Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Исабеков Мейіржан Нұржанұлы айтты.
Әлеуметтік маңызы бар істердің санатына, осы таңдағы өзекті мәселелердің бірі — алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттар жатады.
Сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанмен, оны орындайтындар аз. Сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес 624 алимент борышкерлеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқтатылған.
Сонымен қатар, жалпы сот орындаушыларының істері бойынша 159 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде алимент төлеу міндеттерін орындамаған — 82 азамат. Алимент бойынша 32 борышкерге қатысты 5 тәулікке дейін қамаққа алу, 50-не — 5 АЕК мөлшерінде (17 250 теңге) айыппұл салынды.
Сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталығының бірлескен шаралары нәтижесінде 241 алимент төлеуші жұмысқа орналастырылып, алиментті жалақаларынан өндіруге мүмкіндік пайда болған.
Өкінішке орай, кейбір азаматтар ұсынылған жұмысқа тұрмай, алиментті төлеуден жалтаруды жалғастырған фактілері де орын алған. Осы орайда, сот орындаушыларының өндіріп алушылардың өтініштерімен полиция органдарына жолдаған материалдары бойынша жалпы 18 қылмыстық іс сотқа өтіп, 11-не қатысты айыптау үкімдері шыққан.
«Жыл басынан алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 15 921 іс орындауда болып, 1 494-сі бойынша өндірістер аяқталған, 13 777 құжат қалдықта»,- дейді Исабеков Мейіржан Нұржанұлы.
Айта кетерлігі, осы санаттағы істермен айналысатын 5 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде.
Орындау барысындағы істердің ішінен 50%, яғни, 5 124 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр.
Сонымен қатар, үш айдан асатын мерзім ішінде өндірілмей жатқан «проблемалы» алименттік өндірістердің саны 710. Олар бойынша жалпы 1 млрд теңгеге қарыз қалыптасқан. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеудің негізгі себептерінің бірі — борышкердің тұрғылықты мекенжайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы.