Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан арылту керектігін күн тәртібіне қойған еді.
Заңсыз ойын бизнесі – бұл мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатын нашарлатып, жастардың болашағына балта шабатын, әлеуметтік қақтығыстарға апаратын көлеңкелі экономиканың бір бөлігі. Осы ретте Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Санат Кулбаев 2024 жылдың 9 айындағы атқарған жұмыстарын баяндады.
— 2023 жылы 13 қылмыс, ал 2024 жылдың 9 айында 7 қылмыс анықталды. Анықталған 7 қылмыстың 5-і сот қарауына жолданып, айыптау үкімдері өз күшіне енген. Ал өткен жылғы 13 істің 10-ы сотқа жолданған болатын. 7 қылмыстық істің 4-і Instagram, TikTok желілерінде онлайн режимде ойнатылған. 2023 жылы 13 адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін сотталған, оның 10-ы бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған, 1 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылса, 1 тұлға әкімшілік айыппұл төлеген.
Ал, осы жылдың 9 айында 13 адам осы қылмысты жасағаны үшін сотталып, сотпен айыптау үкімдері шығыпты. Оның 4-іне бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, 9-на бас бостандығынан шектеу жазалары тағайындалған. Осы жылы қылмыстық істер аясында 18 ойын аппараттары, ноутбук пен компьютерлер, ойын карталары, фишкалар тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде танылған. Сот үкімдеріне сәйкес, компьютерлік техникалар мемлекет есебіне өткізілген, ал ойын аппараттары жойылған.
Айта кету керек, 2024 жылғы наурыздан бастап еліміздің азаматтары мен ел аумағында тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысудан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектеу қою туралы өтініш бере алады. Бұл қызметті қазіргі уақытта 110 мыңнан астам адам пайдаланған, бұл сан жастар мен оқушылар арасында лудоманияға қарсы күресте тиімді құрал ретінде қарастырылуда.
Сондай-ақ, қала аумағында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеулер енгізілді. Сыртқы (көрнекі) жарнамаға, көлік құралдарындағы жарнамаға, бұқаралық ақпарат құралдарында және кино, видео қызмет көрсету орындарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынған, — деді Санат Жұмабайұлы.
Заңсыз ойын бизнесімен күресуде азаматтардың белсенділігі де маңызды рөл атқарады. Департамент заңсыз тұрған ойын автоматтары туралы ақпарат жіберуге шақырады, бұл шаралар лудоманияның алдын алуда қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға көмектеседі. Әрбір азамат лудоманияның зиянды әсерінен балаларын қорғауда белсенділік танытуы тиіс. Егер сіздің тұратын немесе мекендейтін жерде заңсыз ойын аппараты болса, Департаменттің +7 (7252) 77-14-48 сенім телефонына хабарласуыңыз жеткілікті.