрдайым айтып келеді. Әділетті Қазақстанды құру үшін санамыз өзгеруі керек. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды насихаттап, тарихи сананы жаңғырту, жалпы мемлекетшілдік дәстүрді халыққа жеткізуіміз керек. Сіздер діни ғана емес, ұлттық идеология жолында да қызмет етіп келесіздер. Мемлекет басшысы айтқандай, біз озық ойлы ұлтқа айналуымыз қажет. Бүгінде қоғамдық мәдениетті дамыту, ұлттық бірлік пен ынтымақты сақтау — маңызды міндет, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Жиында қоғамдық мәдениетті дамыту, ұрпақтар сабақтастығын жалғау, мемлекетшілдік дәстүрді жалғастыру мәселелері талқыға түсті. Шаһарда бүгінде 94 мешіт жұмыс істейді. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде тиісті жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ұлағатты ұстаздармен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. «Түркістан» сарайында өткен іс-шараға қаладағы мектеп және колледж директорлары, білім саласы қызметкерлері қатысты.
Президент кеңесшісі Жолдау болашақ бағдарымызды айқындап берген құжат екенін, соңғы жылдары білім саласына көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Еліміздің саяси, идеологиялық бағытын жан-жақты түсіндіру мақсатында өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Президенттің кезекті Жолдауының негізгі тақырыбы – Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамдағы барлық қордаланған мәселенің түбінде әділетсіздік жатады. Әділеттілік қағидасы алға шығуы үшін жалпы дүниетаным, ой-сана өзгеруі тиіс. Біз өткеніміз бен бүгінімізді түгендеп, болашақты ойлауымыз керек. Ұстаз – ұлттың зияткерлік қуаты. Ұстаздарды мемлекеттік идеологияны жүргізетін тұлға деп санаймыз. Сол себепті де сіздерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Мемлекетшілдік ұстанымға назар аударыңыздар, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Сонымен қатар, Мәлік Отарбаев қоғамдық мәдениет білім мен ғылым арқылы дамитынын, ұстаздарға тарихи сананы жаңғыртып, оны ұрпаққа насихаттау керектігін айтты.
Жиында мектеп және колледж директорлары энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізудің маңызын, жалпы болашақты ойлауымыз керектігі жөнінде баяндама жасады.
ҚР Президентінің кеңесшісі қалалық Жастар ресурстық орталығында белсенді жастармен кездесті. Мәлік Нұржанұлы кездесуде қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ, жастардың саяси өмірге араласуын ынталандыру, пікір алмасу және идеяларды жүзеге асыру үшін бірлескен күш-жігердің маңызын жеткізді. Жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісті.
Еске салайық, 2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында Президент азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі экономикалық реформаларға басты назар аударды. Атап айтқанда, Президент Қ.Тоқаевтың бастамалары мен ұсыныстары салық жүйесін қайта жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қабылдауға, ауыл шаруашылығы саласын қолжетімді несиелеуге, әділ және тиімді тарифтік саясатқа, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, білікті кадрлар даярлауға, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Мемлекет басшысы қоғамды толғандыратын бірқатар өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Олардың қатарында интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғалары, әскердегі тәртіп, есірткі бизнесімен күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің жетілмегендігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттік бақылаудың шектен тыс болуы және т.б. мәселелер бар.
Жалпы, Жолдау көптеген өзекті мәселелерді шешуге және еліміздің стратегиялық даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.
«ANYQ.KZ-ақпарат».