Шымкент қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының» қосымша корпусы шамамен 1939 жылы пайдалануға берілген. Биыл сәуір айында тозығы жеткен ғимарат сүріліп, орнына жаңа білім ошағының құрылысы басталды. Қалалық құрылыс басқармасының тарапынан жүргізілген жұмыстың арқасында нысанның құрылыс-монтаждау жұмысы 6 айда толық аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік қабылдау актісімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жаңа ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында медицина бөлмесі, оқу сыныптары, тәрбиешілер мен күзет қызметкерлерінің бөлмелері және кітапхана орналасқан. Ал, екінші қабатында жатақхана қарастырылған, мұнда 3-12 жас аралығындағы балалар оқу жылында тәулік бойы білім алады.
Қазіргі уақытта 70 балаға лайықталған негізгі ғимаратта 89 бала білім алуда. Ал, жаңа корпус ашылғаннан кейін қосымша 40 балаға арналған орын пайдалануға берілетін болады.
«ANYQ.KZ-ақпарат»