Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков “Beeline Қазақстан” компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадинмен кездесті. Кездесу барысында қала аумағындағы байланыс пен интернет сапасын жақсарту жолдарын талқылады.
“Beeline Қазақстан” басшылығы байланыс проблемалары туындаған орындарды азайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Өткен жылы компания қалада байланыс сапасын жақсарту мақсатында 1,1 млрд. теңгенің қаражатын инвестициялады. Биыл модернизация жұмыстарына 3,3 млрд. теңге бағытталады. Бірінші жартыжылдықта 70 станция жаңғыртылады, сондай-ақ 27 жаңа базалық станция орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, кездесу барысында гүлзарларда, саябақтарда және халық көп шоғырланатын басқа да орындарда тегін интернет нүктелерін орнату мүмкіндігін талқылады.
Тілге тиек етейік, Шымкент қаласында мобильді байланыс пен интернетпен қамту бағытында 3 компания белсенді жұмыс атқаруда. Олар – «Kcell» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС және «МобайлТелекомСервис» ЖШС-і. Аталған компаниялар арқылы қала аумағына 1200-ден астам базалық станция орнатылған.
Қала аумағындағы мобильді байланыс және интернет сапасын жақсарту мақсатында 2023 жылы бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 5-G технологиясымен 126, 4-G технологиясымен 102 базалық станция орнатылып, 96 базалық станция модернизациядан өтті. Орнатылған базалық станциялардың қуаттылығының жетіспеушілігіне орай, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 46 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді.
Қала тұрғындарына интернеттің қолжетімділігін арттыру бойынша талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жүргізілген. 2023 жылы қалада 20 елді мекенге осындай желіні тарту жоспары енгізілген болатын. 2023 жылдың желтоқсан айында 16 елді мекенге желі тарту жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ пен Бозарық саяжайы, Нұршуақ, Бозарық шағынауданының жаңақұрылысы, Ынтымақ-1,2, Оңтүстік, Самал-1, Кіші Самал, 112 орам, Карл-Маркс, Тассай, Тараз, Шапағат, Асар-2 және Мирас шағынаудандары талшықты оптикалық желімен қамтылған. Қалған 4 елді мекенде желі тарту үшін қажетті құрал-жабдықтарды монтаждау жұмысы атқарылды.
Жыл соңында 300 мыңнан астам қала тұрғыны оптикалық желінің игілігін көрді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.