Шымкент: Қала басшысы білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылады

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар білім беру мекемелерін аралап, жүргізіліп жатқан жөндеу және абаттандыру жұмыстарын бағалады. Қаратау ауданындағы А.Сейдімбек атындағы №80 IT мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы қанағаттанарлықсыз деп танылып, мердігерге бір апта ішінде барлық кемшіліктерді жою тапсырылды.

Әрі қарай Әл-Фараби ауданындағы М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназияда және М.Тасова атындағы №3 мектеп-интернатында жөндеу жұмыстары тексерілді. Қабырғаларды бояу мен аумақты абаттандыру бойынша ескертулер айтылды, сондай-ақ мектептерді көгалдандыру мен жарықтандыру мәселесіне көңіл бөлу қажеттігі тапсырылды.

Тұран ауданындағы №48 орта мектепте ішкі әрлеу жұмыстарының сапасы төмен деп бағаланып, мердігерге тез арада түзету тапсырылды. Сонымен қатар, мектеп директорларына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дабыл түймелері мен бейнебақылау камераларын орнатуды қолға алу ұсынылды.

Қала әкімі аралау соңында теміржол вокзалы аумағы мен орталық көшелердің санитарлық жағдайымен танысып, аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына көше жарығын және тазалығын қадағалауды күшейтуді тапсырды.

Бүгінгі таңда қаладағы мектеп саны 275 құрап отыр (мемлекеттік 150, жекеменшік — 125). Ондағы білім алушылар саны 259 173. Оның ішінде мемлекеттік мектепте 206 286 оқушы (79,6%), жекеменшік білім ордаларында 52 887 оқушы (20,4%) білім алуда.
Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты мектептердегі білім алушылардың 2023-2024 оқу жылындағы білім сапасы жалпы 56,8%-ды құрады. Бұл көрсеткіш Республика деңгейінде жетінші орынды көрсетеді. 2022-2023 оқу жылында 56,2% болған, 0,6%-ға артып отыр. (Негіздеме: «Күнделік. kz» электронды журналы).
Бүгінгі таңда қалада үш ауысымда білім беретін мектеп жоқ.
2024 жылдың сәуір айында 1 мектеп ғимараты техникалық сараптама қорытындысы негізінде аппатты деп танылды. Бүгінгі таңда мектеп ғимаратына қосымша зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin