![]()
Созақ ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Бұл жолы тағы 17 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алып, көптен күткен қоныс тойын атап өтті.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен жаңа қоныс иелері қатысты.
Аудан басшысы отбасыларды қуанышымен құттықтап, тұрғын үй құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда да бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
– Басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, әрбір отбасының жайлы баспанада өмір сүруіне жағдай жасау. Халық игілігіне бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Мұхит Сексенбайұлы.
Шарада спорт ардагері, ауданның Құрметті азаматы Анарбай Шәдібеков ақ батасын берді. Ал жаңа пәтер иелері көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.
Айта кетейік, Жеткіншек мөлтек ауданында өткен жылдың басынан бері барлығы 135 пәтер тұрғындар игілігіне берілді. Оның 102-сі жеке инвесторлардың қаржысына салынса, 16-сы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес ұйымдарының қолдауымен жаңғырту бағдарламасы аясында бой көтерді. Бүгін тапсырылған 17 пәтер де инвесторлардың қолдауымен салынған.
Бұдан бөлек, тағы 4 пәтер пайдалануға дайын, қазіргі таңда құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал 20 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар ұлттық компанияның еншілес ұйымдары демеушілік жасаған жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және баспанамен қамтамасыз ету қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Баспаналар азаматтардың мәртебесі, мұқтаждық деңгейі мен кезектегі орны ескеріле отырып бөлінеді.
Ауданда қолға алынған бұл бастамалар тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
