Шымкент қаласы: Қандастар жаңа кәсіп меңгеріп, тұрақты жұмысқа орналасып жатыр

Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» 2024 жылы қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне бағытталған жұмыстарын жалғастырды.

Орталық елге оралған қандастарға құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетіп, құжаттарды рәсімдеу, қазақ және орыс тілдерін оқыту, Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен заңнамасы туралы ақпарат беру бойынша қызметтер ұсынды. Қандастардың жергілікті ортаға бейімделуін жеңілдету мақсатында ұлттық дәстүрлерге баулу іс-шаралары ұйымдастырылып, театр, музей, концерттік бағдарламалар мен тарихи орындарға экскурсиялар өткізілді.

2024 жылы орталықта 31 отбасы (80 адам) уақытша қоныстанды. Олардың бірқатары кәсіптік оқытудан өтіп, жаңа мамандықтарды игерді. Бір қандас Еңбек мобильділігі орталығы арқылы пішуші-тігінші мамандығын меңгеріп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін үйренді.

Қандастардың жаңа кәсіпке бейімделуіне «Бақытты жанұя» орталығы зор үлес қосты. Бұл орталық арқылы 11 қыз-келіншек аспаз, шаштараз, тігінші сынды мамандықтарды меңгеріп, арнайы сертификаттарға ие болды және тұрақты жұмыспен қамтылды.

Орталық 42 қандасқа азаматтық алу, әлеуметтік жәрдемақыларға өтініш беру және көші-қон квотасына ену бойынша заңгерлік кеңес берді. Алдағы уақытта қандастардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсету жалғасады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin