Шымкент: Нашақорлықтың және есірткі қылмысының алдын алу бойынша жастармен кездесу өтті

Шымкент қаласында жастар мен жасөспірімдерге нашақорлықтын алдын алуға бағытталған іс-шаралар өтуде. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер мүдделі мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп «Парасат» колледжінің студенттерімен кезекті кездесуін өткізді.
Мұндай кездесудің басты мақсаты – нашақорлықтың және есірткі қылмысының алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды сақтыққа шақыру болып табылады.
Тәрбиелік мәні бар кездесуде мамандар студенттерге есірткінің зияны, оның адамға алып келер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқталды. Есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетінін айтып, жастарға тура жол сілтеді.
Сондай-ақ өздерінің білімдері және тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.
Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Сонымен қатар қалалық полиция департаментінің қызметкерлері тұрақты түрде қала аумағындағы білім ошақтарында оқушылар мен студенттерге есірткінің зардабы, нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
Кезекті іс-шара Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде өткізілді. Кездесу барысында жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріліп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы атап көрсетілді.
Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу, есірткі жасыруға қатысқаны, есірткі заттарын насихаттағаны және жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертілді.
Аталған іс-шара Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде жалғасын тапты.
Аталған іс-шараға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, Психикалық денсаулық орталығының және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.
Дәріс барысында мамандар жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.
Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертілді.
Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin