Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен аппараттық мәжіліс өтті. Мегаполис басшысы жиынды мемлекеттік қызметкерлерді адал жұмыс істеуге шақырып, «халыққа құрғақ уәде беруді тоқтатыңдар» деп ескерту жасаудан бастады.
Күн тәртібіне сәйкес қала әкімінің орынбасары С.Құранбек қоғамдық саяси ахуал туралы, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Дәрібаева мектепке дейінгі ұйымдардың жағдайы жөнінде, ал қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы М.Керімжанов көпқабатты жатақханалардың қазіргі ахуалы жайлы баяндама жасады. Сонымен қатар мәжілісте бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Қазіргі таңда білім саласында жүзеге асырылып жатқан ваучерлік қаржыландыру жүйесінің тиімділігі қалада айқын байқалып келеді. Аз уақыттың ішінде балабақша кезегінде тұрған 4 646 бала мектепке дейінгі ұйымға жолдама алды. Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Дәрібаеваның айтуынша, мұндай нәтижеге балабақшада тек аты-жөні тіркелген 4 мыңнан астам жағдайды анықтау арқылы қол жеткізілді. Ваучерлік жүйесі бойынша мектепке дейінгі ұйым баланың күнделікті келу қатысымын табельге тіркеп отырады. Ал айдың соңғы күні ата-аналар электрондық табельді растап, қол қояды. Ата-анаға ED24 қосымшасына хабарлама түскен соң ғана қаражат мектепке дейінгі ұйым шотқа аударылады. Осылайша, балабақша кезегінде тұрған балалар саны қысқарады. Жалпы, бұл жүйе ашықтықты қамтасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы М.Керімжанов көпқабатты жатақханаларда қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Сөзінше, бірқатар жатақхана әлі күнге дейін табиғи газға қосылмаған, әрі электр желілері ескірген. Салдарынан, тұрғындар әлі күнге дейін газ баллон тұтынып, қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Қазіргі таңда, басқарма тарапынан кейбір қауіпті үйлерді модернизациядан өткізу бойынша ұсыныс берілген.
Ғабит Сыздықбеков: «Біздің мақсатымыз – қауіпті жағдайдағы жатақханаларды толыққанды үй қатарына қосу. Зерделеу жұмыстарын мұқият жүргізу қажет. Егер кінә билікте болса, тұрғындарға айыппұл салуға болмайды. Керісінше, оларға дұрыс әрекет ету бойынша нұсқаулық беріп, көмектесуіміз қажет. Электр желілері тозған жатақханаларды тез арада модернизациядан өткізу бойынша жұмыс жүргізіңіздер», – деп атап көрсетті.
Сондай-ақ қала әкімі қаладағы жарнамалық тақтайшаларды бірыңғай дизайн кодқа сәйкес ретке келтіру үшін нақты алгоритм құру бойынша тапсырма берді. Сауда нүктелерінің иелеріне түсіндірме жұмысын жүргізу қажеттігі айтылды. Жарнамасы ескірген немесе жарығы істен шыққан жағдайда бір рет ескерту беріледі. Белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.
«ANYQ.KZ-ақпарат»