Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығында белгілі ақын, халықаралық және республикалық мүшәйралардың жүлдегері, М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың және республикалық «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ақын Бақытжан Алдиярдың «Қолтаңба» атты шығармашылық кеші өтті.
Іс-шара Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтау хатын табыстады.
Шара барысында ақынның соңғы жылдары жазған өлеңдері мен оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім, деп жыр жазған ақынның мерейтойында кештің тізгінін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Беделханұлы ұстап, Бақытжан Алдиярдың шығармашылығы туралы терең мазмұнды әңгімелер қозғады.
Кешке Ханбибі Есенқарақызы, Ұлықбек Есдәулет, Момбек Әбдәкімұлы, Жарас Сәрсек, Жанарбек Әшімжан, Ерлан Жүніс, Дәулеткерей Кәпұлы сынды қазақ әдебиетінің тарландары қатысып, ақынға деген өз құттықтауларын білдіріп құрмет көрсетті. Шараға «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Яссы» би ансамблі мен өнерпаздары өнер көрсетті.
Кеш әдемі әзіл мен поэзия сағынған жұртшылықтың ыстық лебізіне көмкерілді.
Бақытжан Алдиярдың поэзиясы ешкімге жалтақтамаған, ешкімге бас имеген өр өлеңдерден тұрады. Оның өлеңдерінен терең мұң, еркіндік сезіледі.
«ANYQ.KZ-ақпарат»