Қаратау ауданына қарасты, 10 мың тұрғыны бар Бозарық тұрғын алабына табиғи газ берілді. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаның құрылысы 2023 жылы басталып, қала әкімінің қатысуымен абоненттерге алғаш рет газ жеткізілді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бозарық тұрғындарымен кездесуде газдандыру кез-келген қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Әкім сондай-ақ, табиғи газдың қаланың экологиясын жақсартуға қосатын үлесін атап өтіп, тұрғындарға оны пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Қазіргі уақытта газдандырудың екінші кезеңі аясында шамамен 700 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең аяқталғаннан кейін қосымша 700-ден астам отбасы газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жыл соңына қарай Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын да көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жалпы газ жүйесінің ұзындығы 11,1 км, абонент саны 627 үй.
Аудан тұрғындарының талап-тілектерін тыңдаған қала әкімі жылдың соңына дейін шаһарда газбен қамтылу 100 пайызға жететінін мәлімдеді.
Газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на өтініш білдіріп, құжаттарды тапсыруы қажет.
«ANYQ.KZ-ақпарат»