Шымкент: Президент көмекшісі «Е-өтініш» жүйесін таныстырды

Бұл туралы Шымкент Келбеті Ресми Парақшасы хабарлайды.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының құқықтық негізі жасалды. Елімізде 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс атты маңызды құжат күшіне енеді. Сөйтіп, азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған арыз-өтініштері «е-Өтініш» базасына енгізіледі. Жаңа ақпараттық жүйе тұрғындардың өтінішіне құлақ аспай, арыздарға жүрдім-бардым қараған басшыларды дер кезінде анықтап, жауапқа тартуға мүмкіндік береді.

Бұл жөнінде Шымкент қаласындағы Көрме орталығында қоғам белсенділерімен кездескен ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова айтты.

Кездесуді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, жүргізіп отырды. Тамара Босымбекқызы жаңа Кодекс бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетінін айтты.

— Президент 2020 жылдың 29 маусымында қол қойған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биыл 1 шілдеде күшіне енеді. Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Оған сәйкес, халықтың арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына еніп, оның орындалу барысы жайлы мәліметтер осында жинақталады. Енді мемлекеттік орган өтінішті қараған кезде басқа органдар тарапынан қандай шешімдер қабылданғанын көре алады. Басты ұстаным – азаматтардың өтінішіне сапалы жауап беру, – деді Т.Дүйсенова.

Оның айтуынша, азаматтар «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын қадағалай алады. Және дәлелдер келтіріп, оларды зерделеуге қатысып, түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.

— Егер мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, одан жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар. Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни, ендігі жерде өтініш беруші өз талабының заңдылығын дәлелдеуге міндетті болмайды. Керісінше, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздеуі тиіс, — деді Президент көмекшісі.

Тұрғындардың өтініштері мен талаптарына немқұрайлы қарап, әуре-сарсаңға салған басшылар аталған кодексте көрсетілген тәртіппен жауапқа тартылады.

Айта кетейік, өтініштерді қарау мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылады.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.