Шымкент: Шомылуға тыйым салынған 13 орын белгіленді

Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша баспасөз мәжілісін өткізді. Нұржан Нұрханұлы атқарылған жұмыстар, қауіпсіздік талаптары мен ережелерін түсіндіріп, алдағы іс-шараларды баяндады.

Жыл басынан бері қаладағы су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген.

Сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 224 рет рейдтік іс-шаралар жүргізілді (7582 адам қамтылды). 2024 жылғы шомылу маусымы кезінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаулысы негізінде жоспар бекітілді. Қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. Бұқаралық ақпараттық құралдары және әлеуметтік желілерде, адамдар көп шоғырланатын орындарда LED экрандар арқылы «Судағы қауіпсіздік шаралары» бойынша бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылуда және шомылу маусымы басталғанда тұрғындардың мобильді телефондарына 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жолданады, – дейді Нұржан Нұрханұлы.

2024 жылы Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы шомылу маусымын тиісті деңгейде өткізу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлерімен рейдтік іс-шараларды жүргізіп, су айдындарында шомылуға тыйым салынған орындарда қараусыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту, балаларды жүзуге үйретуді пысықтау жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жазатайым оқиғаларды азайту, сондай-ақ шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бағытында Департамент жергілікті атқарушы органдарымен, волонтерлермен бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын өткізуді жалғастырады.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin