Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық фестивалінде Қырғыз Мемлекеттік «Учур» жастар театры көрермендерге Шыңғыс Айтматовтың атақты «Бетпе-бет» шығармасын ұсынды. Режиссер Шамиль Дыйканбаевтің жетекшілігімен сахналанған бұл қойылымда Сейде мен Исмаил бейнесі арқылы соғыс пен аштық жылдарындағы қайғылы тағдырлар терең тебіреніспен жеткізілді.
Айтматовтың «Бетпе-бет» романынан сахналанған туынды көрермендерді соғыс зұлматынан зардап шеккен бейбіт адамдардың өмірімен таныстырып, олардың ауыр сынақтар алдындағы жан күйзелістерін көз алдына келтірді. Қойылымда махаббат пен сатқындық, адамгершілік пен тұрмыстың қатал шындығы ғашық жандардың қайсарлығын шебер жеткізді. Шынайы, жүректі тербетер өнер бұл кеште көрерменді толқытып, көздеріне жас үйірді.
Қырғызстанның жас театры «Учур» Қазақстанда өткен мәдени іс-шараларда бұған дейін де өнер көрсетіп, 1-орынға ие болған еді. 2021 жылы құрылған бұл өнер ұжымы бүгінгі күні халықаралық деңгейде танылып келеді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»