Шымкент қаласы бойынша 152 жеке және 9 мемлекеттік сот орындаушы қызметтерін атқаруда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Исабеков Мейіржан Нұржанұлы баяндады.
2024 жылдың 1 жартыжылдығында олардың орындауында болған 457 617 атқарушылық құжат бойынша 563 млрд. 639 млн. теңгеден астам сома өндірілуге жататын. Оның ішінен 110 171 өндіріс 81 млрд аяқталған.
Заңнамада мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттері нақты белгіленгендіктен, өндірістердің басым бөлігі – 99% — жеке сот орындаушыларының орындауына түскен.
«Орындалуға жататын талаптарға тоқталатын болсақ, өткен жылы жалпы өндірістегі құжаттардың ішінен 218 944 іс — мемлекет кірісіне мәжбүрлеп өндірілетін ақша сомалары (айыппұлдар, салық қарыздары және т.б.). Сонымен қатар, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, үйден (жайдан) мәжбүрлеп шығару, басқа да мүліктік емес сипаттағы жалпы 302 атқару құжаты орындауда болып, 86 бойынша өндірістер аяқталған, қалдықта 216 құжат орындалуға жатады»,-деді Мейіржан Нұржанұлы.
Айта кетейік, жыл басынан алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 15 921 іс орындауда болып, 1 494-сі бойынша өндірістер аяқталған, 13 777 құжат қалдықта қалған. Сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес 624 алимент борышкерлеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқтатылған.
Сонымен қатар, жалпы сот орындаушыларының істері бойынша 159 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде алимент төлеу міндеттерін орындамаған — 82 азамат. Алимент бойынша 32 борышкерге қатысты 5 тәулікке дейін қамаққа алу, 50-не — 5 АЕК мөлшерінде (17 250 теңге) айыппұл салынды.
Сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталығының бірлескен шаралары нәтижесінде 241 алимент төлеуші жұмысқа орналастырылып, алиментті жалақаларынан өндіруге мүмкіндік пайда болған.