«Шымкент-цирк» алғаш рет аңдарсыз жаңа қойылым көрсетті

 «Шымкент-циркте» аңдарсыз жаңа бағдарлама қолға алынды. Карантин режиміне байланысты ұзақ уақыт бойы онлайн жұмыс жасаған цирк өз көрермендеріне қайта есігін ашты.


«Шымкент-циркі» заман талабына сай, әлемдік бренд «Cirque du Soleil» циркінің бағытында, соның элементтерін пайдалана отырып, алғаш рет аңдарсыз жаңа қойылым көрсетті. 

Расымен, бұл жолы эксклюзив болды. Қойылым «аңдарсыз» өтті. Бағдарламада цирктің ең таңдаулы әртістері өнер көрсетті.
Қызықты қойылымда – әртістердің әуеде ұшуы, батылдық шеңберінде сақтандырусыз өнер көрсететін акробаттар, жас әртістердің дебюттік нөмірлері, клоундардың күлкіге толы жаңа репризалары (қысқаша әзіл нөмір), т.б бар.

Цирк өнерін сағынған қала тұрғындарының назарына «Shymkent circus NEW» жаңа бағдарламасы ұсынылды. Оған аңдармен жаттығу нөмірлері енгізілмегені алдын хабарланған болатын. Жануарларсыз да цирк сиқырын көруге болады екен. Бұл жолы балет топтары күшейтіліп, безендіруге баса назар аударылыпты. Залдың бірнеше тұсында LED-экран орнатылыпты.
Көрермендер күмбездің үстінен гимнасттың әуеде қалай қалықтағанын қыбыр етпей бақылап отырды. «Әуе торы» нөмірін Н. Ефименко,
А.Стаценко, Л. Юсупова, С. Өскенбекова дайындапты. Үлкен ағашаяқтарда (ходуля) сальто жасаған акробат, жонглер С.Анарбеков, қос бірдей қара күштің иесі – Ш. Сураншиев және К. Мамедовтің мықты жұбына тоқтаусыз қол шапалақтады. И.Рахманқұлов шарғыларда (катушка) тепе-теңдікті сақтау қаншалықты қиын екенін көрсетті. Н. С. Ефименконың қызып тұрған хула-хупада көрсеткен нөмірін көргенде бәріміз де демімізді ішке тартып, демалмай отырдық.
Келушілер Е.Игенбеков, У. Медешов және И. Алиевтің орындауындағы «Мачта» нөмірін, О. Касаткин, А. Мақаш, С. Яркин және басқалар дайындаған «Әуеде ұшу» нөмірін жоғары бағалады. «Серіппелі тақтайлар» қойылымы да шымкенттіктердің есінде ұзақ уақытқа сақталары сөзсіз. Бұл нөмірді С. Мұстафин және бір топ жас әртістер дайындады. 
«Шымкент-циркі» – әлемдегі ең жас цирктердің бірі. Мекеме биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Өнер ұжымы 2021 жылды аңдарды пайдаланудан бас тартуға бағытталған «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасымен бастап отыр. Ендігі кезекте клоунада және шапито, джигитовка, жонглерлік ету және эквилибристика, әуе гимнастикасы сияқты бағыттарды дамытпақ. Сондай-ақ, мекемені одан әрі абаттандыру, кадрлар дайындау сынды мәселелер де қолға алынуда… Шығармашылық ұжым Наурыз мерекесіне орай Cirque du Soleil циркінің үздік жобаларымен әзірленген, халқымыздың ұлттық құнары сезілетін, одан да қызықты және жарқын бағдарлама ұсынуға уәде берді.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.