Шілде айынан бастап Шымкентте OPEN AIR форматындағы концерттік шаралар қала тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен мереке мен қуанышқа айналды. Бұл шара 8 түрлі мәдениет үйінде ұйымдастырылды.Оның ішінде Сайрам тұрғын алабындағы өнерпаздар ордасы да бар. Мұнда «Шымкент концерт» ұжымының өнерпаздары қалың жұртшылықты көтеріңкі көңіл-күймен қуантты.
Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізіліп жатқан бұл жоба қаладағы шалғай аудандарды да қамтуды көздеген. Әр сенбі сайын өтетін мұндай кештер қала тұрғындарының сүйікті демалысына айналып, мәдениет пен өнерді бағалауға шақырады. «Шымқала кештері» жобасы арқылы заманауи өнер, музыка, спорт және шығармашылық бір алаңда тоғысып, қаланың мәдени өмірін байытуды мақсат етеді.
Жобаның тағы бір маңызды аспектісі – тұрғындардың әлеуметтік байланыстарын нығайту, сондай-ақ отбасылық және достық қарым-қатынасты арттыру. Кештер жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, адамдар арасындағы араласуды да дамытады. Мұндай шаралар тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланың мәдениетін жаңа деңгейге көтереді.
«Шымқала кештері» қаланың шалғай аудандарында өтіп, онда шымкенттік шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында «Шымкент — Цирк», «Шымкент концерт» концерттік ұйымы, «Шымкент қалалық әзіл-ысқақ және сатира театры», «Шымкент қалалық орыс драма театры» және «Шымкент қалалық қуыршақ театры» өнерпаздары бар. Бұл мәдени шаралар шымкенттіктерге тек жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қаланың мәдениетінің дамуына да зор үлес қосуда.
«ANYQ.KZ-ақпарат»