Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес өткен жылдың маусым айында «iKomek 109» орталығы ашылған болатын.
Ашылған уақыттан бүгінгі күнге дейін «iKomek 109» орталығына қала тұрғындарынан 81 606 сұрақ пен арыз-шағымдар келіп түскен. Оның ішінде 80 284 өтініш орындалды. Қалған өтініштер бойынша жауапты мекеме мамандары мен орталық қызметкерлері жұмыс істеуде.
Атап айтар болсақ, төлем жүйесі бойынша 13 882, қоғамдық көлік мәселелері 9455, атаулы әлеуметтік көмек бойынша 3064, жарық, су, газ мәселелерін қоса алғанда 14 000-нан аса сұрақ түскен. Барлығына мамандар сол мезетте жауап беріп, тұрғындар өтініші қанағаттандырылуда.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 189 ашық кұдық жабылды, 1300 үйден қоқыс шығарылды, 156 ауланың жарық шамдары жөнделіп, қайта жағылды, сонымен бірге 379 ағашқа санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілді.
@ikomek109.shymkent инстаграм парақшада атқарылған жұмыстар бойынша «дейін-кейін» айдарын жүргізіп, апаттық жағдайлар мен ескертулер бойынша ақпарат берілуде.
Бүгінгі таңда iKomek орталығында 49 маман жұмыс жасайды. Біліктілігін арттыру мақсатында олардан сынақ алынып, оқытудан өткізіліп жатыр.
Орталыққа хабарласу түрлері:
- Бірыңғай ТЕГІН 109 нөміріне хабарласу;
- +7 77 77 109 109 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберу;
- Instagram желісінің @ikomek109.shymkent парақшасында жекеге жазу;
- Facebook желісінің IKomek Shymkent парақшасында жекеге жазу.
«ANYQ.KZ-ақпарат»