![](https://anyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/хаб.png)
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласындағы филиалының қайта даярлау курсының тыңдаушылары үшін көшпелі дәріс ұйымдастырылды. Сабақты Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов жүргізді.
Дәріс «Shymkent HUB» технологиялық паркінде өтті. Бұл алаң инновацияларды қолдауға, стартаптарды дамытуға және цифрлық кәсіпкерлікті жетілдіруге бағытталған. Тыңдаушылар мемлекеттік басқарудағы технологиялық шешімдерді тиімді пайдалану, цифрлық құзыреттілікті арттыру бойынша білімдерін толықтырды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, заманауи басқару әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.
Сабақ барысында өңірдегі цифрлық саясат, оның ішінде жасанды интеллектінің маңызы сөз болды. Мұхит Абуталипұлының айтуынша, Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды экономикадан бастап, тұрмыстық өмір мен мемлекеттік басқаруға дейін кеңінен енгізу туралы тапсырма берген. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Дәрістен кейін қатысушылармен пікірталас ұйымдастырылып, кері байланыс орнатылды. Бұған дейін «Shymkent HUB» технологиялық паркінде 70-тен астам іс-шара өткізілсе, оның 10-ы жасанды интеллектіні оқытуға арналған. Сондай-ақ, Шымкент әкімдігі қызметкерлері мен 40-тан астам мектеп директоры және пән мұғалімдері осы бағытта оқытылды.
«Shymkent HUB» технологиялық паркінде жасанды интеллектіні үйретуге арналған арнайы платформа бар. Оқу курсына тіркелгендер алғашқы күндері оффлайн форматта оқып, кейін онлайн жалғастырып, ақысыз сертификат ала алады. Бағдарлама тыңдаушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына қарай бейімделген.
Көшпелі дәріске 25 мемлекеттік қызметші қатысты. Олар цифрлық технологияларды басқару саласында қолданудың жаңа мүмкіндіктерімен танысып, өз салаларында инновацияларды енгізу бойынша тәжірибе жинақтады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.