Шымкенттегі №23 мектеп-лицейінің директоры Жанар Тойлыбаева «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алған еді. Үздік педагогті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен марапаттаған болатын.
Жанар Тойлыбаева баспаларға берген сұқбатында қаламыздағы білім саласы, ұстаздар мен оқушылар жайлы өз ойымен бөлісті.
«Біздің мектеп 2022 жылы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекеме болып ауысты. Мұның тиімді тұсы сол, бұл білім сапасына оң әсер етеді. Мысалы, қаражатты дұрыс жұмсай отырып, үнемделген қаржыны мұғалімдерге сыйақы ретінде беруге мүмкіндік бар. Ал бұл өз кезегінде мұғалімдерге мотивация береді. Өзінің сабақ беру тәсілін одан сайын жетілдіруге, оқушыларды қызықтырудың сан түрлі тәсілін ойлап табуға септігін тигізеді. Міне, осыдан барып еңбек өнімділігі мен білім сапасы да қоса артып, нәтижесінде қызметкерлер де өздеріне тиесілі қаржылай марапаттарын алып отырады. Мұндай ынталандыратын дүниелер өте керек деп ойлаймын.
Бұл жерде «Тек қана сыйақы үшін жұмыс істейді екен» деген ой туындамаса да болады. Өйткені біздегі мұғалімдер – өз ісін өте сүйіп жасайтын білікті педагогтар. Бұл – олардың жан қалауымен таңдаған мамандықтары. Тек сыйақы үшін жұмыс істейтін мұғалім мен өз жұмысын сүйіп атқаратын мұғалімнің айырмашылығы бәрібір байқалып тұрады. Сондықтан бұл тұста мен өз қызметкерлеріммен мақтана алатындай дәрежедемін.
Біз жыл сайын мектептегі білім сапасына мониторинг жасап отырамыз. Яғни, мұғалімнің электрондық журналдағы білім сапасындағы көрсеткіші қандай, қаншаға көтерілді, барлығы баллдық жүйеде анықталып отырады. Әрбір алған балл – қаржылай сыйақының көтерілуіне себеп. Мұғалімнің жыл бойына алған мадақтамалары, Алғыс хаттары да міндетті түрде ескеріледі. Егер ол сынып жетекшісі болса, оған да мән береміз. Сынып жетекшісі ретіндегі жұмысының нәтижелілігі қандай, сыныптағы білім деңгейінен бөлек оқушылары қаншалықты ұйымшыл, буллинг орын алған жоқ па, ата-анамен жұмыс қалай жасалып жатыр, ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Мұның бәрі мұғалімдерді жоғары деңгейде жұмыс істеуге құлшындырады. Содан соң Жанар Тойлыбаева шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ауысудың тағы бір тиімді тұсы туралы атап өтті.
«Тиімді тұсы – ақылы сабақтар тағайындауға мүмкіндік бар. Мысалы, қазір не көп, балаға білім үйрететін ақылы курстар көп. Ал ондағы білім сапасы қаншалықты деңгейде, оны ешкім білмейді. Нарық заманы болған соң адамдар негізінен табыс табу мақсатында осындай жеке кәсіптер ашады. Жеке кәсіп болғаннан кейін төлейтін ақылары да жоғары. Ал біздегі ақылы сабақтардың ақысы өте қолжетімді, айына 6 мың теңгеден аспайды. Бұл үлгермей жатқан, жаңа тақырыпты меңгере алмай қалған, пән тақырыптары қиын түсіп жатқан балалар үшін де өте тиімді. Оқушыларымыз аптасына үш рет келіп, қосымша сабақ алады.
Бұл мұғалімдеріміз үшін де оңтайлы. Басқа жақтан қосымша жұмыс іздеп, қаланың бір басынан бір басына сабылып шаршамайды. Барлығы да осы мектептің ішінде. Мұғалімдерге қосымша еңбекақы, оқушыларға қосымша білім. Білім сапасындағы кемшілік неден туады? Баланың түсінбейтін тақырыптарының қордаланып кетуінен туады. Анау тақырыпты да, мынау тақырыпты да түсіне алмай, ақырында бала шаршап, қолын бір-ақ сілтейді. Соңында сабаққа мүлде зауқы соқпай, оқымайтын балалардың қатарына қосылып кетеді. Сол үшін де қосымша сабақтардың болғаны өте дұрыс»,-дейді ол.
Айта кетейік, Жанар Тойлыбаеваның өзі қаламыздағы ұстаздар әулетінде өскен. Қаладағы мектепке дейінгі, мектепте және мектептен тыс мекемелер мен колледждерде барлығы 30 362 педагог жұмыс істейді, оның 75,8 пайызы әйелдер, 24,2 пайызы ерлер. 115-і зейнеткерлік жасқа жеткен тәжірибелі ұстаздар болса, 7423-і жас мамандар. Олардың әрқайсысы өз мамандығының шыңына жетуге ұмтылып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне күн сайын күш-қуаты мен білімін сарп етіп келеді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»