
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ғасыр жасаған ардақты аналарды туған күндерімен және Халықаралық әйелдер күнімен арнайы құттықтады. Бұл жандар – тарихтың тірі куәгерлері, төзімділік пен даналықтың, отбасыға деген адалдықтың символы.
Шаһар басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері, ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Нина Егоровна Мосунованы арнайы құттықтады. Ол 101 жасқа толады. Әкім оған Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс білдірді.
Әкім сондай-ақ көпбалалы, ұрпақ тәрбиесінде өлшеусіз еңбек сіңірген аналарға да ізет көрсетті:
- 103 жастағы Тоты Досова – «Алтын алқа» иегері, 35 немере, 80 шөбере, 13 шөпшек тәрбиелеген батыр ана.
- 102 жастағы Айымкүл Орынбаева – 32 немере, 132 шөбере, 35 шөпшек сүйіп отырған көпбалалы әже.
- 100 жастағы Әлия Үсенова – «Алтын алқа» иегері, 30 немере, 9 шөбере тәрбиелеп, ұрпағына өнеге болып отырған ардақты ана.
Қала әкімі ғасыр жасаған аналарымызға жас ұрпаққа берген тәрбиесі мен қоғам дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғысын білдірді. Ол аналарға зор денсаулық, шаттық пен амандық тіледі.
“Ұрпақтар сабақтастығын сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз. Себебі, аға буын бізге дәстүрді, отбасылық құндылықтарды және баға жетпес өмірлік тәжірибені аманат етеді”, – деді қала басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.