Шымкент: Алғашқы ашылған екі жайлы мектепте сабақ оқытылуда

Шымкентте алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті. “Нұршуақ” шағынауданындағы 2000 орындық жаңа білім беру мекемесіне 1130 оқушы қабылданды. Ал, “Қарабастау” тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алып жатыр. Айта кетейік, жайлы мектептердегі сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталды.

Заманауи мектептерде бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалары және робототехника сыныптарымен жабдықталған.

Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары да бар. Мұнда балалар өзара еркін араласып, қызығушылықтарын дамыта алады.

Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 қолайлы мектеп ашу жоспарланған.

 Еске салайық, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде апатты және үш ауысымды мектеп пен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс» — деген болатын.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin