Шалғайдағы шағын аудандардың инфрақұрылымын басты назарға қойған Мұрат Әйтенов инженерлік инфрақұрылым мәселелері бойынша мәжіліс өткізді. Бұл жөнінде қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент қаласы бойынша 53 шағын аудан шалғайда орналасқан. Бүгінде бұл аймақтарда инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Мәселен, Тұран, Батыс, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан, Асар-2 шағын аудандарын сапалы ауызсумен қамту бойынша бюджеттен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда.
Жыл соңына дейін Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке — 20 жыл, Көкбұлақ, Абдулабад, Өтеміс, Базарқақпа шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар ауызсуға қол жеткізеді.
Бұдан бөлек, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының міндетін атқарушы Н.Жаманкөз 2025 жылға дейін шаһардағы 41 шағын ауданға сапалы электр қуаты тартылатынын жеткізді. «Биыл 12 нысанға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Жыл соңына дейін 7 нысанның құрылысы аяқталып, 14 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылады» — деді ол.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.