Шымкент: Наурыз мерекесіне орай халықаралық ақындар айтысы өтеді

Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жүрсіннің жүйріктері, Сәбиттің сәйгүліктері», «Наурыз, гүл көктем, жыл басы» халықаралық ақындар айтысы өтеді.


Аламан айтыс Шымкент қаласы әкімінің тікелей қолдауымен және қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастамасымен ұйымдастырылып отыр.

«Наурыз айтыс» халықаралық ақындар айтысы 2021 жылғы 19-20 наурыз күндері сағат 11.00-де «Түркістан» сарайында қазіргі жағдайдағы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.

Айтысқа еліміздің әр өңірінен жалпы 16 ақын қатысады. Бәсірелі бәсекеде Айбек Қалиев (Қостанай), Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Рауан Хайдаров (Нұр-Сұлтан), Бауыржан Шиірмедұлы (Батыс Қазақстан облысы), Құлмахан Дүйсенов (Өзбекстан), Қалижан Білдәш (Шымкент), Аруна Керімбек (Ақтөбе), Айбек Жеңісхазин (Шығыс Қазақстан облысы), Қажымұқан Абзалов (Шымкент), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Еркебұлан Қайназаров (Нұр-Сұлтан), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Аспанбек Шұғатаев (Солтүстік Қазақстан облысы), Қазірет Бердіхан (Алматы облысы), Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Төлеген Жаманов Қарағанды) сынды жыр дүлділдері бақ сынайды.

Қазылар алқасының құрамында Асанәлі Әшімов, Әселхан Қалыбекова, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Бауыржан Халиолла, Маржан Есжанова, Кәрима Оралова сынды зиялы қауым өкілдері бар.

Көрермендер саны әр күні 100 адамнан аспайды. «Наурыз айтыс»-тың жүлде қоры қомақты. Бас жүлде – 2 млн. теңге, 1 орын – 1 млн. теңге, 2 орын (2 ақын) – 500 мың теңге, 3 орын (2 ақын) – 300 мың теңгені құрайды.

Айта кетейік, «Наурыз айтыс» Шымкент қаласында 2004 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 

 «ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.