Шымкентте ерекше жандар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды

Қазан айының соңғы жексенбісі – елімізде әлеуметтік сала қызметкерлері күні ретінде атап өтіледі. Осы айтулы күнге орай, Шымкент қаласының Арбат алаңында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен мүгедектігі бар азаматтардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарының ерекше көрмесі өтті.

Көрмеде арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар – мүгедектігі бар қарттар мен балалардың әлеуметтік қызметкерлермен бірлесіп жасаған туындылары қойылды. Түрлі-түсті, қарапайым заттардан жасалған, ерекше қолөнер бұйымдары көрмеге келген көпшіліктің көзін қызықтырды. Қала тұрғындары кілемдер, қолдан жасалған әшекей бұйымдар, ағаш пен керамикалық ыдыстар, күміс пен тастан жасалған заманауи әшекейлер және ойыншықтарды тамашалап, үлкен қызығушылық танытты.

– Әлеуметтік қызметкер болу – жай ғана кәсіп емес, ол адам жанына үңіле алатын, жүрегі мейірімге толы жандардың мамандығы. Олар қарттарға қолдау көрсетіп, ерекше жандарға қамқорлық жасайтын бағасы өлшеусіз көмекшілер. Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлер күні ретінде аталып өтеді. Осы мерекені жоғары деңгейде атап өту мақсатында бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз. Қалада 17 орталық бар, сол орталықтардағы қызмет алушыларымыздың еңбектерін қала тұрғындарына таныстыруды жөн көрдік, – деді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 17 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 2000-ға жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға денсаулығын қалпына келтіруге, еңбекке бейімделуге және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Шымкенттегі әлеуметтік орталықтардың жұмысы бүгінде басқа өңірлерге үлгі болуда.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin